ҚоғамТОП

Құрақтың екі жүзден аса түрі бар

Құрақ – түрлі мата қиындыларынан қиюластырып тігілген қолөнер бұйымы. Халық арасында кең тарағаны – тұмарша, сегіз жапырақ, ромб және сан түрлі ою-өрнектерден құралған құрақ көрпе. Құрақ көрпенің арасына мақта және қойдың, түйенің жүнін салып, сырып тіккен. Құрақ құрап көрпе ғана тікпеген. Сондай-ақ қоржын, кеудеше, тақия, қиық сырмақ, жастық, аяққап, қолқапшық, халат және ойыншықтар жасаған.

Құрақтан жасалған бұйымдарда әртүрлі мата, сан алуан түстер жарасым тауып, көзге әдемі көрінеді. Қазақ халқы қыз балаға құрақ құрауды кішкентайынан үйреткен. Құрақ құрау төзімділікке тәрбиелейді, үнемділікке, түстерді үйлестіре білетін әсемдікке үндейді, адамның ой-өрісін кеңейтеді.

Қыздың жасауына «басы құралсын, көбейсін» деген ниетпен құрақ көрпелер қосады. Құрақ тіл-көзден сақтайды, жамандықтан қорғайды деген наным бар. Баласы шетіней берген үй «тіл-көзден аман болсын» деген ырыммен қырық құрақ құрап, жас нәрестені соған ораған.

Құрақ құрау үшін ең алдымен түрлі-түсті маталар қажет. Маталар түрі мен түсіне, қалыңдығы мен жұқалығына қарай сұрыпталады. Құрақты тікпес бұрын мата қиындыларын бір-біріне сәйкестендіріп алады. Құрақты біртұтас матадан емес, матаның қиындыларынан құрағанын айта кеткен жөн. Мұндағы мақсат – матаның қиындыларын қоқысқа тастамай, кәдеге жарату. Екі түрлі матаны бір-бірімен қиылыстыра тіксе, құрақ шыға келеді.

Құрақтың екі жүзден аса түрі бар. Төртбұрыш, сегіз ай, мүйіз құрақ, қиықша құрақ, үшбұрыш, аққу, жұлдызша, гүл құрағы, сегіз жапырақ, тұмарша сияқты түрлері кеңінен тараған. Үшбұрыш құрағының мәні – су, жер, ауаны ұштастыру. Бал арасының ұясына ұқсас «Алты табақ» құрағы тәттілік пен молшылықты білдіреді.

Құрақ бұйымдарының бояуы сан алуан: көгілдір түс – аспанның, қызыл түс – от, қан, өмірдің, жасыл түс – өсімдіктің, көктемнің, ақ түс – биіктіктің, сары түс даналық пен білімнің белгісі. Бұл түстер құрақта қиысқанда ғарышты, күллі әлемді бейнелеген.

Осы айдарда

Back to top button