Қоғам

Қант іздегендер алаяқтарға алданған

Қант тапшылығы  алаяқтардың табыс көзіне айналды. Қат тауарға айналған шекерді жарнамаларда «арзан бағамен сатамыз» деп, сондай-ақ өздерін «Ертіс» ӘКК» АҚ қызметкері ретінде таныстырып, жұртты жаппай алдап жатыр.

Тіпті көлікпен әкелінген қап-қап қантты бейнежазбаға түсіріп те көрсеткен. Осылайша, Өскеменде алаяқтардың арбауына түсіп қалып, есепшотына ақша салғандар да бар. Артынша өзін саудагермін деп жүргендер зым-зия жоқ болған.

«Ертіс» ӘКК» АҚ Өскемен қаласы тұрғындарының назарына көрсетілген фактілердің алаяқтық белгілері бар екенін жеткізеді, өйткені біздің компания қызметкерлері мұндай әрекеттерді жүзеге асырмайды. Осыған байланысты сақ болуларыңызды және осындай қоңыраулар немесе хабарламалар болған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласуларыңызды сұраймыз. Әлеуметтік маңызы бар өнімдерді (оның ішінде қантты) сату бағаны тұрақтандыру бағдарламасының павильондарында, сондай-ақ «Ертіс» ӘКК» АҚ серіктестері болып табылатын дүкендерде ғана қатаң сатылатынын ескертеміз, деп хабарлайды «Ертіс» ӘКК» АҚ-ның әлеуметтік желідегі ресми аккаунтында.

Қазір құмшекер еліміздің барлық өңірінде тапшы. Бағасы аспандап кеткен өнімді алу үшін жұрт күні бойы кезекке тұруға мәжбүр. Өскеменде шағын дүкендерде тәттінің келісі 950 теңге болса, супермаркеттерде әлеуметтік бағамен 480 теңгеге сатылып жатыр. Екі есе төмен бағамен алу үшін тұрғындар таңнан кезекке тұратын болған.

Ал алаяқтарға алданғандарға әзірге ешкім көмектеспеген. Түрлі деңгейдегі құзырлы органдарға шағымданған соң алаяқтарды тәртіп сақшылары іздеуге уәде берген. Әзірге қанша адамның қант аламыз деп алданғаны белгісіз.

Назерке Сәлімбекқызы

Осы айдарда

Back to top button