Мәдениет

Португалия еліне Қазақ өнерін паш етіп қайтты

Португалия еліне Қазақ өнерін паш етіп қайтты


Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясының мерейтойлық маусымын сәтті өткізіп, табысты аяқтағаны туралы газет оқырмандарын хабардар еткен болатынбыз. Оның ішінде өнер ұжымы есімін еншілеп отырған әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы КСРО делегациясы құрамында барып, зор қошеметке бөленген Франция еліне сапары да атап өтілген- ді.

Жуықта филармонияның «Кербез» фольклорлы ансамблі әлем елдерінің «Мәдениет және дәстүр» атты екі бірдей халықаралық фестивалі ұйымдастырылған Португалия еліне мемлекетіміздің атынан арнайы барып, өнер көрсетіп қайтты. Бұл жолғы гастрольдік сапар құрамында Нұрлан Төкей, Қадылбек Омаров, Зинура Абдолдинова, Әсем Дүйсенбаева, Динара Тыныбаева, танымал әншілер – Қазақстанның мәдениет қайраткерлері Толғанбай Сембаев, Мапруза Өтеуленова, биші Айнұр Асқар болды.

– Семейден шыққаннан кейін бізге Павлодар, Ақтөбе қалаларының бишілері, Астанадан үш аспапшы өнерпаз қосылды, – дейді филармонияның көркемдік жетекшісі Қадылбек Омаров. – Ал делегацияны Астанадағы Өнер ұжымының оқытушысы Дәурен Ғылымов басқарып барды.

Жолай Новосибирск қаласына ат басын тіреп, одан соң Мәскеуде болып, Қызыл алаңды аралаған қазақ елініің өнер иелері бұдан соң ұшақпен Испанияның астанасы Мадридке жетеді. Онда Қазақстанның елшілігінің өкілдері қарсы алады. Мадридтің әлемге әйгілі стадионын тамашалап, тарихи орындарды аралаған жерлестеріміз кешкісін автобуспен алты сағат жол жүріп, діттеген мекен – Португалияға табан тірейді.

– Бірінші фестиваль өткізілген Синфайш қаласындағы өнер мерекесіне Қазақстаннан басқа Түркия, Сербия, Эквадор, Аргентина, Колумбия, Панама, Жаңа Зеландия, Португалия елдерінің әншілері мен бишілері, аспапшы-музыканттары ат салысты, – деп алған әсерін ортаға салды филармония директорының орынбасары, аспапшы әрі әнші Зинура Абдолдинова. – Көрермендер өте көп болды. Бұған бір жағынан көшелердің көрнекті орындарына ауқымды афиша-жарнамаларының көптеп ілінуі де септігін тигізген болар. Ал екінші фестиваль Португалияның алғашқы астанасы Гимарайнш қаласында өткізілді. Кешкі сағат тоғыздан басталған мереке түннің бір уағына дейін ұласты. Осы екінші фестивальда оған қатысқан бес мемлекеттің туы көтерілді. Бірінші кезекті Қазақстан Республикасының алғаны мерейімізді бір өсіріп тастады.

Жалпы, дәл осындай өнер тойына біздің еліміз алғаш рет қатысқан екен. Демек, Семейден барған қазақ елінің өкілдері халқымыздың мәдениетін, рухани қазынасын Португалия жерінде тұңғыш рет паш етіп, тарихта қалар тағылымды шараға бастамашы болды. Осымен 39-шы мәрте ұйымдастырылған әлемдік деңгейдегі аса ауқымды мәдени-рухани мерекеге бірінші болып атсалысқан Семей мемлекеттік филармониясы ұжымының өнердегі мерейі арта түскені анық.

Мұрат Тастағанов

филармонияның әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Осы айдарда

Back to top button