Өнер

Қалжыр өңірінің өнерпаздары

Қалжыр ауылында айта қаларлықтай тамаша мереке болып, көптен бері бұйығы тірлік кешіп жатқан тұрғындарды бір серпілтіп кетті. Бұл іс-шараға осы ауылдың тумасы, Өскемен қаласының тұрғыны, ұстаз Гүлбақыт Қалымбекқызының «Қалжыр өңірінің өнерпаздары» атты кітабының тұсаукесері себепкер болған еді.

Осы өңірдің өнерінен, өткенінен мол мағлұмат беретін, аймақтың шын мәніндегі жылнамасы болып табылатын бұл туындының тұсаукесер рәсіміне  алыс-жақыннан қонақтар шақырылып, аталған іс-шараның көңілді де мазмұнды мерекеге айналғаны шындық.

Гүлбақыт Қалымбекқызы 1970 жылы Қалжыр ауылында дүниеге келген. 1988 жылы Қалжыр орта мектебін тәмамдаған соң Өскемендегі Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, оның физика-математика факультетін бітірді, сонымен бірге ағылшын тілі мамандығын да алып шықты. Өзі білім алған мектепте 16 жыл  ұстаздық еткен Гүлбақыт кейіннен Көкпекті ауданының Казнаковка орта мектебінде директор болып қызмет істеді. Қазіргі кезде ол облыс бойынша ағылшын тілі пәні мұғалімдерін ТКТ дайындау курсының және математика пәнінен жаңартылған білім мазмұны бойынша біліктілік арттыру курсының педагогикалық шеберлік орталығының тренері қызметін атқаруда. Гүлбақыттың тәжірибелі ұстаздығымен қатар, өнерден де құралақан жан емес екендігін айта кеткеннің артықтығы бола қоймас.

Салтанатты рәсімге Күршім аудандық кітапханасының директоры Г.Смайылова, кітапханашылар Г.Жаменкенова, Р.Кенжеханова арнайы келіп, құттықтау тілектерін ортаға сала келе, кітапхана қорының жаңа туындымен толығып отырғанын баса атап көрсетті.

Мереке қызығының көрігін осы ауылдан түлеп ұшқан, кейбірі әлі күнге дейін осында тұрып жатқан кешегі мақтаулы ауыл өнерпаздарының ретро концерті үрлей түскен болатын.  Айтулы кешке Алматыдан, Өскеменнен, Ұланнан, басқа да өңірлерден әдейілеп жеткен өнерпаз қауым тыңдарман жұртты шынымен тамашаға кенелтті.

Кеш шымылдығын өзінің арнау өлеңімен ашқан жергілікті өнерпаз, әнші Елеусіз Әбдіхан осынау мағыналы кештің қалжырлықтардың өткенін еске түсіріп, көңілдеріне мол қуаныш сыйлайтынын жырымен мәлімдеп өткен болатын. Оның айтқаны келді, сахнада қайта жаңғырған, бір кезде өздері шырқаған алуан түрлі әндер мен әуендердің ескікөздердің жүректерін тербеп, алыста қалған жастық шақтарын көз алдарына тағы бір мәрте елестетіп өткені шындық.

Өнердің шоғын үрлеп, көмескі тартқан шақтарды тағы бір мәрте еске түсіріп өткен әншілерге ризалық білдіре отырып, кеш иесіне жүрекжарды алғыстарын айтқандар көп болды. Мәселен, өнер ардагері Н.Кемешев, белгілі қалжырлық кәсіпкер Ж.Әзімбаев, ауыл әкімі Қ.Қизатов, Гүлбақыттың апайы Бағдагүл, мектепте бірге оқыған  кластастары шын көңілден шыққан құттықтауларын көп алдында жария етіп, талапты қыздың айтулы бір іс бітіргенін атап айтып өтті.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

 

 

Осы айдарда

Back to top button