Білім

«Рахаттың» үздік тәрбиешісі кім?

«Рахаттың» үздік тәрбиешісі кім?


Өскемендегі «Рахат» балабақшасында тәрбиешілер сайысы өтті. Бұл байқауға сегіз қырлы, бір сырлы тәрбиешілер қатысты.

Әлбетте, сайыс болған соң қатысушылар бар өнерлерін ортаға салуға тырысты. Бірі әзіл айтып, көрерменді күлкіге бөлесе, енді бірі мағыналы монолог оқып терең ой салды. Шара барысында ән де айтылды, би де биленді, тіпті театрландырылған қойылым да көрсетілді. Әсіресе тәрбиешілер өз тобындағы бүлдіршіндерімен бірге көрсеткен өнерлері әсерлі еді.

Байқау болған соң, жүлделі үш орынның белгіленуі – заңдылық. Сайысқа сайланған қазылардың шешімімен «Балдырған» тобының тәрбиешісі бас жүлдені жеңіп алып, Арайлым Амангелдіқызы жылдың үздік тәрбиешісі атанды. Ол өзін-өзі таныстыруда көрерменді бірден өзіне баурап алды. Құйқылжыта ән айтты, мың бұрала би биледі. Қолөнерге де икемі бар екен.

Сайыстың шарты осы еді. Қатысушылардың ішінен үздігін таңдау. Әйтпесе, өзге қатысушылар да өнерден құралақан емес. Әсіресе «Балғын» тобының тәрбиешісі Жазира Түсіпбекқызының актерлік шеберлігі көпшілікті тәнті етті. Сондай-ақ байқауға Саида Ошақбаева, Арайлым Асенова, Анар Жеңісханова да белсене қатысты. Байқауға қатысушылармен бірге кішкентай бүлдіршіндерден құралған «Аралар», «Айсәуле», «Балбұлақ» би топтары да өз өнерлерін ортаға салып, сахна көрігін қыздырды.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button