Руханият

Әр шаңыраққа қажетті кітап

Белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Әлібек Қаңтарбаевтың «Тұлға» деген атпен жаңа кітабы жарық көрді. Тың жанрда жарық көрген туындының тұсаукесері облыстық Пушкин атындағы кітапханада өтті.

 Өңірдің зиялы қауымы мен талантты жастары жиылған кештің тізгінін белгілі ақын Әскерхан Ақтай ұстады. Кітап интеллектуалдық сұхбат жанрында жазылған. Сұхбаттасушы – Үржардың Мақаншы өңірінде ұзақ жылдар сүбелі еңбек еткен ауыл шаруашылығы саласының ардагері Төлеген Жирентаев.

Бір кітапқа жүк болған сұхбат жай қарағанда бір адамның ғұмырнамасы немесе бір әулеттің тарихы болғанымен, терең үңілген жан екі бірдей (социализм, капитализм) қоғамдық формацияны басынан өткізген екі тұлғаның екі дәуірді шұрайлы тілімен баяндаған сыр сұхбаты екенін түсінеді.

– Кез келген қалам ұстаған жан өмірден көргені мен түйгенін ұрпаққа үлгі боларлық бір дүниеге айналдырғысы келеді. Мен сол ойымды Жирентаев ағамызбен сырласа отырып, сұхбаттаса отырып бергім келді. Басында жеңілдеу көрінгенімен, кірісе келе біраз қиналғаным шындық, – дейді кітап авторы Әлібек Қалиұлы.

Ал кітапты бастан-аяқ оқып шыққан әріптесіміз, ақын Серік Құсанбаев бұл кітап ұрпақ тәрбиелеп отырған кез келген жанұяның сөресінде тұруы керек дейді.

– Терең  толғаныспен, қазақы сөз сиқырының түрлі формаларын шебер қолданып жазылған «Тұлға» кітабы «Жаратқанның берген өлшеулі ғана жарық дүниесін өкінішсіз, бала-шағама, ұрпағыма өнеге боларлықтай етіп өткізсем!» деген кез келген саналы адамға таптыра бермейтін «Өмір» атты мектептің ережесі іспетті. Мен мүмкіндігі бар жан болсам, осы кітаптың ел ішіне көп таралыммен таралуына, әр қазақтың үйінің кітап сөресінде тұруына әрекет жасар едім, – деді тұсаукесерде жасаған баяндамасында алаштың солақай серісі.

Кеш барысында мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы өнер бөлімінің бас маманы Толқын Берікбекова аталмыш басқарманың құттықтауын жеткізсе, кеш иесінің үзеңгілес досы Түсіпхан Түсіпбеков пен Оңдасын Елубай кітаптың қалай жазылғанын баяндады. Белгілі қаламгер Айтмұхамет Қасымов автордың шығармашылық жолына тоқталды. Ал ақын Қалқаман Сарин Шыңғыстай туралы жырымен ел жүрегін шымырлатты. Кеш иесі әдемі шара ұйымдастырып, еркін әңгіме айтуға орай жаратқан кітапхана ұжымына алғысын білдірді.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button