Қазақтар қиын-қыстау заманда бір үзім нанын бөлісті
«Қазақтар сол бір қиын-қыстау заманда тағдыр талайымен Қазақстанға тентіреп келген біздерді бауырына басып, қолдағы бір үзім нанымен бөлісті…». Еліміздің Шығысында тұрып жатқан татарлардың, немістердің, шешендер мен корейлердің, тіпті орыстардың кез-келгенінен сұрай қалсаңыз, дәл осылай деп жауап береді. Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін осынау ізгі мерекеде Қазақстандағы өзге этнос өкілдері тар заманда құшақ жая қарсы алған кеңпейіл де қонақжай қазақ халқына үлкен ризашылықпен зор алғыс айтады.
1 наурыз елімізде жалпыхалықтық мереке – Алғыс айту күні. Бұл күні қазақстандықтар бір-біріне құрмет көрсетіп, жүрекжарды ризашылығын білдіреді.
Алғыс айту күні – қысылтаяң шақта бар ауыртпашылықты бірге көтеріп, Елбасының жетекшілігімен Тәуелсіз Қазақстан құру жолында аянбай тер төккен ел азаматтарының бір-біріне шынайы құрмет көрсету күні. Бұл – қазақстандық патриотизмнің, бірлік пен достықтың жарқын мерекесі. Қазақстан халқы бұл мейрамды алғаш рет 2016 жылы атап өтті. 2016 жылдың 14 қаңтарында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни 1 наурызды елімізде «Алғыс айту күні» етіп жариялады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының “Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр” тақырыбымен басталған ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында сөз сөйлей отырып, Нұрсұлтан Назарбаев елімізге түрлі халықтар түгелдей жер аударылғанын еске алған еді.
– Сталин режимінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн, яғни 1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне мейірбандылық танытып, жер аударылған адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Бұл күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн – мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді”, – деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі Ассамблея сессиясында.
Өткен ғасырдың басында қазақ халқы тағдырдың жазуымен елге келген өзге этнос өкілдеріне құшағын кең жайып, бауырына тартты, баспанасын паналатты, қолдағы бір үзім нанымен бөлісті. Сол тарихтың ақтаңдақ беттері бүгінгі ХХІ ғасырдағы тәуелсіз Қазақстанның бейбітшілік пен келісім және де достықты алға қойған саясатының жемісі ретінде қайта жаңғырып, елімізде жаңа мереке пайда болды.
Тарихқа сәл шегініс жасар болсақ, Столыпин реформасы кезінде біздің елге тұтас этностар депортацияланды. Түрлі этнос өкілдерін вагондармен ашық далаға әкеп тастады. Онсыз да күнін әрең көріп отырған қазақ отбасылары оларды үйіне кіргізіп, қамқорлық танытты. XX ғасырдың басында Қазақстанға Беларусь, Ресей және Украинадан 1,1 миллион адам қоныс аударды. Ал 1930 жылдары ұжымдастыру барысында 250 мың шаруа жер аударылып, тағы 1,2 миллионға тарта адам өнеркәсіп нысандарын тұрғызуға келген. Ал екінші дүниежүзілік соғыс кезінде саяси сенімсіз деп танылып, бір-ақ күнде туған жерлерінен күштеп көшірілгендер қаншама?! Олардың бәрі Қазақстанда орнығып, қиын кезеңдерді қазақ халқымен бірге еңсерді. Сондықтан елдегі мерекелер қатарының Алғыс айту күнімен толығуы игілікті іс екені анық. Бұл күннің астарында қазақ халқының ежелден бергі бауырмалдығы мен мейірімділігіне ризашылық білдіру жатқанын түсіне білгеніміз жөн.
Алмағайып заманда Шығыс Қазақстанға да күштеп жер аударылғандар қарасы қалың еді. Солардың бірі – облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының жанындағы неміс этномәдени бірлестігінің белсендісі Лидия Роот Кеңес Одағының Жоғарғы Кеңесі 1941 жылы 28 тамызда немістерді жер аудару туралы бұйрық шығарғаннан кейін сол жылдарда 1 млн. 200 мың адам жер аударылғанын айтады.
– Ештеңе алып үлгермедік. Автомат асынған адамдар бізді эшелондарға мал секілді тиеп, Еділ бойындағы немістер қоныстанған автономиядан Қазақстанға жер аударды. Әкем Генрих Роот және апам Мария Беккер – Вальце қаласында дүниеге келгендер. Ол жақта мәдениетті, жоғары білімді адамдардың санатында болды. Сталиннің бұйрығынан соң 24 сағат ішінде туған жерден күшпен көшірілдік. Апамның ортаншы ұлы Александр Оралға жіберілді, 16 жастағы кіші ұлы Виктор Қарағанды қаласындағы шахтаға кетті. Апам Мария және Марина есімді екі қызымен Ресейдің Алтай өлкесіндегі Бутырки селосына жер аударылды. Сол жақта ағаш дайындап жүргенде өзі бір көзінен айырылса, ауыр жағдайға шыдамаған ең кіші қызы Марина сол жақта қайтыс болды. Ал менің әкем Генрих Роот соғысқа аттандырылып, артиллериялық полкте неміс басқыншыларына қарсы шайқасты. Менде әкемнің соғысқаны туралы құжаттары, суреттері бар. Осылайша, репрессия жылдарында біздің отбасының тас-талқаны шықты. Кейін Қазақстанда бәріміз қайта бас қосуға мүмкіндік алдық. Құжаттарымызды ретке келтірдік. Өзім қырық жылдан астам балалар дәрігер болып еңбек еттім. Сол үшін де қазақ еліне алғысым шексіз, – дейді көзіне жас алып, көңілі толқыған Лидия Роот.
Қазақ халқына алғысы шексіз этностардың бірі корейлер. Олардың да зар заманда көрген теперіштері аз емес.
– Әр адамның өз Отаны бар. Отан деп туып-өскен, тәрбие алған жерді айтады. Менің Отаным — Қазақстан. Еліміздің көркем табиғатын, татулығы жарасқан халқын мақтан етемін. Еуразия жүрегінде орналасқан мемлекетіміз бірлікпен берекенің бесігі іспеттес. Себебі, ел аумағында 130-дан астам этнос өкілі өмір сүріп жатыр. 1937 жылы өзге этнос өкілдері қазақ даласына жер аударылды. Сол топтың ішінде менің де аталарым бар еді. Жер аударылған халықты жергілікті қонақжай қазақ отбасылары құшақ жая қарсы алды. Қазақ жеріне келген корей отбасыларының барлығы да қазақ жерінде тұрақтап қалып, ұрпағын өрбітті. Ұрпақтары осы уақытқа дейін Қазақстанның дамуына үлес қосып, Қазақстан азаматы болып өмір сүріп жатыр. Сол уақыттан бастап біздің отбасымыз қазақ халқына мың да бір алғыс айтумен келеді. Ризашылықтың мұндай үлгісі ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек, – дейді облыстық корейлер қауымдастығының төрайымы Юлия Кунст.
Олай болса, бүгінгі мерекенің басты мақсатының бірі – өскелең ұрпақты достық, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақстанда этникаралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту екенін ұмытпайық.
Дәурен Аллабергенұлы