Пойыздардың саны артады
Туризм саласын төрге оздыру еліміздің экономикалық дамуына үлкен үлес қосады. Сондықтан соңғы жылдары еліміздің ішкі туризмін дамытуға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп келеді. Соның нәтижесінде өткен жылы елімізде туристер саны бойынша рекордтық көрсеткіш тіркелген. Ал еліміздегі туристер көп баратын Алакөл бағытындағы пойыздардың саны артқаны туризмді қолдаудың тағы бір дәлелі.
Өткен жылы Қазақстанда ішкі туристер саны бойынша рекордтық көрсеткіш тіркеліп, туристердің жалпы саны 8,6 млн адамға жеткен. Бұл цифрдың өсуіне өзіндік үлес қосып отырған демалыс орындарының бірі – Алакөл. Осыған дейін Шығыс Қазақстан облысына қарасты болған демалыс орнына Өскемен арқылы баратын туристердің де саны көп. Сондықтан биыл туристерге 276 мыңнан аса орын ұсынылып отырғаны демалыс жоспарлап отырғандар үшін қуанышты жаңалық болды.
– Алакөлге баратын пойыздардағы жолаушы орындарының саны 2023 жылы жазғы туристік маусымға өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға өседі, – деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» компаниясының баспасөз қызметі.
Алакөлге жолаушылар Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бойынша 11 бағыттағы пойыздармен бара алады. Ал таяуда алғаш рет Астана – Достық бағыты бойынша «Тальго» пойызы да жолға шығатыны хабарланды. Демалыс маусымына орай «Жолаушылар тасымалы» АҚ әкімдіктермен, әуетасымалдаушылармен және туроператорлармен бірлесіп Өскемен, Павлодар, Қызылорда, Шымкент қалаларынан Алакөлге дейін интермодальдық тасымалдарды қалыптастыру мүмкіндігін қарастырмақ. Шығыс Қазақстан аумағында демалыс орындары көп болса да, емдік қасиеті үшін Алакөлге баратын жерлестеріміз баршылық. Сондықтан биыл бұл бағытта демалысқа баратындар үшін пойыздағы орындар жеткілікті болмақ.
Алтай Ғали-Асқар