Спорт

«Қуаныш» – Сары құрлық чемпионы

Міне, бір апта бойы Шығыс өңірін дүбірге бөлеген аламан да өз мәресіне жетті. Өткен сенбіде Семейде Азия құрлығының кіл мықтылары бас қосқан доп додасының жабылу салтанаты өтіп, оған мәртебелі меймандармен бірге облыс әкімі Даниал Ахметов те қатысты. Сән-салтанаты жағынан турнирдің бір апта бұрынғы ашылуынан еш кем түспеген осынау іс-шара барысында чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі де ұйымдастырылды.

Шынымен де, Сары құрлық чемпиондары Шығыстың талғамы зор спортқұмар жұртшылығына естен кетпес мереке сыйлады. Осы ретте, биылғы Азия чемпионаты біздің облыс қабылдаған үшінші дода болғанын айту керек. Еске салайық, бұған дейінгі, яғни 2017 және 2018 жылғы екі жарыс Өскеменде өтсе, осы жолғы таңдау Семейге түсіпті. Иә, аталмыш шаһар тұрғындары мен қонақтары бір аптаға жуық әлемдік деңгейдегі волейболдың куәсі болды. Иран мен Тайланд, Өзбекстан мен Қырғызстан, Қазақстан волейболшыларының шеберліктеріне еріксіз таңдай қағып, қол соқты. Шетелдіктер де үнсіз қалмады. Шығыс Қазақстан халқының қонақжайлығына ризашылықтарын білдіріп, жарыстың ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді.

Дода шын мәнінде есте қаларлықтай ұйымдастырылды. Осыдан біраз уақыт бұрын ғана пайдалануға берілген «Арена» көпфункционалды спорт кешеніне ағылған халықтың легі апта бойы толастаған жоқ, чемпионат ойындарын тамашалауға күн сайын бірнеше мың адам келіп-кетіп отырды.

Ал енді әңгіме ауанын жарыстың өзіне қарай бұрсақ, жалпы, биылғы дода басталмай тұрып волейбол сарапшыларының басым бөлігі бұл біріншілікте негізгі бәсеке Қазақстан, Иран мен Тайланд командаларының арасында өрбуі тиіс деген болжам жасаған болатын. Дәл солай болып шықты. Чемпиондық атақ пен жүлделі орындарға осы төрт елдің ұжымы таласты. Бір қуанарлығы, бұл жолы Азия біріншіліктерінің тарихында болмаған жағдай тіркелді, доп додасының финалына екі бірдей қазақстандық ұжым шығып, бас жүлдені сарапқа салды.

Тарқата айтсақ, жарыстың шешуші матчында «Алтай» мен «Қуаныштың» жолы қайта түйісті. Қайта дейтініміз, бұл екі ұжым доданың шымылдықашар кездесуінде де қарсылас атанып, сол ойында «Алтайдың» мерейі үстем болған-тын. Есеп 3:1. Ал ә дегеннен жеңіліс тапқан солтүстікқазақстандық команда қалған ойындарда қателікке бой алдырмай, барлық қарсыласын сенімді жеңіп, өз тарихында тұңғыш рет мұндай байрақты бәсекенің финалына жолдама алды.

Финал. Бұл ойынды көрген де, көрмеген де арманда. Осы күні Семейдегі спорт кешеніне жиналған және теледидарға телмірген мыңдаған жанкүйер нағыз волейбол спектаклінің, драманың куәсі болды. Алдыңғы екі партияны 26:24 және 25:21 есебімен «Алтай» ұтты. Осыдан кейін былтырғы Азия біріншілігінің триумфаторы, биылғы доданың басты фавориті саналған өскемендік командаға енді бір кезеңді өз пайдасына аяқтаса, жеткілікті еді. Алайда аса тартысты өрбіген үшінші партия 28:30 есебімен «Қуаныштың» еншісінде кетті. Қанаттанған петропавлдықтар келесі кезеңде де жеңіске жетіп, (23:25) таразы басын теңестірді. Ал бесінші әрі шешуші партияда «Қуанышты» тежеу тіптен мүмкін болмады – 6:15. Бір қызығы, бұған дейін еліміздегі ортаңқол ұжымдардың бірі саналған «Қуаныш» Қазақстан чемпионатында да, кубок үшін жарыста да «Алтайды» бірде-бір рет тізе бүктіріп көрмеген екен. Биыл күтпеген жерден Қазақстан чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алған сербиялық маман Дарко Добресковтың командасы халықаралық деңгейдегі додаға тұңғыш рет қатысқанын да айту керек.

Осылайша, екі жарым сағатқа жуық уақытқа созылған матчта 2:3 есебімен жеңіске жеткен солтүстікқазақстандық клуб өз тарихында алғаш рет Азия чемпионы атанды. Естеріңізге салайық, осы кезге дейін мұндай атаққа екі-ақ қазақстандық команда қол жеткізген-ді. Олар – Алматының «Рахаты» мен біздің «Алтай».

Енді нағыз сенсация авторы атанған Добресков бапкердің шәкірттері жыл соңында өтетін клубтық Әлем біріншілігіне қатысатын болады.

Ал тағы бір сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын өскемендік «Алтай» бұл жолы күмісті қанағат тұтты. Дегенмен, жарыс соңынан берген сұхбатында бапкер биылғы маусым команда үшін табысты болғанын, қыздардың өнеріне, жеткен жетістіктеріне разы екенін айтып, келер жылы бұдан да жақсы нәтижелер көрсетуге тырысатындықтарын жеткізді. Шынымен де, «Алтай» үшін өткен маусым жеңіске толы болды. Команда кезекті рет ел біріншілігінде топ жарып, чемпиондық кубоктар санын алтауға дейін жеткізді. Сол сияқты, биыл команда ел кубогы мен суперкубогының иегері атанғанын да айтқан жөн. Енді, міне, тартысты ойында «Қуанышқа» есе жіберіп, Азия  біріншілігінің күміс жүлдесіне ие болды.

Тағы бір айта кетер жайт, биылғы бәсекенің қола жүлдесіне Тайландтан келген «Diamond Food-Fine Chef Sport Club» командасы қол жеткізді. Тай елінің арулары үшінші орын үшін матчта Иран мықтысы «Kashan» командасынан басым түсті.

Әдеттегідей, жарыс соңынан түрлі аталымдар бойынша үздік деп танылған волейболшылар марапаттарға ие болды. Осы ретте, үздіктер арасынан бірнеше жерлесіміз табылғанын айту керек. Олар: команда капитаны Сана Анарқұлова, Кристина Аниконова мен Даника Раденкович. Айта кетейік, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне Азия волейбол конфедерациясының басшылығы мен облыс әкімі Даниал Ахметов қатысып, спортшыларға бір апта бойы волейболсүйер қауымға сыйлаған эмоциялары үшін алғыс білдірді.

– Құрметті жерлестер! Осымен волейболдан қыздар командалары арасындағы Азияның клубтық чемпионаты мәресіне жетті. Бұл жарыс спортсүйер қауым үшін нағыз мерекеге айналғаны сөзсіз. Өзбекстан мен Қырғызстаннан, Тайланд пен Ираннан келген командалар көрермендерге әдемі ойын өрнегін сыйлады. Жарыстың кез келген кездесуі әділ және ымырасыз жағдайда өтті, жеңіске нағыз мықты жетті. Бұл чемпионат еліміз бен облысымыздағы волейболға деген қызығушылықты арттыратынына сенімдімін. Жеңістен жеңіске жете берейік! – деп түйіндеді облыс әкімі.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button