Қайырымдылық жобалары мен бағдарламалар жүзеге асады
«Қазақстан халқына» қоры қоғамның ұсыныстарын ескере отырып, өз жұмысының форматын өзгертпекші. Атаулы көмек көрсетуге бағытталған аталмыш қор төрағасы Болат Жәмішев кеше Өскеменге іссапармен келді. Облыс орталығында қоғам өкілдерімен кездесіп, медицина, білім салаларына, көпбалалы отбасыларға көмек беру мәселелері қозғалды.
Президент бастамасымен қаңтар айында «Қазақстан халқына» атты қоғамдық қор құрылғаны мәлім. Бұл қор атаулы көмек көрсетіп, даму бағдарламасын іске асырады. Бүгінде қордан көмек сұрағандар ішінде аз қамтылған және көпбалалы отбасылар көп. Дегенмен, қор алдымен мүгедек балалардың сауығуына барынша ықпалдасуда.
Болат Жәмішев қордың жоба-жоспары, бағыты туралы кеңінен айтып берді. Кездесуде өңірдің қоғам белсенділері ұсыныстарын білдіріп, сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды. Өтініштердің көбі білім, денсаулық салаларына, ерекше балаларға көмек көрсетуге қатысты болды.
– Қыркүйек айында біз азаматтық қоғам өкілдерін, қор донорларын, отандық ірі кәсіпорындар мен кәсіпкерлерді, үкімет мүшелерін, депутаттарды шақырумен үлкен онлайн-конференция өткіземіз. Осы Ұлттық қайырымдылық конференциясында қордың жаңа тұжырымдамасын, қайырымдылық бағдарламалар мен жобаларды бекіткіміз келеді. Сіздердің ұсыныстарыңызды есту біз үшін маңызды. Осы мақсатта өңірлерді аралаудамыз, – деді Болат Жәмішев.
Сонымен қатар төраға қордың бүгінгі жұмыс барысы және жаңа бастамалары туралы баяндады. Оның айтуынша, келіп түскен өтініштердің барлығы жік-жікке бөлініп, саралап қаралады. Қоғамдық қордың ақшасына несие жабылмайды және той-томалаққа көмек сұрағандарға берілмейді. Атаулы көмек тек шын мұқтаж жандарға ғана көрсетіледі.
– Қор денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлмек. Туғаннан көру қабілетінен айрылған нәрестелердің еміне, тірек-қимыл аппараты зақымданған балаларға жәрдемдесудеміз. Бұдан өзге тамыр патологиясы бойынша сырқаттанған балалардың ата-аналарының өтінішін қуаттап отырмыз. Кейінгі жылдары аутизммен ауыратын балалар да көбейіп барады. Сондықтан біз сегіз өңірде реабилитациялық орталық ашуды жоспарладық, – деді ол.
Бұдан бөлек, төраға қордың алдағы жоспар-жобалары және атқарылған жұмыс ауқымы туралы баяндап берді.
– Қор ресми тіркелген күні-ақ өз жұмысын бастап кетті. Үкіметтік емес ұйымдармен кездесулер өткізіп тұрамыз. Елімізде 25 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым болса, оның ішінде мыңға тарта ұйым бізбен белсенді түрде жұмыс істейді. Қазір біз ауылдардағы білімнің сапасын арттыру жөнінде тиімді жобаларды іздеудеміз. Арнайы мектеп-интернаттарды жабдықтау бойынша жоба дайындап жатырмыз. Сондай0-ақ «100 спорт залы» бағдарламасын қаржыландыру басталды, – деді Болат Жәмішев.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғұтов қордан қаржы алуға ниетті барлық бастамалар реттеліп, екі апта ішінде қор кеңсесіне жолданатынын жеткізді, сондай-ақ қордың маңызды жұмыстарға араласқанына ризашылығын білдірді.
– Қазіргі уақытта қор 10 жобаны жүзеге асырып жатыр. Біз сирек кездесетін аурулармен ауыратын балаларды дәрі-дәрмекпен қамту бағытында да жұмыс істеп жатырмыз, – деді Болат Жәмішев. – Әлі де қор жұмыс істеуі қажет бірқатар бағыт бар екені анық. Бұл бағыттар осылайша дөңгелек үстел басында азаматтық қоғам өкілдерімен бірге айқындалатын болады, – деді қор жетекшісі.
Ержан Кеңесұлы