Әдебиет

ҚАЛАМ ҰШЫНДАҒЫ ҚЫЗҒАЛДАҚ ҒҰМЫР

Дүрмегі көп дүниенің дидарын жарық қылатын құдірет иесі – әйел. Оның өзі де, сөзі де жанға жылу сыйлайтын сұлулық жыршысы іспетті. Сондықтан да 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай сегіз ақын қыздың жауһар жырын ұсынуды жөн көрдік. Қалам ұшындағы өлеңмен өрнектелген қызғалдақ ғұмырға саяхат шегіп қайтыңыз.

Мен сені ұнатады екем

 

Жаныма иесің дедің,

Ақынды бақыт санама.

Сен мені сүйесің дедің,

Бəлкім, бұл уақытша ғана.

***

Түнектен іздегем қалқан,

Келеді сезімді сезгім.

Себебі күз деген, қалқам,

Мен ғашық болатын мезгіл.

***

Қосылмау ол аңыз дейсің,

Жаныма шырақсың керім.

Мəңгі бір боламыз дейсің,

Жо-жоқ, мен тұрақсыз едім.

***

Жалғыздық жылатады екен,

Қосылып шерменге нала.

Мен сені ұнатады екем,

Шабытым келгенде ғана.

***

Түнектен іздегем қалқан,

Жүректі ашайын, тез кір,

Себебі күз деген, қалқам,

Мен ғашық болатын мезгіл.

Динара Төлеутаева

Аягөз қаласы.

 Жүр, жаным

 

Мен саған оқып берем бүгін өлең,

Жүр, жаным, қайтайықшы баққа барып!

Қайтамын қиялыммен күніге мен,

Екеуіміз бір қыдырған шаққа барып.

***

Екеуіміз бір қыдырған баққа барып,

Сен маған ең әдемі гүл ұсынып!

Барады енді осынау шақтар ауып,

Сезімдер бір суынып, бір ысынып!

***

Жаным-ау, одан бар ма пайда маған,

Қалады бір шөкім мұң көзімде ойнап.

Ешкім де бүгін мені ойламаған

Өмірде келемін ғой өзіңді ойлап.

***

Өмірде келемін ғой өзіңді ойлап,

О, мені сенен басқа гүл етер кім?

Балғын да сол бақытты кезімді ойлап,

Бақытсыз шақта мынау жүр екенмін!

***

Бақытсыз шақта мынау жүр екенмін,

Сүй мені! Бар жаладан ақтап алып.

О, мені сенен басқа гүл етер кім,

Жүр, жаным, қайтайықшы баққа барып!

 

Гүлім Нұрланқызы

Семей.

 Сүюді осылай үйреткем

 

Көзіңді ашасың,

Жұмасың,

Ойыңда мен тұрам.

Мөп-мөлдір сезімнің тұмасын

Сол оймен толтырам.

⠀***

Орныңнан тұрасың,

Жатасың,

Сағыныш.

Тағы мен.

Жазамын көңілдің нотасын

Келісіп алғандай бәрімен.

⠀***

Далаға,

Аспанға қарарсың.

Ақ бұлттан ақ жүзім көрінер.

Мені ойлап, Ертіске барарсың,

Жағалау мен болып бөлінер.

⠀***

Мен болып ән салар айналаң,

Ұшады мен болып көбелек.

Қашады жаныңнан қайғы ада,

Ойларсың себебі неде деп?!

⠀***

Шаршаған сәт те көп,

Аңсаған,

Себебі, ғашықтық – күй – көктем.

Себебі кездесіп мен саған,

Сүюді осылай үйреткем!

Рысгүл Досжанова

Семей.

Дайындаған: Қызырбек Дүргінбай

Осы айдарда

Back to top button