Спорт

«Құлагер» қара үзді

Қойнауы құт, жері бай, көрікті өлке Катонқарағай ауданындағы бәйге десе делебесі қозатын жұрт Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 77 жылдығына орай, «Өр Алтай тұлпары» атты аудан әкімінің жүлдесіне арналған жүз шақырымдық бәйгеге көз тікті.

Алтайдың баурайында жоғары деңгейде ұйымдастырылған дүбірлі додаға Катонқарағаймен бірге, берісі Көкпекті мен Күршім, арысы Тарбағатай, Зайсан, тіпті, сонау Қарағанды жерінен жеткен атбегілер мен шабандоздар желден жүйрік сәйгүліктерін топқа қосты. Жүз шақырымдық аламанның бас жүлдесіне – «Шевроле Нексиа» жеңіл көлігі тігілді.

Таң бозынан көршілес Алтай ауданынан аттың басын жіберіп, жарыс жолына шыққан 25 шабандоз үш жарым сағатты артқа тастап таңертеңгі сағат тоғыздан кете аудан орталығы Үлкен Нарындағы атшабарға да жетті. Бұл кезде сәйгүліктер шабысын тамашалауға келген көпшілік те ипподромға лық толып, қиқуға басқан еді. Әрине, мәреге тұлпардың бәрі жеткен жоқ. Жиырма бес аттың онға жуығы ғана 100 шақырымды бағындыра алды. Дүбірлі додада алдына қара салмаған Көкпекті ауданының Самар ауылынан келген Берік Болатов есімді шабандоздың тақымындағы «Құлагер» атты сәйгүлік мәреге бірінші болып жетіп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Ол 100 шақырымды үш сағат 40 минутта бағындырды. Бұл – көпке танымал самарлық атбегі, осындай ұзақ қашықтықтағы бәйгелерде сан мәрте топ жарған Руслан Шайырғазиннің баптаған тұлпары. Мәрені екінші болып Алтынбел ауылдық округіне қарасты Егінді ауылынан келген Ерболат Тоқсановтың «Тайпаң» атты тұлпары кесіп өтсе (шабандозы Сергей Рыбин), үшінші орын алтынбелдік Айдар Амангелдінің «Ақбақайына» бұйырды. Бұдан бөлек, жүлделі төртінші және бесінші орындарды Нұрсұлтан Ділдәбеков есімді шабандоз тізгіндеген Ерболат Тоқсановтың «Корнет» және Ақсу ауылынан Исатай Тұрсынқановтың «Бекалқа» атты арғымақтары (шабандозы Расул Саяшев) еншіледі.

Бұдан бөлек, орталық атшабарға жиылған жұрт тай жарысы, құнан жарыс, жорға жарыс, ұшқыр бәйге, он және он бес шақырымдық бәйгені де тамашалады.

Бес шақырымдық тай жарысында топқа түскен 15 тайдың ішінен катонқарағайлық Алмат Тоғсаевтың «Карамель» (шабандозы Жігер Алматов) атты торысы қара үзді. Екінші орынды Солдатов ауылынан Архат Зарылхановтың «Нұрқасқа» (шабандозы Бағжан Шегебаев) атты жирен тайы, үшіншіні Алтынбелден Махамбет Құдайбергеннің «Гүлсарысы» иеленді.

Екі жарым шақырымдық ұшқыр бәйгеде сегіз тұлпардың ішінен Үлкен Нарыннан Сымбат Адрышевтің «Сұңқар» атты сәйгүлігі топ жарды. Екінші, үшінші орындарды Қабырға ауылынан Талап Асылжанов пен Ақсудан Ерік Тоқпаевтың тұлпарлары өзара бөлісті.

Құнан жарыста үлкеннарындық Баубек Ілиясовтың топқа қосқан «Бақторы» атты торы тұлпары мәрені бірінші кесті.

Бес шақырымдық бәйгеде Әбілмансұр Сәрсембаев есімді шабандоз тізгіндеген қабырғалық Талап Асылжановтың «Мұзарт» атты жирені үздік атанса, он шақырымдық бәйгеде Белқарағай ауылдық округінен Арман Оразаевтың «Еламан» атты қарагері алдына қара салмады. Мұнда екінші және үшінші орындарды Катонқарағай ауылдық округі мен Күршім ауданынан келген атбегілерінің сәйгүліктері еншіледі.

Жорға жарыста топқа түскен 10-нан астам су жорғаның арасынан мәреге бірінші болып Катонқарағай ауылынан Жасұлан Қабдөшевтің «Патшасы» жетті. Екінші мен үшінші орын күршімдік Әлихан Камалханов пен Қабиден Сейсебаевтың жорғаларына бұйырды.

Он бес шақырымдық бәйгеде 13 арғымақтың ішінен бірінші орынды көкпектілік Руслан Шайырғазиннің «Еркежирен» атты тұлпары (шабандозы Мәди Қайдаров) иеленсе, екінші орынды Үлкен Нарыннан Әлижан Қабдолданың сәйгүлігі еншіледі. Үздік үштікті Солдатово ауылынан Архат Зарылхановтың «Құлагері» түйіндеді.

Бәйгенің барлық түрінде жүлделі орындарға ие болған сәйгүліктердің иелері мен шабандоздарына ұйымдастырушылар атынан ақшалай және тұрмыстық техника түріндегі сыйлықтар табысталды.

Бұдан бөлек, осы күні көпшілік қазақ күресі, аударыспақ, арқан тарту сияқты сайыс түрлерінде сынға түскен білекті де шымыр жігіттердің шаршы алаңдағы тартыстарына куә болды. Мұндағы жеңімпаздар да ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Тимур Смағұлов, Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button