«AMANAT»

Қоғамдық кеңестердің қызметін күшейту қажет

Дәурен Аллабергенұлы

AMANAT партиясы облыстық филиалының төрағасы, өңір әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен онлайн режимде облыстық Саяси кеңес бюросы мен депутаттық фракцияның бірлескен мәжілісі өтті.  

Жиынға аумақтық филиалдардың төрағалары, аудандар мен қалалардың әкімдері, облыстық және аудандық мәслихаттардың хатшылары, депутаттық фракциялар басшылары, облыстық, аудандық мәслихаттардың депутаттары, және облыстық басқармалар басшылары қатысты.

Басқосуда AMANAT партиясының 2021 жылғы сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалу қорытындыларын баяндаушылар мониторинг және бақылау нәтижелерін талқылады. Жалпы, былтырғы өңірлік сайлауалды бағдарламаның орындалуына алдын ала жүргізілген талдау – 2021 жылға жоспарланған 1095 іс-шараның 1016-ы (93%) орындалғанын, 79-ы  (7%) орындалу барысында екенін  көрсеткен.

Орындалған іс-шаралардың ең көп саны Абай (100%), Алтай (100%), Бесқарағай (100%), Катонқарағай (100%), Шемонаиха аудандарында (83%) байқалады.

– Атап айтқанда, орындалған іс-шаралар шеңберінде Семей қаласында Ядролық медицина орталығы, Риддер қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және өңдеу бойынша цех, Шемонаиха ауданы Рулиха ауылында сүт-тауарлы фермасы, Өскемен қаласында 2 балабақша, Жарма ауданының Әуезов кентінде 1 мәдениет үйі пайдалануға берілді. Көкпекті ауданының Самар ауылында, Алтай ауданының Серебрянка қаласында 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды, – деді AMANAT партиясы облыстық филиалының төрағасы Даниал Ахметов.

Қоғамдық кеңестердің жұмысы да ерекше аталды. Облыста олардың саны – 167 (12 облыстық, 155 аудандық және қалалық). 2021 жылы 921 отырыс өткізіліп, 1,4 мыңнан астам мәселе қаралған.

2021 жылдың басынан бері облыста фракциялардың 103 отырысы өткізілсе, оның 27-де орындалмау қаупі бар іс-шаралар қаралды.

Партияның облыстық филиалы төрағасы нәтижелі жұмысты атап өтіп, қоғамдық кеңестердің қызметін күшейтуді ұсынды. Жол карталары индикаторларын орындамау тәуекелі бойынша мониторингті қамтамасыз ету тапсырылды. Әкім депутаттық фракциялар отырыстарында проблемалық мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын қарастыру қажеттігін ерекше атап өтті.

Кеңесте депутаттық корпустың қоғамдық-саяси қызметтегі белсенділігі де атап өтілді. Жұмыс халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, ашық жүргізіледі. Қол жеткен жетістіктермен тоқтап қалмай, барлық деңгейдегі депутаттардың жұмысын тұрақты жетілдіруге және қабылданатын шешімдер мен ұсыныстардың нәтижелілігін негізге алуға баса назар аударылды.

 

Осы айдарда

Back to top button