Табиғат

Құстарға ұя жасады

Семейдегі биологиялық орталықта Халықаралық құстар күні тойланды.

Бұл күнді биологиялық орталықтың өкілдері жыл сайын бірінші сәуірде атап өтіп келеді. Сол қалыптасқан дәстүр биыл да жалғасын тапты. Жас буынды табиғатты аялауға, қанаттыларды қорғауға үйрететін игілікті шараға жиналған семейлік жеткіншектер бұл жолы жыл құстарына ұя жасап, оларды орнатты. Сонымен қатар түрлі суреттер салды.

Бұл жолғы кездесудің тағы бір ерекшелігі – балалардың ұзақ уақыттан бері болған оффлайн форматындағы алғашқы кездесуі. Бұған дейін эпидемиологиялық жағдайға байланысты мұндай кездесулер онлайн, яғни қашықтан ұйымдастырылған еді.

– Бұл – экологиялық бағыттағы шара. Құстардың табиғатқа тигізер пайдасы орасан зор екені баршаңызға белгілі. Құстар – зиянкестермен күресуде адамның таптырмайтын көмекшісі. Жыл құстарын туған мекеніне тартып, олардың санын көбейту үшін біз қолдан ұя жасап, орнатамыз. Сөйтіп, қоршаған ортаны қорғауға, жасыл желекті жайқалтуға өз үлесімізді қосуымыз қажет, – дейді биологиялық орталықтың қосымша білім беру педагогы Наталья Ходакова.

Айта кетсек, бүгінгі күні Семейдегі биологиялық орталықта құстардың жүзден астам түрі мекендейді. Олардың қатарында суда жүзетін, жыртқыш және сәндік құстар бар. Орталықтағы қанаттылардың көбі халықаралық және Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

Флора Левина, Семей.

Осы айдарда

Back to top button