Спорт

Қарағандыдан олжалы оралды

Жерлесіміз самбодан ардагер спортшылар арасында өткен Қазақстан чемпионатынан абыроймен оралды.

Шар қаласының тұрғыны Марат Қараханов еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 35 жастан асқан балуандардың басын қосқан республикалық додада топ жарды. Бұл бәсеке Қарағандыдағы Қазыбек Нұржанов атындағы жеңіл атлетика манежінде өткен.

Марат Қараханов – қазақ күресінен, самбо мен грэпплингтен түрлі турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы. Ол ерік-жігері мен қайтпас қайсарлығының арқасында көптеген дүбірлі доданың үздіктері қатарынан көріне білген.

Бұл жолы да жерлесіміз білгенінен жаңылмады. Республикалық жарыста чемпион атағын жеңіп алып, мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

– Жеңіске жеткенімді қойып, осындай айтулы жарысқа қатысқанымның өзі қуаныш, – деп ой бөлісті спортшы. – Қатысушылардың дайындығы бұрынғы жарыстармен салыстырғанда біршама өскен. Оның үстіне, соңғы жылдары ардагерлер қозғалысы белсенділігінің артып келе жатқаны да қуантпай қоймайды.

Ел чемпионатынан жеңіспен оралған спортшыны алғашқылардың бірі болып Жарма ауданының әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтады. Аудан басшысы балуанға  жармалықтар атынан ризашылығын білдіріп, алдағы бәсекелерде де сәттілік тіледі.

– Қазақстан чемпионатының алтыны Марат Сағындықұлының соңғы жүлдесі емес деп үміттенеміз. Спорт ардагеріне бұдан да биік белестерді бағындырып, жерлестерін қуанта беруіне тілектеспіз! – деді аудан басшысы.

Шалқар Ақсақал,

студент

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button