«Радуга» көктемгі науқанға дайын
«Радуга» шаруа қожалығының иесі Геннадий Шуцкий – өңірге кең танымал, шаруашылығы жыл сайын егістіктен мол өнім алып келе жатқан азамат. Көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға көмектесіп, ауданда өтетін іс-шараларға демеуші болып жүретін бұл жігітпен жолығып, өзі талай жыл иелік етіп келе жатқан шаруашылығы, көктемгі егісге дайындығы жөнінде әңгімелестік.
– Ата-анам – өткен ғасырдың басынан бері Тарбағатай өңірін мекендеп келе жатқан адамдар. Осы өлкеде шаңырақ көтеріп, балаларын жеткізді, – дейді Геннадий Васильевич. – Әкем кеңес өкіметі тұсында аудандағы «Красные горные орлы» колхозында ұзақ жыл комбайншы болды. 1999 жылы осы қожалықты құрып, «Радуга» деп атады. Содан бері қожалық көптеген қиындықтан өтіп, өркендеп келеді.
Геннадий Новопокровка техникумын бітірген, мамандығы – инженер-механик. Дегенмен, шаруамды алға бастырам деп, агроном-зоотехник мамандығын да меңгерді. Шаруашылығындағы бұл жұмыстарды да өзі атқарады. Кейінгі жылдары қожалығының табысы артып, алдыңғы қатарға шықты. Содан болар, айналасындағы шаруасы шатқаяқтаған 22 қожалық оған қосылды. Қазір шаруашылығы үлкейіп, біраз адамға жұмыс беріп отыр.
– 2003 жылы қожалығымызға ағам Виктор Шуцкий жетекшілік еткен. Кейін ол мемлекеттік қызметке ауысқан соң қожалықты жүргізу маған табысталды. Содан бері осы шаруашылықтың ыстық-суығына шыдап, алға сүйреп келемін, – дейді іскер жігіт.
Нәтижесі жаман емес. Шаруа қожалығына тиесілі жердің аумағы – 529 гектар. Осы аумаққа егістік, шабындық, жайылым енеді. Сонымен қатар жаңартылған машина-трактор паркі бар. Өткен жылы ауданда алғашқы болып америкалық «Джон Дир – 230» комбайнын сатып алды. Бұл – масақ қалдырмайтын, дәнді сапалы жинайтын техника. Мұнымен қатар МТЗ-82, МТЗ-122, МТЗ-959 тракторлары, шөп оратын және жинайтын агрегаттары істеп тұр. Қожалық егін егумен, мал өсірумен, ара шаруашылығымен тұрақты айналысуда. Ендігі мақсат – осы арада істейтін адамдар санын көбейту, ол үшін шаруашылықты кеңейту, әртараптандыру.
– Кейінгі кезде мемлекет ауыл шаруашылығы үшін төмен пайызбен несие, субсидия беруді көбейтті. Арнайы бағдарламалар іске аса бастады. Біз сол көмекті пайдалануымыз керек. Үкімет өнімді алқаптан тұрғындар дастарханына еш делдалсыз жеткізуді талап етуде. Осы орайда аудан орталығында әмбебап дүкен аштық. Сондай-ақ наубайхана салып, іске қостым. Тұқы балығын өсіретін кішігірім зауыт салып жатырмын. Осы жылы оны да іске қоспақпын, – дейді ол.
Кезінде әкесі Василий Иванович қожалық құрарда көп қиналған-ды. Ол кезде тұқым да, техника да тапшы еді. Өзі механизатор, комбайншы болғандықтан жұмысты қалай ұйымдастырамын деп мазасызданған екен. Қазір сол шаруашылық өңірдің тұрақты донорлық бірлестігіне айналып отыр.
– Көктемгі егіске дайындық туралы айтсам, қыста қолдағы техниканы дайындап қойдық. Тұқымды өткен айда Талдықорғаннан алдырдым. Алдырған тұқымым, өзімнің және лаборанттарымның зерттеуінше, өте сапалы. Биыл сапалы бидай өсірумен қатар, күнбағыс пен жүгері атырабын кеңейтуді межелеп қойдым. Қазір аудандағы механизаторлар мен техника жөндеу шеберлерін жұмысқа шақырып жүрмін, – дейді Геннадий Шуцкий.
Бейсенғазы Ұлықбек, Үржар ауданы.