Шағын кәсіпкерлік

ҚЫМЫЗ ӨНДІРУДІ ҚОЛҒА АЛДЫ

Аққайнар ауылының тұрғыны Байғажы Жақияровты  өңір жұртшылығының көбі жақсы біледі.  Ол кісі көпшілік арасында  бес саусағынан өнер тамған жан иесі ретінде белгілі.

Байғажы Қайыпсолтанұлы  жастайынан өнерге  құштар боп өсті, оқушы кезінде өзінің ынта-ықыласымен домбыра мен мандалин сияқты ұлттық аспаптарды меңгеріп алды, өзінің туа біткен суретшілік өнері де оған ер жетіп, етек жинаған кезде мол  пайдасын тигізді.  Әскерден қайтып оралған соң, кеңестік заманның тұсында  өзі туып-өскен ауылында алғашында ауылдық клубтың меңгерушісі, кейіннен орта мектепте бірнеше жыл еселі еңбек етіп, шәкірт оқыту мен тәрбиелеу ісіне өзіндік үлесін қосты. Бастапқыда трактор жүргізу ісі, кейіннен еңбек, қазіргі тілмен айтқанда, технология, бейнелеу өнері сияқты  пәндерден сабақ беріп, бірнеше жыл ұстаздық қызметте аянбай тер төкті. Кейіннен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, совхоз атаулының  әлі тарқай қоймаған тұсында  ұстаздықтан босап,  төрт түлік мал асырауға кіріседі. Ауылдың өр жағындағы «Аққаша» деп аталатын жер телімінде совхоз түбегейлі тарағанша қой бағып, тіршілігін  жасайды.   Ал 1998  жылы Байғажы ақсақал кәсіпкерлікке біржолата  бет бұрып, қолда бар азын-аулақ мал басымен  «Олжас» шаруа қожалығын құрады.

–  1992 жылға дейін он төрт жыл Чернова орта мектебінде жұмыс істедім, –  дейді  Байғажы ақсақал.  – Сонан соң, совхоздың бір отар, яки, 500 бас  қойын алып, соны қазіргі отырған жерімізде баға бастадым. Кейін, 1996 жылы совхоз  таратылды, жаппай жекеменшік басталды. Совхоздан  еншіме «Аққашадағы» осы жер тиді. Сөйтіп, 1998 жылы шаруа қожалығын құрып, оны кенже ұлымның атымен «Олжас» деп қойдық.   Шаруашылықты құрған уақытта бізде қоймен бірге  жылқы мен ірі қара да болды. Мал көп еді, бертіңгі жылдарға дейін қойдың австралиялық тұқымын өсіріп келдім. Олар өзі жүндес, етті қойлар болатын. Кейіннен саны азайып, біржолата  бітті. Себебі, олардың қанын жаңартып отыру керек белгілі уақыт аралығында, ондайға мүмкіндік бола бермеді.

Қожалықты құрғанда жылқыдан бір үйір бар болатын, кейін оның да саны азайды. Оған себеп, ол кезде  қолда техника жоқ, шөпті қолмен даярлайсың, жалғыз өзім таудан атпен шөп тартам, жалғыз адамға ауыр болды. Техника соңғы онжылдықтың ішінде ғана пайда болды.  Күршім ауданының Славянка деген ауылынан МТЗ-50 доңғалақты тракторын, оған тиесілі барлық құрал-саймандарымен бірге сатып алдым. Жылы ескі демесең, МТЗ-50 тракторы өте мықты техника, кеңес заманында бұлардан асқан трактор жоқ еді.

Қазіргі кезде Байғажы Қайыпсолтанұлының иелігінде 80 гектар жайылымдық жері бар, онан бөлек,  10 гектар егістік, бес гектар шабындық жері де жоқ емес.

Өткен жылдан бері «Олжас» шаруа қожалығы бие байлап, қымыз өндіруді қолға алды. Бүгінде шаруашылық заңды түрде Жақияровтардың үлкенінің атында болғанымен, ондағы барлық жұмысқа Байғажы ақсақалдың кенже ұлы Олжас  пен келіні Назым бас-көз болып отыр.

–  Шаруа қожалығын құрған алғашқы жылдарда-ақ мен де бие байлап, қымыз сауам деген ой болған. Өйткені әке-шешем өмір бойы жылқы бақты, мен 13 жасыма дейін жылқышының ауылында өстім. Одан кейін әкем қайтыс болып кетті. Үйдің үлкені болғандықтан,  шешем мен бауыр-қарындастарыма қарайласу керек болды. Айтайын дегенім,  жастайымнан жылқы малымен бірге өсіп, қыр-сырын жақсы білгендіктен, қымыз сауу ісі қиындық туғызбас еді. Бірақ дәл сол уақытта денсаулығым сыр берді, бір мәрте микроинфаркт алып, әрең дегенде ес жидық. Құдайға шүкір, жылқы малының сүтінің арқасында, таза ауа, дұрыс тамақтанудың арқасында аяққа қайта тұрдық.

Сөйтіп, менің ойымды өткен жылы ұлым жүзеге асырды. Мен оларға қымыз сау немесе саума деп айтқам жоқ. Өздері  осы істі бастады. Біз анасы екеуіміз бірауыздан  қолдау таныттық. Асау биелерді қазіргі күні үйретіп, арнайы қоршауға  ензігіп сауып отырмыз,  –  дейді Байғажы ақсақал.

Бүгінде «Олжас» шаруа қожалығында үлкен-кішісімен бірге алып қосқанда, 30 бас жылқы бар. Сауынды биелер саны  –  10. Одан бөлек, азын-аулақ ірі қара мен ұсақ мал, ауылшаруашылық техника түрінен   бір трактор мен «ЗИЛ» жүк  көлігі  бар.

Қожалық басшысының айтуынша, күніне 7 сауыннан 30 литрге дейін қымыз әзірленеді. Дайын болған табиғи өнімді кәсіпкерлер ауыл мен ауданға, қалаберді облысқа саудалайды.

–  Біз қымызды өзіміз апарып сатып отырған жоқпыз. Адамдар өздері келіп сатып алып жатыр. Қымызбен бірге саумалды да ішкіземіз. Әдетте саумалды кешкі уақытта ішеді. Қымызды ел қатарлы литрін 100 теңдеген сатамыз.

Ұлым мен келініме бие байлап, қымыз дайындасуға   ағайын-туысқанның балалары, ер жетіп қалған немерелерім келіп көмектесіп отырады.   Мен осы тұста бір нәрсе айтайын, қазір көп адамдар саумалды жаңа ғана сауылған бие сүтімен шатастырып жүр. Ол олай емес. Саумал деп – қымыздан қалған қордың үстіне жаңадан сауылған сүтті құйып, оны аздап пісіп, қымыз енді көпірши бастаған уақыттағы кезін айтады.     Оның иісі танауыңды жарып тұрады. Саумал, не қымыз болсын бұл адам ағзасына таптырмас ем ғой. Әсіресе, иммунитетті көтеруде пайдасы өте мол. Себебі, жылқы  шөпті талғап жейтін жануар. Сондықтан одан шығатын сүтте адам денсаулығына пайдалы дәрумендер көп болады, –  дейді көпті көрген  тәжірибелі кәсіпкер.

Алдағы уақытта Байғажы Жақияров пен ұлы Олжас екеуі  еншісіндегі жылқының санын көбейтуді мақсат етіп отыр. Одан бөлек, туризмді дамыту мақсатында «Аққашадағы» жер телімінде шағын қонақ үйлер салып, мініс аттарын сатып алып, өңірге келуші туристер мен демалушыларға туристік қызмет көрсетуді қолға алмақ.

–  Ауылдағы отырған үйімізді де жөндеп жатырмыз. Оны да туристік нысан ретінде пайдалану ойда бар. Қымызды ауылымыздың аумағына қонақ үйлер салсақ па дейміз. Бұнда әлі талай жұмыс күтіп тұр.  Мініс аттарын алсақ, осындағы небір көрікті жерлерге арнайы маршрут жасап, соларға туристерді апарып аралатуға болады. Құдайға  шүкір, өлкемізде сұлу да киелі жерлер жетерлік қой. Қазір елдің бәрі туризмге бет бұрды. Біз де көштен қалмай, осы істі қолға алуды мұрат етудеміз. Бұл бір жағынан басқа жақтан келген демалушыларға ауданымызды таныту болса, екіншіден, туризмді дамытуға қосқан үлесіміз, соңғысы,  өзіміздің қаржылық жағдайымызды да түзеуге септігін тигізері анық, –  деді  Байғажы Қайыпсолтанұлы.

Иә, жылқы ұстап, бие сауу  білген адамға оңай кәсіп емес. Онымен шыдамдылардың шыдамы, жан аямас еңбекқор жандар ғана айналыса алады.  Қырық ауруға шипа қымыз дайындап, мінсең  –  көлік, жесең  –  ет, ішсең  –  сусын боларлық Қамбар ата түлігін түлетіп, игі істі қолған алған шаруаларға   кәсібінің нәсібін көре берулеріне  бек тілекшіміз.

Тимур Серікхан

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button