Құрылыс жұмыстарын сапалы атқарады
Күршімдегі «Ақтөбе-Е» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Мүбәрак Әшімов негізінен құрылыс жұмыстарымен, ағымдағы, реті келгенде, күрделі жөндеулермен айналысатын жауапты да талапты азаматтардың бірінен саналады.
2011 жылы «тәуекел» деп өз ісін жолға қойған М.Әшімовке Зайсан ауданындағы төбесінен су өтіп, берекесі кетіп тұрған Дайыр орта мектебінің жұмсақ жабынын ауыстыру міндеті жүктелгенде бұрындары мынадай үлкен жауапкершілік арқалап көрмеген азаматтың көңілінде «сенімді ойдағыдай ақтап шыға алар ма екенмін?» деген күмәннің көлденеңдегені рас болатын. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші, жұмысқа бел шеше кірісіп кеткен соң әлгіндей уайым, күдіктің барлығы сап тыйылды. Маңдай терін аямай төгіп жүрген Мүбәрактің көкейінде: «Қайткенде, өзіме сенім артқан жұрттың ризалығын алып, міндет үдесінен сүрінбей шығамын!» деген жалғыз-ақ ой бар еді. Жас маман алғашқы сыннан сүрінбей өтті. Осыдан соң-ақ оның небір ауқымды жобаларды жүзеге асыруға атсалысқан тынымсыз да нәтижелі сапары басталды. Мәселен, келесі жылы Мүбәрактің бригадасы Күршім ауылының ескі Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасап, бұдан соң аудандық аумақтық комитеттің кеңсесіндегі жөндеуді сапалы аяқтап шықты. Өзін жақсы қырынан көрсете білген еңбекқор жанға сенім артқандар қатары көбейіп, сонымен бірге жұмыс ауқымы да кеңейе түсті. №4 Күршім орта мектебінің спорт залының төбесін, «Балдырған» балабақшасының кәріз жүйесін ауыстыру, аудан орталығында, Боранда, шеткері ауылдарда жарықтандыру жүйелерін тартып, ескісін ауыстыру, 2018 жылы Марқа өңіріндегі Төсқайың ауылдық клубына ағымдағы жөндеу жасау, 2020 жылы Қарой орта мектебіндегі күрделі жөндеу, Күршім аудандық әкімдігінің «Аумақтық әлеуметтік көмек көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің шатырын ауыстырып, жөндеу жүргізу, міне, осылардың барлығы – Мүбәрактің тікелей басшылығымен жүзеге асқан жұмыстар. Ал осы ұжымның Глубокое ауданындағы Белоусовка кентінде «Қазақмыс» акционерлік қоғамымен келісімшартқа отырып, ұзындығы бір шақырымдық жылыту жүйесін тартып шыққаны – өз алдына жеке әңгіме.
Топтерек ауылына баратын жолдағы көпірдің неше жыл бойы жаңадан салынып, көктемгі тасқын кезінде қайтадан су алып кетіп жататынын жақсы білетінбіз. Сол көпірге зейін қоя еңбек сіңіріп, барынша сапалы түрде салып шыққан да осы «Ақтөбе-Е» ЖШС болатын. Содан бері аталған көпір ауыл тұрғындарына тиянақты қызмет көрсетіп келе жатыр.
– Кейбіреулердің бөлінген ақшаны шапшаң игеруге тырысып, жұмысты шикілі-пісілі аяқтап шығатын әдетін ұнатпаймын, – дейді Мүбәрак Кеңесханұлы. – Мен үшін ең бастысы – сапа, сондықтан асықпаймын да аптықпаймын. Қолға алған шаруаға қашанда он ойланып, тоғыз толғанып барып кірісемін. Маған керегі – санап алатын ақша емес, көптің ризашылығы, біз бітірген жұмыстың игілігін көретін ауылдастардың алғысы. Сол себепті кез келген жұмыстың барынша мұқият, сапалы аяқталғанына күмәнсіз сенбей тұрып, тапсырыс берушіге өткізбеймін. Оның да көзі әбден жетіп, өзімнің де сенімім нығайған кезде барып «жұмыс аяқталды» деген сөзге тоқталамыз.
Мүбәрактің ұжымы қазіргі кезде Боран мен оң жақ Қалжыр ауылдарын жалғайтын көпірге жөндеу жасаумен айналысуда. 1964 жылы салынған бұл нысанның әбден тозығы жетіп, апатты күйге түскені жайлы талайдан бері айтылып та, жазылып та келе жатыр. Маусым айынан бастап қолға алынған жөндеу жұмыстары келісімшартта көрсетілген уақыттан кешікпей аяқталуға тиіс.
– Жалдап алған жұмысшыларымның барлығы дерлік іргелес Қалжыр ауылының азаматтары, – дейді Мүбәрак. – Жергілікті адамдар жер жағдайын жақсы біледі, әрі сол маңның ауа райына, маса-шіркейіне де үйренген, оның үстіне, арнайы көлікпен тасымалдап әуре болмайсың, жақын жерден өздері уақытында келіп, жұмыстарына кірісе береді. Сонымен бірге жігіттердің жұмысқа деген ынталары да жақсы. Тек келісімді қаражатты кешіктірмей төлеп отыру керек.
Осылайша, М.Әшімов басқаратын «Ақтөбе-Е» ЖШС өзіне жүктелген тапсырмалардың барлығын абыроймен аяқтап, ұдайы сенім биігінен көрініп келе жатыр. Оның алдағы уақытта да осы деңгейден төмендемейтініне әріптестерінің сенімі зор.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.