Мәдениет

Қатысушылар қатары көбейіп келеді

 Өскеменде Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мектеп оқушыларының республикалық олимпиадасы өтті. Оған республикамыздың түкпір-түкпірінен 200-ден астам оқушы қатысты.  

Қазақтың Хан апасы атанған ұстаз Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева атындағы олимпиада 2015 жылдан бері өтіп келе жатыр. Мақсаты  –  қазақ тілі мен әдебиеті бойынша білімді тереңдету және жетілдіру, ұлттық мәдениеттің салт-дәстүрлерін құрметтеуге тәрбиелеу, оқушылардың зияткерлік және шығармашылық қабілетін дамыту. Облыс әкімі мен «Дарын» республикалық              ғылыми-практикалық орталығының  қолдауымен  Өскемендегі Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының базасында өткен республикалық олимпиадаға білім беру ұйымдарының 9-11 сыныптарының 200-ден астам оқушысы қатысты. Олимпиаданың бірінші турда қатысушылар эссе жазса, екінші турды  ауызша тапсырды. Оқушылар қазақ тілі мен әдебиеті және Қ.Бітібаеваның ғылыми-педагогикалық және шығармашылық мұрасы бойынша бақ сынады.

Олимпиаданың жабылу салтанаты С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің залында өтті.

– Біз сіздерді жыл сайын киелі Шығыс Қазақстан жерінде көргенімізге қуаныштымыз. Қанипа Омарғалиқызы  – тек  Шығысқа ғана емес, бүкіл Қазақстанға, тіпті әлемге әйгілі тұлға. Бұл олимпиада  – қазақ тілі мен әдебиетіне ғана емес, Хан апамызға көрсетілген құрмет. Қанипа апайдың дара жолын жалғастыратын өздеріңізсіздер! Сіздер барда қазақ тілі мәңгі жасайды, – деді олимпиаданың жабылу салтанатында сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы С.Жұмаділова.

Ал «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының  бөлім меңгерушісі Зәуре Аманова өз сөзінде Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиадаға қатысушылардың қатары жыл сайын артып келе жатқанын айтты.  2015 жылы өткен республикалық алғашқы  олимпиадаға 140 оқушы қатысса, биыл олардың қатары 207-ге жетіп отыр. Сондай-ақ шара барысында Қанипа Омарғалиқызының туыстары сөз алып, өзінің білімімен көзге түскен оқушыларға ақшалай сыйлық табыс етті.

Олимпиада жеңімпаздарының барлығы Білім және ғылым министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапататталды.

– Мен бүгінгі олимпиадаға қатысқаныма өте қуаныштымын. Болашақта Қанипа апамыздай қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғым келеді, – дейді Күршім ауданы, Қалжыр орта мектебінің 11-сынып оқушысы Ару Қасаинова.

Ару Қасаинова Бітібаева атындағы республикалық олимпаданың 1 дәрежелі дипломымен марапатталып,  С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректорының  ұлағатты ұстаз атындағы оқу грантын жеңіп алғанын айта кетейік.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button