Постковидты синдром несімен қауіпті?
Өткен тәулікте Қазақстанда коронавирустық инфекцияның 230 жаңа жағдайы тіркелді. Облыста екі науқас анықталды. Елде пандемия басталғалы ковидтің 1 388 479 жағдайы расталған.
Елдегі ковидке қатысты эпидемиологиялық ахуал бірталай жақсарғанымен, осы індеттен өлім аузында жатқан науқастар әлі де бар. Үш жылда әлемнің ғалымдары мен дәрігерлері жұқпалы індетті ауыздықтаудың, тиімді емдеудің жолдарын тапты десек те, ауру кей жағдайларда өте ауыр өтетінін естен шығармау керек. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде 31 тамыздағы жағдай бойынша 17 824 адам (-17 486+ және 338 КВИ-) коронавирус инфекциясынан ем алуды жалғастыруда. Оның ішінде 573 пациент стационарларда жатыр, 17 251 пациент амбулаториялық деңгейде ем-дом қабылдап жүр. 18 науқастар ауыр халде, алты пациент аса ауыр халде, бес науқас ӨЖЖ аппаратына қосылған.
Дәрігерлер коронавируспен ауырып тұрған науқастардың көпшілігінде постковидты синдром дамитынын айтады. Симптомдар коронавирустық инфекцияның ауыр ағымы және созылмалы аурулары бар пациенттерде жиі және айқын көрінеді.
Егер ковидпен ауырған адам кейін денсаулығынан бұрын болмаған белгілерді байқаса, онда ол міндетті түрде терапевтпен немесе жалпы тәжірибелік дәрігермен кеңесу керек. COVID-19 инфекциясын жұқтырғандардың барлығында қанның оттегімен қанығуын арнайы құрылғы-пульсоксиметр арқылы тексереді. Сонымен қатар алты минуттық жүру сынағынан өтеді, спирометрия – демді жұту және дем шығаруды тексереді, рентгенография жасайды, тромбоздың пайда болу қаупін көрсететін D-димерді анықтай отырып, жалпы және биохимиялық қан анализдерін тапсыртады. Осы сараптамалардың қорытындысы негізінде дәрігер ем-дом тағайындайды, қажет болған жағдайда қосымша зертханалық және басқа тексерулер, мамандардың кеңестері қосылады.
Кейбір жағдайларда шипажайларда не оңалту орталықтарында оңалтудан өтуге жолдама беріледі. Дәрігерлер коронавирустық инфекциямен ауырғандарда айқын белгілер болмаса да, кезектен тыс медициналық тексеруден өтіп тұру керектігін ескертеді. Коронавирус барлық дерлік органдар мен жүйелерге зақым келтіреді, әсіресе қан тамырлары қатты зардап шегеді, тромбоз жиі байқалады, бұл белгілер бірден айқын білінбеуі де мүмкін. Дер кезінде ем қабылдамаса, адамның денсаулығы бір сәтте күрт нашарлап кетуі де мүмкін, тіпті аяғы ауыр жағдайға әкелуі ықтимал. Сол себепті мамандар ковидпен ауырып тұрғандарға өз денсаулықтарына тыңғылықпен қарауды ескертеді.
Айтпақшы, біздің облыста ковидпен ауырғандарды облыстық оңалту орталығында және кейбір емханалардың өздерінде сауықтыру бағдарламасы жұмыс істейді. Ол үшін учаскелік дәрігермен кеңесіп, жолдама алса жеткілікті.
Айна Ескенқызы