Әдебиет

ҚАЛАМ ҰШЫНДАҒЫ ҚЫЗҒАЛДАҚ ҒҰМЫР – 2

Дүрмегі көп дүниенің дидарын жарық қылатын құдірет иесі – әйел. Оның өзі де, сөзі де жанға жылу сыйлайтын сұлулық жыршысы іспетті. Сондықтан да 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай сегіз ақын қыздың жауһар жырын ұсынуды жөн көрдік. Қалам ұшындағы өлеңмен өрнектелген қызғалдақ ғұмырға саяхат шегіп қайтыңыз.

Басылмай сізге деген құмарлығым

Сәулелермен жүрегім аймаласып,

Алабұртқан көңіл-ай айға ғашық.

Тамылжыған тамыз да ғайып болды,

Ұшқыр сезім шалқиды айдан асып.

Албырт көңіл, несіне алаңдысың,

Шамаң бар ма тоқтатар ғалам күшін?

Жаз осылай жалт етіп өте шықты,

Сағынышқа малды да санамды шын.

Төбемде жымыңдайды жұлдызды аспан,

Түн жайлы жазған шығар жүз қыз дастан.

Қиялдың тағынып ап ақ қанатын,

Қырандай шарқ ұрамын мың құзды асқан.

Тып-тыныш, тұнық ауа, сынық көңіл,

Жұлдыздарым, арудай қылықты едің.

Жусан иісі аңқиды боз даладан,

Таңғы шықпен жанарын жуып керім.

Жаз-жамалым, жайнаған ұнар гүлің,

Жер-Анаға сіңірген жұпар нұрын.

Жазды іздеймін мен күздің көшесінен,

Басылмай сізге деген құмарлығым.

Мақпал Маратқызы

Тарбағатай ауданы.

 

Сезіне алмай сезімді кеудемдегі…

Сезіне алмай сезімді кеудемдегі,

Түсіне алмай…

Күтемін елден нені?

Белгісізден бет алып баянсызға

Келгендегі

Сапарымның бар мәнін білетіндей

Жымыңдайды жұлдыздар жалқын атқан.

Шашымның ұштарын да қалтыратқан,

Ең соңғы демін жұтып жапырақтың,

Терезеге еш мәнсіз телміремін.

Мен білемін,

Ештеңені

Білудің де жоқ кейде еш керегі.

Бір шеңберді айналған жүгірістен,

Түңілістен,

Қуаныш, нала-мұңнан,

Кейде тіпті қағазым, қаламымнан,

Күйлінің жанарынан,

Жарлының қабағынан,

Желтоқсанның жылымық жаңбырынан,

Сегіз миллиард адамның тағдырынан

Барлығынан

Иненің жасуындай мән таба алмай,

Бұлдыр-бұлдыр сағымнан сүзіп елес,

Жалығамын.

Иә, қызық.

Тіпті де қызық емес!

Ештеңенің секілді жоқ негізі.

Жоқ, негізі,

Ай жарқылын тамызып қарашыққа,

Күн нұрымен сүрмелеп кірпік ұшын,

Көктемдегі жаңа атқан бүршік үшін,

Ашылмаған сан сырдың қатпары үшін,

Іңірдің мың бояулы аспаны үшін,

Кіршіксіз ақ дұғалы таңдар үшін,

Адал ниет, ақ пейіл жандар үшін,

Құбылмалы тотының қанатындай

Өмірді бұл сүруге болатындай.

Сиретіп қатарымды.

Кетерде жалғап әрі сапарымды,

Желдей еркін, бұлттай ақ көңілмен кеп,

Түймедақтың бір талын естелікке

Алып кете алсам ғой

Өмірден деп.

Ділда Уәлибекқызы

Абай ауданы.

 

Мен де талай күрсінгем

 

Бұл өмірден өтемін бе бекер кеп,

Сансыз мұңның кең сарайын мекендеп.

Ақын қыздың санасында бар сыры,

Тылсым баққа апаратын жетелеп.

Сүйреп алып алыс жаққа жыр-шабыт,

Өткен күннен елес іздеп, із шалып.

Ойламаппын бұрын бұлай боларын,

Сағынам деп сол бір кезді мұншалық.

Қарашада қар төгілген салқын бақ,

Сұлап жатыр жапырақтар жалпылдап.

Өртеп жатыр бір өкініш өзекті,

Мұң шылбыры өзегімнен алқымдап.

Елеңдеймін күміс баққа күрсінген,

Менде талай дәл сендей-ақ күрсінгем.

Күйі қашқан сонау күздің сұрқына,

Тек ішімнен жыр арнадым үнсіз мен.

Шұғыла Төлеубекқызы

Ұлан ауданы.

Хат. Татьянаның ізімен

 

Түнге айтқанмын бар сырымды шыдамай,

Қою бұлттың құшағына құлады ай.

Қаламымның қанатында ғазал жыр,

Жүрегімнің түкпірінде бір ағай.

Осы болар тағдырымның сынағы,

Мазалауда ақыл-сана сұрағы.

Мен кінәлі емеспін, шын, сеніңіз,

Алаулаған жүрек қана кінәлі.

Сезімдерде жоқ деуші еді шекара,

Пешенеңе жазылса егер не шара.

Ақын болып сіз туылған ғасырға,

Мына менің келуім де бекер ә?!

Азап тілеп алар дейсіз бұлай кім,

Көбелектей отқа күйіп құлаймын.

Кімді ұнату көңілімнің билігі,

Сізді ұнату бұйрығы Құдайдың!

Ділназ Ғалымбек

Семей.

Айыптамашы

 

Мен ұнатсам да ұнатпадың деп,

Ол сезімімді құлатқаның деп.

Өтінем сенен, айыптамашы,

Жақындасам да жырақтадың деп.

Хабарласқанда көтермедің деп,

Кездескен сәтте кетем дедің деп.

Өтінем сенен, айыптамашы,

Дос санап сені өтем дедің деп.

Бір сәтке мені ойламады деп,

Сезімге терең бойламады деп.

Өтінем сенен, айыптамашы,

Менен өзгені ойға алады деп.

Мен сағынсам да сағынбады деп,

Қош бол дегенде жалынбады деп.

Өтінем сенен, айыптамашы,

Асау жүрегің бағынбады деп.

Марғұлан Бекболатқызы

Ұлан ауданы.

 

Дайындаған: Қызырбек Дүргінбай

Осы айдарда

Back to top button