Мәдениет

Құнды жәдігерлермен толығып тұрады

Күршім ауылындағы тарихи-өлкетану музейі Қазақстан тарихына байланысты құнды әрі сирек кездесетін нақты деректермен, құнды жәдігерлермен толықтырылып отырылады.

Бұл тарихи-өлетану музейі 1976 жылы қоғамдық негізде құрылған, оны ұйымдастырған – әуесқой өлкетанушы Мстислав Кушников. 1987 жылы жаңа ғимарат салынып, музей мемлекеттік нысан ретінде қабылданып, аудандық мәдениет бөлімінің құрамына енді. 1988-1993 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болды. 1993 жылдан оңтайландыруға байланысты жергілікті мәдениет бөліміне берілді. 2013 жылдан бастап қайтадан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Күршім ауылындағы филиалы саналады.

Күршімнің Құрметті азаматы, марқұм Қабдолда Тұрар негізін қалап, ауданның түкпір-түкпірінен, әр ауылынан жәдігерлер жинап, ашқан музей қазір көпшілікке қызмет етуде.

Қабаңның шәкірті, мәдениет саласының ардагері Нұрзияш Қалитова осы музейге көп еңбек сіңірді. Ұзақ жылдар еңбек етіп, ел құрметіне бөленіп, зейнеткерлікке шықты. 2019 жылдың сәуір айынан бастап  (2012 жылдан облыстық музейде қызмет еткен) Бақытбек Назарбаев  филиалдың меңгерушісі қызметіне тағайындалған.

Музей күннен-күнге құнды жәдігерлермен толығуда. Соңғы дерек бойынша, музей қорында 5334 жәдігер бар, оның 2794 жәдігер негізгі, 2540 жәдігер ғылыми-көмекші қорда. Музейге жан-жақтан келушілер де көбеюде. Биылғы 7 айда музейді 1347 адам көріп, тамашалады. 477 көрерменге ақылы, 870 көрерменге тегін қызмет көрсетілген.

Бұл күндері Қабдолда Тұрар бастаған игі істерді Бақытбек Бауыржанұлы абыроймен жалғастыруда. Күршім ауданының халқымен, ақын-сазгерлерімен, күйші-шежірешілерімен тығыз байланыста.

1880-1980 жылдар өмір сүрген аты ауданға әйгілі ақындар Бабағұмар Тасшанов, Алуа Тасшанова, Нұрқадиша Молдабаева, Оспанбек Нұрбикенов, Зинаш, Мұқамади, Бәтеш сынды суырыпсалма ақындардың өмірі мен айтыстарын зерттеп, зерделеп ары қарай дамытуда. Баспасөз беттерінен іздеп тауып, жинастыруда. Ізбасарлары Оразқан Тоғжанов, Рамазан Майлыбаев, Мерген Рахметқалиев және тағы басқалардың фотосуреттерін тауып, ақындық еңбектерін халыққа паш етуде. Күршімнен шыққан облыстық, республикалық айтыстарға қатысып, жүлделі бірінші, екінші орындарға ие болған Кенжебай Қайырбаев, Хасен Зәкәрия, Есен Маженовтер ел аузында, аттары облысқа, республикаға әйгілі.

Ерте шыққан Шайқы, Әрін, Буратай күйшілердің таспаға жазылған, нотаға түсірілген күйлерін іздеп тауып, өмір тарихын музейде сақтауда. Бұл – Нұрзияш Қалитовадан кейінгі Күршім ауылындағы музей филиалын басқарып жүрген Бақытбектің сіңірген еңбегі, маңдай тері.

Қабдолда Тұрар тәрбиелеп шығарған Күршімнен шыққан сазгерлер қаншама?! Олар жайлы болашақта арнайы сөз қозғамақ ойымыз бар.

Індет кезінде музейдің «kurchum_muzei» инстаграм парақшасы ашылған болатын. Музей қызметкерлері қызықты мәліметтермен инстаграм желісі арқылы оқырмандарымен бөлісіп, жарияланымдар жарияланып отырады.

Жыл көлемінде музей қызметкерлері Күршім ауданы мектептерінің мұғалімдеріне, оқушылары мен студенттеріне, шекара аймағы әскери бөлім қызметкерлеріне аудан тарихына байланысты деректі материалдарды аумақтық компонент ретінде пайдалануға беріп, аудан табиғаты мен аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра ескерткіштері туралы кеңестер ұсынып, әдістемелік көмек көрсетіледі.

Шешімі табылуға тиіс мәселелер де музейде бар. Музейдің материалдық-техникалық базасын нығайту қажет, штатты кестеге экскурсия жүргізуші, экспозиционер, суретші-безендіруші  қажет. Жылыту жүйесін жөндеу керек.

Музей қорын толықтыруға үлестерін қосқан барлық ізгі жандарға, Бақытбек Бауыржанұлы бастаған мұражай қызметкерлеріне алғысымды білдіріп, істеріне сәттілік тілегім келеді.

Нұрсовет Қайыров,

 Күршім аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы

Осы айдарда

Back to top button