Пошта жәшігінің тарихы етіктен басталады
Қазіргі күні күнделікті өмірде көзбен көріп, қолмен ұстап жүрген пошта жәшігі көпшілік зерттеушілердің есебінше 1500 жылы дүниеге келіпті. Бір қызығы, жәшіктің қызметін алғашқы кезде кәдімгі етік атқарған екен.
Португалдық теңіз саяхатшысы Бартоломео Диаш 1500 жылы бірнеше кемеден құралған экспедициясымен ашық теңізде жүзіп келе жатып Оңтүстік Африка жағалауына келгенде қатты дауылға тап болады. Алапат толқындарға төтеп бере алмаған кемелердің тас-талқаны шығып қирап, ішіндегі біреуі ғана әупірімдеп жүріп жағалауға жеткен. Серіктерінен айырылып қалған ат төбеліндей ғана топ саяхатты ары қарай жалғастырудың мүмкін еместігін және жақын болашақта ол жерге көмек қолын созатын басқа кемелердің келмейтінін жақсы түсінген экспедиция мүшелері бастан кешірген қилы-қилы оқиғаларды түгелдей хатқа түсіреді. Қолжазбаны кейін осы жағалауға аяқ басқан біреулер тауып алып оқыр деген үмітпен етіктің ішіне салып, оны ағаштың басына іліп кетеді.
Шынымен де, бір жылдан кейін 1501 жылы капитан Джоао басқарған португалдық кеме аталған жағалауға келіп тоқтап, әлгі қолжазбаны тауып алады. Хатта жазылғандарды оқыған капитан қаза тапқан теңізшілерге арнап сол жерге шағын ғибадатхана тұрғызуға бұйрық береді. Уақыт өте келе, шіркеудің айналасына адамдар қоныстанып, еуропалық кентке айналады. Бұдан бірнеше жыл өткенде, тұрғындар Моссел Бей бұғазында алғашқы пошта жәшігіне арнап ескерткіш орнатады. Бетоннан құйылып жасалған бұл ескерткіш нағыз пошта жәшігінің қызметін атқаратын-ды. Алайда, оның сырт пішіні қазіргідей төрт бұрышты қорапқа емес, етікке ұқсатылып соғылған.
Әзірлеген – Серік Әбілхан