Білім

Президенттік олимпиададан жүлдемен оралды

Президенттік олимпиададан жүлдемен оралды


Күршімдегі №1 орта мектебінің 11 «А» сыныбының оқушысы Айнұр Әлиасқарова Теміртау қаласында жаратылыстану-математика бағыты бойынша өткен Президенттік олимпиададан жүлделі III орынды иеленіп оралды. Бұл айтулы бәсекеде сайыс негізінен физика-математика бағыты бойынша өткізілген болатын.

Айнұр – аудандық, облыстық сайыстарға жүйелі түрде қатысып, үнемі жүлделі орындардан көрініп келе жатқан талапты өрен. Мұны оны баулып жүрген ұстаздары – математика пәнінің мұғалімі Гүлжәмила Қойлыбаева мен физикадан сабақ беретін Эльвира Адырышева мақтанышпен баяндап отыр.

– Қазан айында өткен облыстық олимпиадада Айнұр тамаша нәтиже көрсетіп, жүлделі II орыннан көрінген болатын, – дейді мектеп директоры Ерболат Мәжібаев. – Сөйтіп, республикалық олимпиадаға жолдаманы жеңіп алған ол қасындағы үш оқушымен дүбірлі бәсекеге аттанған болатын. Шығыс Қазақстан облысынан жолға шыққан тоғыз талапты оқушыны Теміртауға облыстық «Дарын» орталығының қызметкерлері алып барған-ды. Бүкіл ел аумағынан жиналған 163 жүйрік күш сынасқан аса жауапты сайыста күршімдік оқушы қыз өз өнерін тағы бір мәрте паш етіп, жүлдемен оралды. Жеңімпазды ұстаздары мен достары паром өткелінде салтанатты түрде қарсы алып, барынша құрмет-қошемет көрсетті.

Аудандағы іргелі де жүлделі білім ордаларының бірегейі болып саналатын №1 Күршім орта мектебіндегі білім сапасының жоғары екендігі оның шәкірттерінің жеңісті қадамдарынан айқын байқалып келе жатқаны рас. Мәселен, осы мектептің оқушысы Әнел Қарсақова өзін-өзі тану пәні бойынша өткен облыстық сайыста I орын алып, ұстаздарының мерейін аспандатып оралса, Әли Оразғалиев атты шәкірт тарих пәнінен өткен сайыста III орын алып қайтты. Орыс тілінен жоба қорғауда Адэлина Сіләмбекова облыста I орынды даусыз жеңіп алып, жүлдегер ретінде Президент шыршасына барғалы отыр. Юниор олимпиадасында Елена Савельева деген оқушы математикадан II орынға ие болса, Наргиз Мұқанова атты тағы бір оқушы физика пәнінен II орынға қол жеткізді. Міне, осы жетістіктердің барлығы өзгелерге үлгі-өнеге болып, осы мектепте оқитын 512 оқушы мен оларды білім нәрімен сусындатып келе жатқан 56 мұғалімді одан әрі қанаттандыра түсетініне күмән жоқ.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы

Осы айдарда

Back to top button