«Рахмет» жоғары лигаға жолдама алды

Бүгінде өнерлі жастардың басын қосқан «Жайдарман» әзілқойлар мен тапқырлар сайысы жастардың сүйіп көретін әзіл алаңына айналды. «Жайдарман» – қазіргі таңда телеарна арқылы көрсетіліп, көптің ықыласына бөленіп жүрген ерекше жобалардың бірі.
Осы жобада Абай ауданының намысын қорғап жүрген «Рахмет» жайдарман тобы Астана қаласында өткен «Маусымашар-2017» ойынына барып келді.
Қазақстанның түкпір түкпірінен келген 226 команда өз бақтарын осы ойында сынады. Екі кезеңнен тұратын ойын қорытындысы бойынша 226 топтың ішінен 60 команда сұрыпталып, тікелей түсірілімдік ойынға жолдама алды. Төрт күндік гала концертте біздің жігіттер өздерінің осал еместігін көрсете білді. «Қазақстан» ұлттық телеарнасы түсіретін бұл ойынға жету – талай жайдарманшының арманы. Еңбек пен алға қойған мақсатқа жете білу, міне, осы таптырмайтын қару деп біледі команда мүшелері.
Сонымен қатар, маусымашар нәтижесі бойынша жүзге жуық команда орталық лигаларға бөлінсе, қырыққа жуық команда Алматы ашық лигасына жолдама алды, тағы да елуге жуық команда телевизиялық түсірілімі бар Астана қаласында өтетін Премьер-лигаға жолдама алды. Еліміздің ең беделді 20 командасы республикалық жоғары лига мүшелері атанды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған командалар ғана бақтарын сынайтын бұл лигада «Рахмет» құрамасы да бар. Команда үшін бұл бірнеше жылдың жемісін көруге, демеушілердің және халықтың сенімін ақтауға таптырмайтын мүмкіндік болып отыр.
Арман Марқа