Қоғам

Қарым-қабілеттерін аша түсті

Былтырдан бастап өңірдегі кәсіби-техникалық оқу орындары арасында «Жас көшбасшы жазғы мектебі» жобасы жүзеге асуда. Іс-шараны биыл Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі өткізіп отыр.

Патриоттық, тарихи, экологиялық және спорттық-сауықтыру бағыттардан тұратын мектеп бағдарламасы көшбасшыларды даярлауды көздейді. Қатысушылар жоспарлауды және талдауды үйренеді, әлеуметтік дағдыларды игереді.

Биыл жазғы мектепке Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының 90 студенті қатысты. Іс-шара Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің Катонқарағай ауданы Свинчатка ауылындағы оқу-өндірістік базасында өтті.

Жазғы мектепте түрлі тренингтер, іскерлік және шығармашылық ойындар, практикалық сабақтар, пікірталас, спорттық жарыстар, туристік эстафеталар, экскурсиялар, алау жанындағы отырыстар мен концерттер ұйымдастырылды.

– Алғашқы күндері жастар бейімделуден өтті, – дейді колледж директоры Фархад Құрманов.  – Бірнеше сабақтан кейін олар ашылып, өздерін сенімді сезіне бастады, көпшілік алдында сөйлеу қорқынышын жеңіп, жобаларын дәлелді қорғауды үйренді. Жаңа достар тапты.

Қатысушылардың айтуынша, мектеп оларға өз қабілеттерін ашуға мүмкіндік берді.

– Үйреншікті шеңберден шығуды, тәжірибе жасап, аналитикалық ойлауды меңгердік, – дейді Ақмарал Әбілмәжінова. – Өзімнің басым қасиеттерімді анықтап, сенімді бола түстім.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button