Қоғам

Радиологиялық орталық жыл соңында ашылады

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша былтыр Семейді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, қалада барлық салаларды қамтитын жеті бағыт бойынша 56 іс-шара өткізу көзделген. Жобаның іске асырылуы туралы онлайн баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Қанат Әділбаев мәлімет берді.

Оның айтуынша, аталған жобаларға барлығы 260,2 млрд. теңге қаржы бөлінген. Алдағы уақытта бұл соманың көлемі айтарлықтай өседі. Өйткені бағдарламада Қарағайлы ықшам ауданындағы жаңа инновациялық мектеп пен Знаменка, Қарауыл, Курчатов бағытындағы және басқа да маңызды жолдар қиылысатын Алматы тас жолы бойындағы айналмалы жолдың құрылысы қарастырылмаған. Олардың жобалық-сметалық құжаттамалары келер жылы дайын болады. Жұмыстар 2022 жылы басталады.

Ағымдағы жылы жобаларды іске асыруға жиыны 58 млрд. теңге бөлінді. Осы қаржыға жеті мәдени, екі әлеуметтік қорғау және тоғыз білім беру нысаны жөнделді. Соңғы жылдары білім беру нысандарын жөндеуге 1,5 млн. теңге бөлінген. Биыл 1 млрд. теңгеден артық қаражат бөлінді. Қаладағы мектептердің барлығына дерлік ағымды және күрделі жөндеу жүргізілді, – дейді қала әкімінің орынбасары Қанат Әділбаев.

Кешенді жоспарға сәйкес, Шығыс кентінде 1200 орынға арналған жалпы білім беретін мектеп салу көзделген.

Ұзақ жылдар бойы өңірдегі проблемалардың бірі – облыстық онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығының құрылысы. Бұл нысан былтыр Семейді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына енгізілген. Нәтижесінде медицина мекемесі осы жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Жобаға 6,2 млрд. теңге бөлінген.

– Бұл мәселе біраз жылдан бері шешімін таппай келген. Биылғы жыл соңында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл орталықтың облыстағы ғана емес, сонымен қатар көрші аймақтардағы науқастардың да сапалы ем қабылдауына мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін «In Vitro» консультативтік-диагностикалық емханасының жанама құрылысын аяқтау жоспарланған. Жоба құны – жарты миллиард теңге. Бұл тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге және әлеуметтік оңалтуға жағдай туғызады, – дейді қала әкімінің орынбасары.

Қала әкімінің орынбасары берген ақпаратқа жүгінсек, биыл Семейде 33 көшенің жолдарына жөндеу аяқталған. Жангелдин көшесінен бастап Омбы-Майқапшағай тас жолына дейінгі жол төсемі ауыстырылған. Республикалық бюджет есебінен Семей-Қайнар тас жолына орташа жөндеу жүргізілді.

– Көшелерді жарықтандыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Бүгінгі күні Бозтаев көшесінің бойына энергия үнемдейтін 484 шам орнатылды. Тағы 253 шам Қабанбай батыр көшесінің бойына орнатылады. Жалпы, Еуропа қайта құру және даму банкімен ынтымақтаса отырып келер жылы қала көшелерін жарықтандыру жұмысын аяқтау көзделген. Аспалы көпір де жарықпен қамтамасыз етіледі, – деп нақтылады Қанат Әділбаев.

Соңғы үш жылда Семейді көркейтуге, жолдарды жөндеуге 13,5 млрд. теңге, мектептердің жөндеу жұмыстарына 1,5 млрд. теңге қаражат бөлінді. Ұшақтар кентінде 1200 оқушыға, Бобровка кентінде 600 оқушыға арналған мектептер салынды. Қарағайлы ықшам ауданында 20 көпқабатты тұрғын үй құрылысы аяқталды. Жеке тұрғын үй құрылысына арналған алаңдарға инфрақұрылым тартылуда. Автобус паркіндегі қоғамдық көліктердің 80%-ы жаңартылды. Қалаішілік маршруттарда жергілікті «DaewooBusKazakhstan» ЖШС шығарған 267 автобус қызмет көрсетіп жүр. Әуежайды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Әлемдік деңгейдегі көпсалалы спорттық кешеннің құрылысы аяқталады. Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады, 133 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Әлеуметтік саланы дамытуға, соның ішінде төрт мектеп пен төрт балабақша, мұз модулі, балалар ауруханасы, мүгедектерге арналған оңалту орталығының құрылысына 47 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмін пайдалана отырып 76 миллиардтан астам теңге бюджеттен тыс қаржы тарту жоспарланған. Нәтижесінде, өнеркәсіп көлемі бес жылда 1,6 есе, ауыл шаруашылығының жалпы өндірісі 1,2 есе, бөлшек сауда айналымы екі есе өседі. Бір жастан алты жасқа дейінгі балалар жүз пайыз мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылады.

Жалпы, кешенді жоспар аясында биыл қаламызда барлығы 41,4 млрд. теңгеге 19 жоба іске асырылады.

Флора Левина

Осы айдарда

Back to top button