Аймақтар аухалы

Әр үйге – таза су

Биыл өңір халқының таза ауызсуға деген қолжетімділігін 91,5 пайызға жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы хабарлады.

Басқарманың берген ақпаратына сүйенсек, бұл көрсеткіш 1 қыркүйекте 90,5 пайызды құраған. Ауылдық елді мекендерді қамту көрсеткіші – 67,1 пайыз, яғни облыстағы 689 ауылдың 462-сі ауызсумен қамтылған.

– Биыл сумен қамту нысандарын салу, қайта жөндеу, блокты-модульді станциялар орнату бойынша жалпы сомасы 59,6 млрд. теңгені құрайтын 130 жобаға 25,04 млрд. теңге қаражат бөлінді. Оның 73-і «Нұрлы жер», жетеуі – «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары бойынша, 50-і – 50 елді мекенге БМС орнату бойынша жүзеге асырылды, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Дәулет Батырбаев.

Аталған 73 жобаның 51-і өткен жылдардан жалғасып келе жатса, 22-сі жаңа жобалар. 51 жобаның 24-і аяқталуға жақын. Олардың ішінде, Глубокое ауданының Уварово және Тарханка ауылдарын, Күршім ауданының Қалжыр ауылын, Көкпекті ауданының Көкпекті ауылын, Ұланның Тарғын ауылын, Үржардың Бестерек, Көктал, Сағат және басқа да ауылдарды сумен қамту жобалары бар. Қазірдің өзінде Маңырақ, Меновное, Мұқыр ауылдарын сумен қамту жұмыстары аяқталған.

Тарбағатай ауданының Маңырақ ауылындағы сумен қамту жүйелеріне қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сметалық сомасы 745,77 млн. теңгені құраған жобаны «Эсма ХХІ» ЖШС жүргізді.

– Су құбырларының жалпы ұзындығы 18,9 шақырымды құрайды. Құрылыс жұмыстары 2018 жылдың сәуір айында басталып, биылғы жылдың сәуірінде тәмамдалды, – дейді «Эсма ХХІ» ЖШС директоры Дамир Қайрат. – Тұтынушылар саны 1357 адам. Су құбырлары 215 тұрғын үйге, сондай-ақ мектепке, ауруханаға, мешіт пен Мәдениет үйіне тартылды.

Қоса кетсек, ауылдағы сумен қамту жүйесі 1960 жылдан бері қолданыста болып келген. Су жинайтын құрылғылар тозып, құбырларды тот басып кеткен болатын. Осылайша, ауыл тұрғындарын мазалаған мәселеге айналған таза ауызсу проблемасын айналып өтпеу мүмкін болмады. Оның үстіне жобаны іске асыру арқылы ауыл-аймаққа жас мамандарды қоса тарту көзделді.

Бұдан бөлек, Семей қаласының маңында орналасқан Мұқыр ауылында да осындай жұмыстар атқарылып, жалпы сомасы 477,264 млн. теңгеге су құбырлары төселді. Бұл жұмыстарды «DK Proekt» ЖШС іске асырды.

Өткен жылы жоба бойынша 160,0 млн. теңге игерілсе, биыл оны аяқтауға 317,264 млн. теңге бөлінді. Бөлінген қаржыға 20,8 шақырым құбыр төселіп, екі сусорғы станциясы мен су жинайтын құрылғылар орнатылды.

– Бүгінгі таңда 22 жаңа жобаның 20-сы бойынша келісім-шарттар жасалған. Екеуі бойынша конкурс әлі өткізілген жоқ. Семейге, Абай, Бесқарағай, Жарма және Алтай аудандарына қарасты он ауылдағы жұмыстар аяқталуға жақын. «Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы» бойынша республикалық бюджеттен жеті жобаны жүзеге асырып, аяқтауға толық көлемде 3,5 млрд. теңге бөлінді. Олардың барлығы бойынша келісім-шарттар жасалды, – деді  Дәулет Батырбаев.

Сонымен қатар 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 50 блокты-модульді станция орнату бойынша келісімшарттар жасалып, жұмыстар басталған. Жалпы, 2020 жылы 20,4 мың адамды ауызсумен қамтитын 90 нысан іске қосылмақ. Осылайша, биыл өңір тұрғындарының орталықтандырылған ауызсуға деген қолжетімділігін 91,5 пайызға, ал ауыл-аймақтағы көрсеткішті – 77,4 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button