Қоғам

Қайта екпе алуға шақырды

Айна  Ескенқызы

Облыс эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес әзірге тұрақты түрде «жасыл» аймақта. Бірақ жаңа жағдайлар бүгінгідей қарқынмен анықтала берсе, «сары» аймаққа ілінуіміз де мүмкін. Өңірімізде өсім қарқыны тәулік ішінде 32,2%-ды құрады. Соңғы тәулікте өңір бойынша анықталған 19 науқастың 18-і Өскеменде тіркелген. Екі адам ауруханада жатыр.

Аймақтық коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте денсаулық сақтау саласының мамандары берген мәліметтер көңіл көншітпейді. 1-19 шілде аралығында облыста барлығы 59 жағдай тіркелсе, оның ішінде Өскеменде – 53 жағдай (89,8%), Глубокое және Ұлан аудандарында 2 жағдайдан, Самар, Шемонайха аудандарында 1 жағдайдан анықталды. 100 мың тұрғынға шаққандағы  аурушаңдық көрсеткіші – 8,22 құрап отыр.

Соңғы тәулікте облыс аумағында КВИ-дің 19 жағдайы тіркелді, ал COVID-19 белгілері бар пневмония кездеспеді.

Облыста жаңа жағдайлардың тіркелуінен Өскемен қаласы көш басында, 18 науқас белгілі болды. Шілде айында облыс орталығында барлығы 53 жағдай анықталыпты, олардың сегізі – балаларда.

 – Облыста шілде айында тіркелген алғашқы  жаңа жағдайлар Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласынан, Қытайдан келген жергілікті азаматтардан анықталды. Барлығында – «омикрон»  штамы.  Әлемде соңғы кезде анықталған аса қауіпті «кентавр» штамы өңірде тіркелген жоқ, – деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Есенгелдіқызы.

Мамандардың айтуынша, эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда шектеу шараларын енгізу шарттары қайта қаралады. Өңір жасыл аймақта болып, бірақ «R» саны жоғары болса, халық көп жиналатын жабық орындар мен қоғамдық көліктерде маска кию ұсынылады. «Сары» аймаққа өткен жағдайда науқаспен байланыста болғандар қашықтан жұмыс істеуге көшеді,  нысандарда бұрынғыдай  санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтау, үй-жайларды күнделікті ылғалды жинау және желдету күшейтіледі. Қазақстанда соңғы аптада коронавирустық инфекциямен сырқаттану 3,2 есеге өсті. Олардың ішінде ауырғандардың 89%-ке жуығы екпе алмаған және соңғы 6 ай көлемінде ревакцинациядан өтпегендердің үлесінде. Сол себепті сала мамандары шығысқазақстандықтарды ковидке қарсы ревакцинация жасауға шақырады. Өскемен қаласында тұрғындар он үш емханада ковидке қарсы екпе салдыра алады немесе ревакцинация жасатуына болады. Qazvac  перепараты барлығына қолжетімді, ал Pfizer екпесі негізінен жүкті әйелдер мен жас аналарға салынады. Бірақ кейбір емханаларда Pfizer препаратының да жеткілікті қоры бар, дейді мамандар.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмек бөлімінің жетекшісі Еркін Әнуарбекұлының айтуынша, бүгінгі күні  өңірде КВИ-мен күресу үшін 11 ауданда 41 медициналық ұйым, оның ішінде 25 емхана және 16 стационарлық аурухана сақадай-сай. Бұл – 282 төсек, оның ішінде 236  инфекциялық және 46 реанимациялық төсек бар. Өскемен қаласы бойынша – 48 төсек орын (38 инфекциялық және 10 реанимациялық), аудандарда – 234 төсек (198 инфекциялық және 36 реанимациялық).

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында 118 мобильді бригада жұмыс істейді. Сондай-ақ резервте 74 мобильді бригада (27 – Өскемен бойынша, 47 – аудандарда) бар.

– Облыстың барлық медициналық мекемелерінде жеке қорғану құралдары: бір реттік және көп реттік костюмдер, бір реттік маскалар, респираторлар, қолғаптар, антисептиктердің екі айлық қоры бар.  Covid-19 емдеудің клиникалық хаттамасы шеңберінде өңірде антикоагулянттық препараттардың (надропарин, клексан, арикстра, гепарин, ривароксабан), глюкокортикостероидты препараттардың (метилпреднизолон, преднизолон, дексаметазон, метипред), вазопрессорлық препараттардың (адреналин, нороадреналин), ыстықты төмендететін препараттардың (парацетамол, ибупрофен), антибиотиктердің (мерофенем, офлюфлоксоцин) және вирусқа қарсы препараттардың (ремантадин, тамифлу, анаферон, осивир, афлюдол) қоры жеткілікті, – деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмек бөлімінің жетекшісі Еркін Семейханов.

Осы айдарда

Back to top button