Білім

Қыс маусымына толық дайын

Қыс шанасын жаз сайлаған Зайсан аудандық білім бөлімі аудан аумағындағы барлық орта білім ошақтарын алдағы қыс маусымына толықтай әзір етті.

Бұл туралы Зайсан ауданы әкімдігінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында хабарланған. Аудан басшылығының хабарлауынша, облыстық білім басқармасының Зайсан ауданы бойынша білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінің ішіндегі 15 мектебінің жылу қазандығы көмірмен жылытылатын көрінеді. Аталған орта білім ордаларына 2022 жылдың қазанынан 2023 жылдың сәуір айына дейінгі аралығындағы жылыту маусымына 5300 тонна көмір қажет екен. Дәл қазіргі уақытта осындай мектептердің барлығына Абай облысының «Қаражыра» кен орнынан қажетті мөлшерде көмір жеткізіліп, алдағы жылыту маусымына дайындықтары толығымен аяқталған.

Бұдан бөлек, осыған дейін аудан аумағындағы барлық білім беру мекемелерінің алдағы оқу жылына дайындығына тексеру жұмыстары жүргізілген болатын. Тексеру нәтижесінде барлық білім беру мекемелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстарының толығымен аяқталып, жаңа оқу жылын оқушылар қарсы алуға әзір екендігі анықталды.

Айта кетсек, қазіргі уақытта ауыл-аймақтардағы барлық мектептерде «Мектепке – жол» қайырымдылық акциясы жүргізіліп жатыр. Аталмыш акция аясында жергілікті жерлердегі жомарт жандар аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балалары мен ата-анасының қамқорынсыз қалған бүлдіршіндерге оқу құралдары мен кеңсе тауарларын сатып алуға көмек көрсетуде. Бұған дейін акция барысында Зайсан қаласындағы, Қаратал, Қарабұлақ ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтарының басшылары мен кәсіпкерлері оқушыларға керек-жарақтарын алып беріп, көмек көрсеткен болатын. Қайырымдылық акциясы әлі де жалғасын тауып, қыркүйек айының соңына дейін жүргізілетін болады.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button