COVID-19 

Қос штамға қарсы вакцина мақұлданды

Соңғы тәулікте Қазақстанда COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 324 жаңа жағдайы анықталды. Бір күн бұрын инфекция 197 адамда расталса, қазір бір жарым есеге артып отыр. Қалалар арасында Нұр-Сұлтан (62) мен Алматы (29) көш бастаса, өңірлерде Қарағанды облысында 40,  Қостанайда 39, Ақтөбе облысында 27, Батыс Қазақстанда 20 науқас тіркелді. Біздің облыста он екі жаңа жағдай белгілі.

Қазақстанда коронавирусты таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәліметі бойынша, бүгінге дейін елімізде барлығы 1 млн. 390 мың 587 жағдай расталды.

Жұқпалы індеттен жазылу статистикасына келсек, елімізде өткен тәулікте 786 адам сауығып шықты. Жалпы, пандемия басталғалы COVID-19-дан 1 миллион 360 мың 605  қазақстандық жазылды. Бұған дейін тоғыз науқас ауыр жағдайда жатқанын жазғанбыз.

Жұқпалы індетпеу күресудің ең тиімді жолы әзірге инфекцияға қарсы  вакцина салу болып қала береді. Сол себепті әлем ғалымдары көп бустерлі екпе ойлап табуда аянбай еңбек етіп келеді. Жуықта  Ұлыбритания әлемде бірінші болып коронавирустың екі штамына қарсы вакцинаны мақұлдады. Коронавирустың екі штамына (түпнұсқа және «омикрон») бейімделген Moderna вакцинасының үдеткіш дозасын Ұлыбританияның дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды реттеу агенттігі (MHRA) мақұлдады, деп жазады әлемдік БАҚ өкілдері Үкімет сайтына сілтеме жасап. Өндірушілер Moderna-дан бивалентті препаратымен вакцинациялау омикрон-штамға да, бастапқы нұсқаға да қарсы күшті иммундық жауап тудыратынын айтады. Сонымен қатар зерттеу барысында бұл вакцина «омикрон» штамының қосалқы мүшелеріне қарсы жақсы иммундық реакция тудыратыны анықталды.

– SARS-CoV-2 вирусы  үнемі дамып келеді және ол вакциналар қолдайтын иммунитетті айналып өтуге тырысады. Жаңа бивалентті вакцина вируспен күресу үшін дәрі-дәрмектерді әзірлеудегі келесі қадам болып табылады, өйткені ол бастапқы вакцинадан гөрі кең иммундық реакцияны тудыруы мүмкін, – дейді адамға арналған дәрі-дәрмектер комиссиясының төрағасы Мунир Пирмохамед.

Бұған дейін ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейюс әлем  COVID-19 ауруының күрт өршуімен бетпе-бет келгенін еске салған болатын.

– Соған қарамастан көптеген елдердің вирустың таралуын болдырмауға және оны бақылауға бағытталған күш-жігерді соңғы кезде азайтқаны түсініксіз, – деп мәлімдеді ДДСҰ басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, 6 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда коронавирустық инфекцияға қарсы бірінші компонентпен 10 825 620 адам, екі компонентпен 10 573 266 адам егілді. 5 469 357 адам қайта вакцинацияланды.

Өңірлер арасында миллион тұрғыннан астам халқы ковидке қарсы екпе алған төрт қана аймақ бар. Олар: Алматы қаласы, Алматы облысы, Түркістан облысы және Шығыс Қазақстан. Біздің облыста ковидтен 1 032 355 адам вакцинаның 1 компонентімен, 1 025 925 адам екі компонентімен қорғалды.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button