Спорт

«ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫНА» ІРІКТЕУ ӨТТІ

  Семейде қазақ күресінен “Қазақстан Барысы” республикалық турниріне «Шығыс Барысы» облыстық іріктеу жарысы өтті. Ереже бойынша балуандардың жасы 18 жастан асқан, салмағы + 90 кг дәрежесінде болуы тиіс.

Облыстық турнирдің 1-ші кезеңі ақпан айында ауылдық округтерде өткен болатын. 2-ші кезеңде аудандық, қалалық жарыстардың жеңімпаздары анықталды.  3-ші кезеңде облыстық «Шығыс Барысы» чемпиондары іріктеліп, “Қазақстан Барысы” республикалық турнирінде шығыстың намысын қорғайтын болады. Жарыс басталар алдында Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов балуандарға сәттілік тіледі. «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүлдесіне арналған «Қазақ Барысы» республикалық турнирі – айтулы әрі беделді жобалардың бірі. Бүкіл халық балуандарға қолдау көрсетіп отыр. Біздің Семей аймағынан шыққан чемпион жерлестеріміз Айбек Нұғымаров, Шалқар Жоламанов, Мұхит Тұрсыновты мақтан тұтады. Өткен жылғы республикалық турнирді жерлесіміз Дәурен Нұралинов жеңіп алды. Сіздер жеңімпаз аға буын өкілдерінің даңқты дәстүрлерін лайықты жалғайтындарыңызға сенемін», – деп атап өтті шаһар басшысы Бақытжан Байахметов.

«Шығыс Барысы» турниріне 19 балуан қатысты.  Көрермендер тарапынан балуандарға ерекше қолдау көрсетіліп, қатысушыларға рух пен жігер бергендей болды.  Ауыр салмақтағы балуандардың бәсекесі жарыстың көркін қыздырды.  Өйткені  «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінде алып спортшылар жеңіске жетіп жататынын көріп жүрміз. Алайда салмағы 148 келі, жарыстың ең жас қатысушысы, Бородулиха ауданының спортшысы Ахмет Түсіпбеков, 133 келі Айбек Қалибеков, 131 келі Қуаныш Рамазанов, 128 келі Еркебұлан Тұрмаханов та жеңістің биігінен көріне алмады. Салмағы 100 келіден төмен спортшылар жеңімпаз атанды. Турнир қорытындысы бойынша, 3-ші орынды Бесқарағай ауданынан Мерей Қабдоллаев, 2-ші орынды Семей қаласынан Әсет Ахметжанов иеленді. Ал бірінші орын мен «Шығыс Барысы» атағын Тарбағатай ауданының балуаны Елдар Бейсембаев жеңіп алды. 1-ші және 2-ші орын иегерлері осы жазда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық қорытынды турнирде біздің өңіріміздің намысын қорғайтын болады. Естеріңізге сала кетейік, биыл “Қазақстан Барысы” турнирін 3 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласында өткізу жоспарланған. Еліміздің әр түкпірінен кілең мықтылар  жиналатын жарысқа дейін Шығыс Қазақстан ресми түрде екі облысқа бөлінетінін ескерсек, Елдар Бейсембаев Шығыс Қазақстан облысынан, ал Әсет Ахметжанов Абай облысынан қатысатын болады.

Қуаныш Рахметоллаұлы

Осы айдарда

Back to top button