Сұраңыз

Пойыз бағасына жеңілдік бар ма?

 Пойыз бағасына жеңілдік бар ма?

Елімізде пойыз билетінің бағасы қымбаттап кетті. Естуімізше ұшақ билетін алдын-ала сатып алғанда берілетін жеңілдіктер пойыз бағасында да бар көрінеді. Ол қанша көлемде?

Берік Алдамжаров,
Жарма ауданы

«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің және осы қоғамның «105» нөмірлі бірыңғай анықтама жүйесінің берген мәліметтері бойынша 25 сәуірден бастап Қазақстанда пойыз билетінің бағасы 10 пайызға қымбаттады. Қызмет көрсетуші бағаның көтерілуін эксплуатациялық шығындардың өсіп кетуімен байланыстырады. Пойыз билеті ең соңғы рет 2014 жылдың қаңтарында 7 пайызға көтерілген.
Бұрын «Защита-Алматы» бағытындағы 351-ші қарапайым пойыздың купелік билеті 4 403 теңге болса, енді 4 880 теңге болды. Қарапайым пойыздардың купе, плацкарт вагондарының бағасына жеңілдіктер жоқ болғанымен «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойыздарына 40 пайызға дейін жеңілдіктер қарастырылған. Егер жолаушы Астана, Алматы және ол жақтан облыс орталығына күн сайын жүріп жатқан бағыттардағы осы жүрдек пойыздарға күнібұрын алдын-ала билет сатып алып қойса 40 пайызға дейін (алдын ала сатып алынған күннің санына қарай) жеңілдік жасалады. Билетті «Тұлпар-Тальгоға» 45 күн бұрын сатып алған жолаушы 40 пайыз жеңілдік ала алады. Сонымен қатар, жүрдек пойыздарда белгілі бір әлеуметтік топтарды қолдау бағытындағы жеңілдіктер де қарастырылған. Мысалы, күміс және алтын алқалы аналарға «Ардақты ана» дисконттық картасымен -30 пайыз, мүгедек адамдарға «Қамқор» дисконттық картасымен-30 пайыз жеңілдік беріледі. Осы жеңілдікпен бірге оларға алдын-ала сатып алудың жеңілдіктері де көрсетіледі. Аталған тұлғалар темір жол кассаларынан сатып алуы қажет дисконтты карта құны 200 теңге тұрады.

Әзірлеген-Жанаргүл Көкенай

Осы айдарда

Back to top button