Президенттің қолынан марапат алды
Азамат Темірбеков
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық конкурсында глубокоелық шаруа жүлделі орынды иеленді.
Веселовка ауылдық округінде орналасқан «Виситаев» шаруа қожалығының басшысы Тимур Виситаев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық конкурсында үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі Астана қаласында өтті. ЭКСПО конгресс-орталығында өткен шараға ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың басшылары қатысты.
Жыл сайын ұйымдастырылатын конкурста өз ұжымын қолдауға, мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және жалпы коғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды іске асыратын үміткерлердің кызметі қаралатын «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», еңбек кызметі процесінде қызметкерлердің денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін еңбек жағдайларын жасайтын үміткерлердің қызметі қаралатын «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», еліміздің заңнамасында көзделген, қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын едәуір жақсартатын және нығайтатын ұжымдық шарттар қаралатын «Үздік ұжымдық шарт» және корпоративтік әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік қағидаттарын іске асыруда неғұрлым жоғары нәтижелерге қол жеткізген үміткерлердің қызметі қаралатын «Экологияға қосқан үлесі үшін» қатарлы номинациялар бар. Аталмыш номинацияларда бірінші, екінші және үшінші орындар «Ірі кәсіпкерлік субъектісі» және «Шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі» санаттары бойынша анықталады.
Биыл конкурсқа қатысуға еліміз бойынша 479 ұйым тілек білдірсе, олардың 178-і ірі кәсіпкерлік, ал 301-і шағын және орта бизнес өкілі болды.
«Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша 238 қатысушы тіркелген. Нәтижесінде олардың ең үздіктері таңдалып, олардың бірі ретінде біздің жерлесіміз «Виситаев» шаруа қожалығының басшысы аталды.
Жеңімпаздарға дипломдар мен конкурс үшін арнайы дайындалған мүсіншелер табысталды.
Сонымен қатар лауреаттарға конкурстың эмблемасын аталған дәреже берілген күннен бастап үш жыл аралығында жарнамалық мақсатта қолдану мүмкіндігі берілді.
– Президентіміздің қолынан осындай жоғары дәрежелі марапат алғанымды мақтан тұтамын, – дейді Тимур Виситаев. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің құттықтау сөзінде еліміз бойынша биыл алты мыңнан астам кәсіпкердің жалпы сомасы шамамен 700 млн теңге көлеміндегі заңсыз салынған айыппұлдардан босатылғанын атап өтті. Тыйым салуға қатысты 1200 шараның заңсыз жасалғаны белгілі болған. Ең бастысы, кәсіпкерлерге қатысты заңсыз әрекетке барған лауазымды тұлғалардың жауапкершілікке тартылғандығы. Меніңше бұл – өте маңызды. Президент нарықтық бәсекелестік, тұтынушылардың құқығын қорғау, салық саласындағы адалдық еліміздегі бизнесті жүргізудің негізгі қағидалары болып қалуы керектігін баса айтты.
Қоса кетсек, бүгінде Глубокое ауданының аумағындағы ірі шаруашылықтардың бірі саналатын «Виситаев» шаруа қожалығының басшысы Тимур Виситаев Қазақстанның 100 жаңа есімі қатарына енген азаматтардың бірі. Өсімдік және мал шаруашылығын қатар дамытып отырған ол бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де ұмытпаған жан. Атап айтсақ, ол өзі тұрып жатқан елді мекен көшелерінің жөнделуіне, ауыл тұрғындарының кедергісіз жүріп тұруына барынша атсалысып жүрген кәсіпкер.