Білім

Өңір мектептерінде 267 мұғалім тапшы

Бүгінде облыс мектептерінде 267 пән мұғалімі жетіспейді. Оның ішінде ауыл мектептері 151 педагогке мұқтаж. Бұл туралы облыстық білім басқармасының кеңейтілген алқа отырысында аталған басқарма басшы Сайрангүл Жұмаділова мәлім етті. Алқа отырысына облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат қатысты. 

 Алқа отырысында 2019 жылдың нәтижелері және 2020 жылға қойылған міндеттер туралы баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы С.Жұмаділова білім беру жүйесінің әрдайым мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, бүкіләлемдік трендтерге сәйкес қалыптасып келе жатқанын айтты. 2016 жылдан бері бұл салаға бюджеттен 74,5 млрд. теңге  қаражат бөлінген екен. Облыста 787 мектепке дейінгі білім беру мекемесі бар. Десе де бүгінгі таңда 23 846 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Атап айтсақ, Семей қаласы бойынша – 5 064, Өскеменде – 7998, Риддер қаласында – 568, Алтай ауданы бойынша – 546, Аягөз ауданында – 771, Зайсан ауданында – 554, Глубокое ауданында – 376, Ұлан ауданында – 303, Үржар ауданында – 803, Шемонайха ауданында 419 бала балабақша кезегін күтуде. Облыс бойынша 648 мектеп бар болса, онда барлығы 188 255 оқушы білім алады. Бүгінде оқушылардың 95 пайызы білім берудің жаңартылған бағдарламасы бойынша білім алуда. Жаңа жүйеге сәтті көшу үшін барлық жағдай жасалған. 19 152 педагог біліктілігін арттыру курстарынан өтіпті. Өңірдің барлық білім беру ұйымы жоғары жылдамдықтағы Интернет желісімен қамтылған. 2020 жылы Интернетке қосылу ақысын төлеуге 650 млн. теңге бөлініпті. Облыстық білім басқармасының басшысы облыста 267 пән мұғалімінің жетіспейтінін атап айтты. Тек Өскемен қаласының өзінде 85 мұғалім тапшы. Сондай-ақ Риддерде  – 40, Ұланда – 34, Тарбағатайда – 26, Аягөзде – 28, Катонқарағайда – 22, Көкпектіде – 18 мұғалім жетіспейді. Облыстың 43 мектебінде директор жоқ, тек директордың міндетін атқарушылар ғана бар. Облыстық білім басқармасының басшысы қала, аудан әкімдері бұл мәселені бақылауға алуы керек деп санайды.

Өткен жылы мектеп асханаларын жаңғырту жобасы қолға алынғаны белгілі. Жоба аясында Өскемен қаласындағы 35 мектепке  913,9 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылыпты. Ал биыл Семей қаласындағы 46 мектептің және Өскемендегі тоғыз мектептің асханасын жаңғырту жұмыстары жүргізілмек.

Шалғай елді мекендерде тұратын 2948 бала мектепке тегін тасымалданады. Бұл мақсатқа 163 мектеп автобусы пайдаланылады. Олардың 41-і соңғы үш жылда сатып алынған екен. Десе де жүргізілген мониторинг әлі де 18 автобустың қажеттігін анықтап отыр. Үржар ауданына үш, Аягөз, Бородулиха, Көкпекті, Ұлан, Шемонайха, Алтай аудандарына екі, Бесқарағай, Жарма, Күршім аудандарына бірден балаларды мектепке тасымалдайтын автобустар керек.

Облыстың бас педагогы өзінің баяндамасында биыл мерейтойлар жылы екенін де атап айтты. Сол мерейтойлардың бірі – Ұлы Абайдың 175 жылдығы.  Осы мерейтойға орай облыстың 125 білім ошағында 560 шара өткізілмек. Сондай-ақ үстіміздегі жылдың 10 қаңтарынан бастап облыс мектептерінің 5-8 сыныптары мен  «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша оқитын колледж студенттеріне  «Абайтану» элективті курсы енгізіліпті. 277 толық кешенді мектеп пен  екі педагогикалық колледжде «Абайтану» кабинеті ашылған. Семей қаласының 56 мектебінде «Абай әлеміне саяхат» клубы ашылыпты.

Кеңейтілген алқа отырысына қатысқан облыс әкімінің орынбасары  Әлішер Мархабат  облыстық білім басқармасының 2019  жылғы жұмысын қанағаттанарлық деп бағалап, өңірдің білім саласының алдында тұрған міндеттерге байланысты нақты тапсырмалар берді.

Мейрамтай ИМАНТАЙ

Осы айдарда

Back to top button