ПТР-диагностика әдісін меңгерген
Семей қаласындағы жедел медициналық жәрдем ауруханасында тұрғындардың өтінішіне орай, облыс әкімінің қолдауымен коронавирустық инфекцияны анықтау үшін ПТР-зертхана ашылды. Зертханада арнайы оқудан өткен жоғары білікті мамандар жұмыс істеп жатыр.
– Бұл зертхананың ашылуы «COVID-19-бен» күресте маңызды қадам болып табылады. Өздеріңіз білетіндей, ПТР тестілеу көмегімен адам ағзасында вирустың болу-болмауы анықталады және диагнозды зертханалық түрде нақты растау үшін қажет. Жұмыста заманауи тест жүйелері қолданылуда. Зертхана мамандары ПТР-диагностика әдісін меңгерген және Германия мен АҚШ өндірісіндегі жоғары технологиялық жабдықтарда жұмыс істеп келген, – деп түсіндірді жедел медициналық жәрдем ауруханасының дәрігер мамандары.
Зертхана ЖМЖА базасында Мичурин көшесі 140 а мекенжайы бойынша орналасқан және тәулік бойы демалыссыз жұмыс істейді. Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Семей мен Өскеменде ПТР тест тапсыруға деген сұраныс артып, адамдар тіпті ұзын сонар кезекке де тұрып кеткен болатын. Қазір бәрі реттелді.
Жаңадан ПТР зертхана ашып отырған Семей қаласындағы жедел медициналық жәрдем ауруханасының медицина қызметкерлері қиын шақта өздерін жақсы жақтарынан танытуда. Халыққа жанашырлықты осы аурухана қызметкерлерінің бойынан көруге болады. Істеріне адал әрі еңбекқор медицина қызметкерлерін ерекше атап өту керек.
Жедел медициналық жәрдем ауруханасындағы директордың медициналық бөлім және стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Ғалия Алибаева атап өткендей, аурухана аумағына кірген кезде барлық машиналар хаттамаларға сәйкес мұқият дезинфекциядан өтеді, тіпті оны қызметкерлердің өздері де өтеді.
– Жедел медициналық жәрдем ауруханасы көп бейінді және 375 төсекке есептелген, – деді Ғалия Алибаева, – мұнда кардиологиялық, хирургиялық, эндоваскулярлық, сондай-ақ гинекология, урология, гематология, эндокринология және басқа да бөлімдер жұмыс істейді. Қазір олар карантин жағдайында, яғни келушілерге қолжетімділік шектеулі. Осыған байланысты бізде жатқан емделушілеріміз үшін белгілі бір уақытта – сағат 16.00-ден 18.00-ге дейін сәлемдемелер қабылдау ұйымдастырылған. Карантин немесе шектеу шараларына қарамастан, емдеу процесі тоқтатылмайды, барлық шұғыл жағдайларды біз толық көлемде медициналық көмекпен қамтамасыз етеміз. Біздің дәрігерлер бірреттік қорғаныс костюмінде, екі қолғап киіп жұмыс істейді, бірі киім астында, екіншісі жең сыртынан. Оларда аяқ киім, респиратор, көзілдірік және қалпақ бар. Қызметкерлер барлық жұмысты жеті-сегіз сағаттан атқарады. Бүгінгі таңда Семей қаласының жедел медициналық көмек ауруханасы науқастарды қабылдайды. Жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілгенімізді, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті екенін, 23 ӨЖЖ аппараты мен 38 оттегі концентраторы бар екенін атап өткім келеді. Менің ойымша, бұл жеткілікті. Сондай-ақ бізде қуаттылығы сағатына 40 текше метр болатын оттегі станциясы бар.
Жедел медициналық жәрдем көрсету ауруханасында ашылған жаңа зертхана халық денсаулығын жақсартуға үлес қосады дейді тұрғындар.
– Коронавирустық инфекциямен күресу үшін маңызды диагностикалық факторлардың бірі сапалы ПТР-талдау жүргізу болып табылады. 11 қарашадан бастап біз өз жұмысымызға кірістік, Семей өңірінің барлық стационарымен келісімшарт жасаймыз, – дейді Ғалия Алибаева.
Дәрігерлерді оқу жылы басынан бері алаңдатып отырған мәселе – оқушы балалар мен студент жастардың денсаулығы. Балалардың барлығы қазір қашықтан оқып отыр. Семейде қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенконың айтуынша, ағымдағы оқу жылының басында нөлдік сыныптан 11 сыныпқа дейін оқып жатқан балалардың жалпы саны 50 648 баланы құрайды. Бүгінгі күні қашықтан оқыту режимінде Семейдің 54 мектебінің оқушылары оқып жатыр. 917 кезекші топ ашылған. Бұдан басқа, штаттық режимде оқу процесі 11 шағын жинақталған мектепте ұйымдастырылған болатын, олардағы сыныптардың толықтырылуы 15 оқушыдан аспайды. Сондай-ақ СOVID-19 пандемиясына байланысты қала мектептерінде оқу сабақтары мен өзгерістердің сатылы режимі орнатылған. Кабинеттік жүйе жойылып, бір оқушыға бір парта, бір-бірінен кемінде 1,5 метр арақашықтықты сақтай отырып бекітіліп берілген.
Білім бөлімінің басшысы айтқандай, бүгінгі таңда Семей мектептерінде барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталған. Әрбір білім беру мекемесінде температура тексеріліп, барлығы дезинфекциялық төсеніштерден өтеді.
– Температура анықталған жағдайда, ауырғандар изоляторға орналастырылады, – дейді Наталия Анатольевна, – содан кейін оларды медициналық қызметкерлер қарайды және жағдайына байланысты үйге немесе ауруханаға жібереді. Барлық мекемелер дене температурасын өлшеуге арналған тепловизорлармен, қолды өңдеуге арналған шынтақ дозаторларымен, дезинфекциялау кілемшелерімен, антисептиктермен, әрбір оқушыға арналған көп рет қолданылатын маскалармен, сондай-ақ персоналға арналған маскалармен және қолғаптармен, бактерицидті шамдармен қамтамасыз етілген. Әр сабақтан кейін бактерицидті шаммен емдеу, дымқыл тазалау және желдету жүргізіледі. Қолды жылы сумен жуу үшін су жылытқыштар сатып алынды. Әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін аумақта және ғимаратта біржақты қозғалыс ережесі бойынша кестелер ілініп қойылған.
Сөйтіп, жаңа зертхананың ЖМЖА ауруханасы жанынан ашылуы COVID сырқатына шалдығушыларды дер кезінде анықтауға септігін тигізіп отыр. Бұл орайда дәрігерлердің уақыты мен күш-жігерінің үнемделетінін де айта кету ләзім. Себебі қазір сырқаттанып ауруханаға түскендердің барлығы да ПТР тесті тапсыруға міндетті. Зертханалар тәулік бойы, тіпті демалыс күндері де жұмыс істейді. Жаңадан ашылған зертханадағы талдау бағасы да қолжетімді.
Раушан Нұғманбекова
Семей.