БілімЦифрлық Қазақстан

Қашықтан білім беру – заман талабы

Білім саласының қазіргі тренді YouTube, Facebook, Twitter, Wiki, TikTok, блогтар, подкасттар, әлеуметтік бетбелгілер болып отыр. Мұның бәрін оқытуда қолдануға болады және пайдалану қажет дейді сала мамандары.

Расында да, заман білімге деген жаңа көзқарасты талап етуде, бүгінде білім саласы онлайн технологияларды қолдану, еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу арқылы цифрлық сипат алып отыр.

– С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да қашықтан білім беру технологияларын (ҚБТ) қолдана отырып оқытуға арналған екі портал бар. Біріншісі – университетте он жылдан астам жұмыс істейтін және қашықтан оқытуды сапалы ұйымдастыру үшін барлық қажеттіліктері бар арнайы ресурс – Moodle бағдарламалық жасақтамасы негізіндегі қашықтан оқыту порталы. Осы портал арқылы студенттер, магистранттар, докторанттар (ҚБТ қолдана отырып, күндізгі бөлімде оқитындар) оқиды. Екінші ресурс – күндізгі бөлімде оқитын студенттер мен Жоғары колледж студенттеріне арналған eUniver білім беру порталы. eUniver жүйесі – университеттің өз әзірлемесі. Қазіргі уақытта университет осы жүйеге авторлық құқық алуға құжаттар тапсырып отыр, – дейді С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.

Екі платформа да оқу процесін толық қамтуға мүмкіндік береді, барлық қажетті білім беру ресурстары мен мазмұны бар. Серверлердің қуаты, ақаулыққа төзімділігі, сенімділігі, Интернеттің жоғары жылдамдығы барша ауқымды тапсырмаларды орындауға қауқарлы.

ҚБТ қолдану арқылы оқыту университетте бекітілген кестеге сай онлайн дәрістер және онлайн практикалық сабақтар, ZOOM, Big blue button және т.б. платформалар арқылы консультациялар формасында жүргізіледі, порталдарда онлайн және офлайн режимдерінде білім алушылармен кері байланыс қамтамасыз етілген. Түрлі мессенджерлерде топтық чаттар құрылған.

Білім алушылардың сабаққа қатысуын бақылау және есепке алу күн сайын оқытушылардың сабаққа қатысудың электрондық журналдарын толтыруы арқылы жүргізіледі. Орындалған тапсырмалар үшін бағалар автоматтандырылған ақпараттық жүйеге апта сайын өткізілген сабақтардың қорытындылары бойынша енгізіледі. ҚБТ қолдана отырып оқытуды ұйымдастыру бойынша барлық талаптар университеттің академиялық саясатында көрсетілген.

Тағы бір дамып келе жатқан үрдіс – оқу материалдары мен ресурстарына ақпараттық қолжетімділік. Университет кітапханасы, түрлі тапсырмалары бар оқытушылар бейнедәрістері туралы ақпарат және оқу материалдарына және онлайн сабақтарға онлайн қол жеткізу қауіпсіз болуы керек.

– Бүгінгі таңда облыста 677 IT-сынып жұмыс істейді, сондықтан информатика оқытушыларына деген сұраныс артып келеді. ЖОО-ның педагогтар даярлауда 70 жылдық тәжірибесі бар, университет түлектері сұранысқа ие, жұмыспен қамту нарығында бәсекеге қабілетті және еліміздің түрлі білім беру мекемелерінде жұмыс істейді, – дейді Мұхтар Төлеген. – Қазіргі уақытта ШҚУ 39 білім беру бағдарламасы бойынша педагогтарды даярлайды. Барлық білім беру бағдарламалары Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесіне, сондай-ақ мектепке дейінгі және орта білім беру жүйесіндегі өзгерістерге сай жаңартылып отырады. Университет бакалавриаттың 6 біріктірілген бағдарламасын («химия-биология», «математика-физика», «физика-информатика», «география-тарих», «математика-информатика», «биология-жаратылыстану»), бакалавриаттың 4 бағдарламасын («химия», «биология», «математика», «информатика») жүзеге асыра отырып, мұғалімдерді ағылшын тілінде даярлауда.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде «цифрлық гуманитаристика», «компьютерлік мехатроника» инновациялық білім беру бағдарламалары іске асуда.

Бұдан басқа, жоғары оқу орнында Швеция, Ресей, Финляндия, Түркия, Ирландия университеттерімен бірлесіп Эразмус+ «STEM-бағыттағы мұғалімдерді даярлауға интеграцияланған тәсіл» халықаралық жобасы жүзеге асуда. Жоба мектеп мұғалімдерінен бастап университет оқытушыларына дейін STEM-бағыттағы педагогикалық кадрларды даярлауды жетілдіруге бағытталған.

Университетте түрлі оқу кабинеттері мен НЗМ типі бойынша жаратылыстану-математикалық бағыттағы зертханалар ашылды, олар – «Robolab» робототехникалық зертханасы, жаңа IT-сыныптар, «KAZ Minerals» компаниясымен бірлесе құрылған химия сыныбы және екі химия зертханасы, академик А. Ахметов атындағы химия кабинеті, Ж. Ахмеров атындағы цифрлық гуманитаристика кабинеті, цифрлық педагогика зертханасы, STEM-орталық және басқалар.

– Министрлік пен Дүниежүзілік банктің бастамасы бойынша университеттің зертханалық базасын қолдау үшін робототехниканы оқыту әдістемесі енгізілуде, әсіресе педагогтарды даярлау аясында мектеп информатикасы бағдарламаларына, ЖОО-да роботтарды құрастыру және бағдарламалау бойынша зертханалық жабдықтар кешені ұсынылған. Осының барлығы өңірдегі мектептер мен колледждер үшін цифрлық технологияларды меңгерген педагогтарды сапалы даярлауға мүмкіндік береді, – дейді ректор.

Шет тілінің құзыретті мұғалімдерін даярлау CLIL, Blended Learning технологияларын қолдана отырып, деңгейлік тілдік бағдарламалар бойынша жүзеге асады, креативті және сыни ойлауды дамыту техникасы, іздестіру және коллаборативті оқыту пайдаланылады. Университетте студенттердің тілдік білімін растауға мүмкіндік беретін халықаралық сертификаты бар ағылшын тілі емтиханын тапсыруға арналған TOEFL тест орталығы ашылды.

Қазіргі уақытта ЖОО қашықтан оқыту технологияларын пайдалану, қашықтан сабақтар әзірлеу, практиканы жаңа (қашықтан) форматта өткізу, тәрбие іс-шараларын ұйымдастыру бойынша қала және облыс мектептерімен, колледждерімен оқыту вебинарларын өткізуде.

Университет арнайы порталда мектептермен жұмыс жасап келеді. Мектеп оқушылары мен педагогтары үшін облыс мектептеріне қолдау көрсету бойынша университеттің «Аманжолов онлайн-мектебі» платформасы іске қосылған.

Платформа бөлімдері түрлі ақпаратпен толтырылған – бейнесабақтар, кітапхана ресурстары, оқу-әдістемелік материалдар, STEM-оқыту, психологиялық қызмет, бейіндік мектеп. Платформаға университет сайтынан кіруге болады, барлық ақпарат тегін әрі күллі студенттерге қолжетімді.

BirgeOqu бағыты аясында мектеп оқушылары үшін онлайн сабақтар өткізіледі, мектеп пәндері бойынша TEDx конференциялары ұйымдастырылады, бейнелер YouTube-те жарияланады.

«Аманжолов онлайн-мектебі» платформасы онлайн құралдардың көмегімен студенттердің кәсіби дағдылары мен құзыреттерін бекітуге, сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшыларына әлеуетті педагогтарды іріктеп алуға болатынын көрсетті, бұл түлектерді жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етеді.

Қазіргі білім берудің тренді – YouTube, Facebook, Twitter, Wiki, TikTok, блогтар, подкасттар, әлеуметтік бетбелгілер. Мұның бәрін оқуда қолдануға болады және пайдалану керек. Мысалы, блогтар мұғалім мен студенттердің кері байланыс құралы ретінде ыңғайлы, ал YouTube-те оқу сабақтары, TEDx дәрістері көрсетіледі. Интерактивті және виртуалды білім беру ойындарын оқытуға кірістіру – тағы бір жаңа бағыт.

ЖОО-ның жаңа трендтермен жұмыс істеуге әзірлігі елдегі жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беруде.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button