ҚАЗАҚСТАНҒА БІЛІМ ІЗДЕП КЕЛДІК
Биыл егемендігімізге 30 жыл толмақ. Осы жылдары 1 млн 70 мың 300 этникалық қазақ атажұртына оралыпты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен шетелден атамекенге қайтқан азаматтарды, қаны бір бауырларымызды «қандастар» дейтін болдық. Елімізге құт болып қосылып жатқан сол қандастарымыз ұлттық салт-санадағы дертімізді емдеп, ұмытыла бастаған көне сөздерімізді алып келіп, күрмелген тілімізді жөнге келтіруге атсалысып, маңдай терлерін төге еңбек етіп, кәсіппен айналысып, өзгеге жұмыс та тауып беріп жатыр. Өздері мекендеген Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, тағы басқа елдердегі кәсіпкерлік бастамашылық, экономикалық дербестік ерекшеліктеріне сәйкес шеттен көшіп келіп жатқан қандастарымыздың кәсіпкерлікті, бизнес-бастамаларды іске асыруға икемді, епті екенін де көріп келеміз.
БІР СЫНЫПТА 60 БАЛА ОҚЫДЫҚ
Әйтсе де, соңғы жылдары қандастар көші едәуір саябырлап қалған болатын. Үкімет басшысы Асқар Мамин өткен жолы «2021 жылы Қазақстанға тұрақты тұруға ниет танытқан 12 мың қандасымыз үшін қолайлы жағдай жасалып, одан ары жыл сайын 2 мың адамға арттыру есебінен 2025 жылға қарай жыл сайын 20 мың адамға жеткізіледі» деп қандастар көшінің қайтадан жанданатынын мәлім етті.
Қытайда, 1860-64 жылдары бөлінген шекара сызығының арғы жағында қалып қойған, одан бері ел ауған алмағайып заманда сол жаққа бас сауғалап көшіп барған қазақтар қазір сол квотаны, атажұртқа қоныс аударуды күтумен жүр. Ол жақтағы көптеген отбасы Қазақстанға көшіп келе алмағанымен, ұл-қызының қытайланып кетпеуін ойлап, жиған-тергенін балаларына жұмсап «елге барып білім ал!» деп жіберіп жатыр.
Өскемендегі жоғары оқу орындарында Қытай, Моңғолия елдерінен келіп оқып жатқан қазақ студенттері жыл сайын көбейе түсуде. Шетелдерде тұратын қандастарымыздың Қазақстанда білім алуы жылдан-жылға жүйеленіп келеді. Қытайда, Моңғолияда, өзге елде тұрып, оқып келген олар жоғары оқу орындарына түсерде қиналмас үшін дайындық бөлімдері ашылған. Өскемендегі студенттер де жатақханамен және шәкіртақымен қамтамасыз етіліп отыр. Арман қуып, білім іздеп, атажұртқа келген ұл-қыздардың хал-жағдайларын біліп, әңгімелесіп қайттық.
«Бұрын шекара сыртында қазақ бар деп айтылмайды екен. Бәрі жасырын. 1956 жылы Қытайдың жолдамасымен Қазақстанға оқуға келдім. Сонда “Қытайдан студент қазақ келіпті. Барып көрейік” деп хайуанаттар бағына жаңа жолбарыс келгендей, бізді көру үшін топ-тобымен студенттер келген. Түрімізге қарап, қолымызды ұстап көріп “Қазақ-ей, кәдімгі. Өздері қазақша ағып тұр” деп таңырқаған»- деп еске алады жазушы Қабдеш Жұмаділов Қазақстанға студент болып алғаш келген шағын.
Ырысалды Мұхаметхан (суретте), Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-дың дайындық курсының студенті:
– Шәуешек аймағының Дөрбілжін ауданында қытай мектебінде 12 сыныпты қытайша оқып, бітіріп, 2019 жылы Үрімжідегі университетке қала басқару ісі мамандығына оқуға түскен едім. Алайда ата-анам ақылдаса келе, Қазақстанда оқып, білім алғанымды қалап, мені елге, осында жіберді. Мектепті жақсы бітірдім. Дөрбілжінде сабақ таңертең 7.30-да басталып, кешкі алтыда аяқталатын. Бір сыныпта моңғол, дүнген, қытай, ұйғыр, қазақ балалары, барлығы 60 бала оқыдық. 12 сынып бойынша мектепте сегіз класс болса, әрқайсында 60 баладан оқиды. Өз елімде, ана тілімде жоғары білім алу мақсатында Қазақстанға 2019 жылдың қыркүйегінде келдім. 2020-да Қытайда пандемия, карантин басталғанын білесіздер, одан бізде жалғасты, содан әлі ата-анама бара алған жоқпын. Келгенде орыс тілінде, қазақ тілінде жазып, сөйлеу біраз қиындықтар тудырды. Қазір дайындық курсында ұстаздарымыздың, құрбыларымның көмегімен сол қиындықтарды жеңіп, қазақша жазуды үйреніп, оқуға түсуге дайындалып жатырмын. Таңдап отырған мамандығым ағылшын-қытай тілінің аудармашысы. Қазақ тілін еркін меңгеріп алсам, ағылшын, қытай тілін ана тіліме де аударамын деген ойдамын. Қазақша көп кітаптар оқып жатырмын.
ӨСКЕМЕН ТЫНЫШ, ТАЗА ЕКЕН
Ырысалды Қазақстанға Бақты шекара бекеті арқылы өтіп, Өскеменге автобуспен келіпті. Ең алғаш автобекеттен түскенде Өскеменді көріп, қаланың басты ерекшелігін бірден байқағанын айтады. Ол қандай ерекшелік екен?
– Автобустан түскен бойы Өскеменнің тыныштығына, айғай-шуы аздығына таңғалдым, шаһар жинақы, таза қала екен. Дөрбілжінде адамдардың бәрі айғайлап, қатты сөйлейді, көше сондай шулы, ерекше дамыған, мұндағыдай емес, көліктердің бәрі жап-жаңа, автобустар электр тогымен жүреді, түнгі 12-ге дейін. Көшелері, үйлері әдемі, сәнді, сәулетті. Ал Өскеменде ескі үйлер көп, әрі әрленіп, әсемделмеген, сондықтан ба екен, қала сәл сүреңсіздеу көрінді, ең бастысы, өз еліміздің адамдары мәдениетті, сабақ беріп жатқан ұстаздарым әрдайым қолдап, көмектесіп келеді. Үйде екі баламыз, бауырым бар. Мамам мен бабам (әке) жазда Дөрбілжінге таяу өңірдегі Сарыеміл ауылы жақтағы ағайындарымызға барып, соларға қосып қойған ірі қара, ұсақ малын жайлауға шығарып, мал шаруашылығымен, аздап саудамен айналысады. Кішкентай кезімде жайлауға бірге шығатынмын, жап-жасыл, жан-жағымыз тау-тас, сарқыраған бастау, қос, киіз үй тігіп отырамыз. Есейе келе сабаққа, өнерге ден қойып, білімімді жетілдіріп жайлауға бармайтын болдым. Отбасымыз қыста Дөрбілжінде. Дайындық курсында 22 мың теңге шәкіртақы алып оқып жатырмын, ата-анам да анда-санда ақша салып тұрады.
Дайындық курсындағы 18 студентпен бірге оқуға түсуге әзірленіп жатқан Ырысалдының арманы Қазақстанда ана тілінде жоғары білім алып, белгілі компанияларда еңбек ету, елінің өркендеп, көркеюіне үлес қосу.
БІЗ БАЯН ӨЛГЕЙДЕ ТҰРАМЫЗ
Апалы-сіңілі Ақбөпе, Нұрзат Берденбек /суретте/ , С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың 1-курс студенттері:
–Біз Моңғолия елінің Баян Өлгей қаласынан келіп оқып жатырмыз. Мектепте қазақша оқығандықтан тілден қиналған жоқпыз. Біріміз философия, біріміз шет тілі факультетінде оқып жатырмыз. Оқуға дайындық курсы арқылы түстік. Қазақстанда білім беру сапасы жоғары екенін көріп отырмыз. Әкеміз Ұлан Баторда оқып келіп, ірі компанияда жұмыс істеген еді, жол апатынан қайтыс болып кетті. Әкемнің әке-шешесі, тумалары ауылдық жерде, нағашыларымыз Сақсай деген ауылда тұрады. Баян Өлгейде жер үйде тұрамыз, жағдайымыз жақсы. Анамыз балабақшада аспазшы. Қазақстанды көру анамыздың да арманы, біз оқуға түскен соң келмекші болып жүргенде пандемия басталып, шекара жабылып, анамыз келе алмай, біз бара алмай қалдық. Жазда осында болдық. Баян Өлгей қанша дегенмен кіндік кескен жеріміз ғой, Бөкен тауды сағындық. Қыз бала болғандықтан қай ана да қызының өзінің жанында жүргенін қалайды. Дегенмен, біз оқып жатқан мамандықтарымызды терең меңгеріп, оқу орнында, Қазақстанның қай жерінде болса да өзіміздің атажұртымызда еңбек етсек деп армандаймыз.
Мектепте орыс тілін оқыдық, бірақ жетік білмейміз. Моңғол тілін қазақ тілімен бірдей білеміз. Сондықтан осында келгенде орыс тілінен аздап қиналдық. Бір таңғалғанымыз, орыс тілін білмей тұрсақ, жеткізе алмай жатсақ, орыстар көмектесіп, сүйемелдеп жіберген, ал, керісінше кейбір өз ұлтымыздың жастарының жанында тіліміз келмей, дұрыс айта алмай мүдіріп жатқанда олар мазаққа айналдырған кездер де болды. Бұйыртса, төрт жылда әжептәуір меңгеріп аламыз деген ойдамыз.
Жазғы демалыста ата-апамызбен бірге жайлауға шығамыз. Ірімшік, құрт қайнатып, май жинаймыз. Атамның анасы ұлы апамыз 96-ға келді. Әкемнің інісі осы жақта тұрады, жиһаз жасаумен айналысады, жеңгеміз балабақшада жұмыс істеп жатыр, тұрмыстары жақсы. «Нұрлы көш» ауылында тұрып жатыр, уақытымыз болса барып тұрамыз.
– Қазіргі күні біздің оқу орнында Қытай, Ресей, Моңғолия, Тәжікстан, басқа да елдерден келген 250 шетелдік студент білім алып жатыр. Биыл оқу орнын шетелдік 50 студент бітіреді, – дейді оқу орнында Қазақстанға білім іздеп келген қазақ, шетел жастарының алаңсыз білім алып, білікті маман болып шығуына жан-жақты мүмкіндік бар екенін айтып, шетелдік студенттерді оқыту жүйесімен таныстырған ШҚУ-дың стратегия, халықаралық ынтымақтастық және аккредитация бөлімінің басшысы Динара Сапарова.
Жанаргүл Мұқатай