Қоғам

Португалдар «неміс мәшинесін» тоқтата ала ма?

Португалдар «неміс мәшинесін» тоқтата ала ма?

Бразилияда футболдан өтіп жатқан Әлем чемпионатының төртінші күні артта қалды. Бес топтың құрама командалары алғашқы кездесулерін өткізді.

«А» тобының тұсаукесер матчында жарыс иелері – «пентакампеондар» хорваттарды 3:1 есебімен тізе бүктірсе, осы топтың екінші кездесуінде Мексика құрамасы Камеруннан басым түсті.
«В» тобында қазіргі Әлем чемпиондары – испандар ойламаған жерде қызғалдақты елдің өкілдерінен 1:5 есебімен күйрей жеңілсе, Чилидің намысын қорғаған жігіттер австралиялық қарсыластарын оңай ұтты.
«С» тобында Колумбия футболшылары гректер қақпасына жауапсыз 3 доп соғып, бұл кездесуде кім мықты екенін дәлелдеді. Бұл топтағы екінші жұпты құраған Жапония мен Кот Д Ивуар құрамаларының ойыны да тартысқа толы болды. Нәтижесінде Африкадан келген команда үш ұпайды еншіледі.
Мамандар биылғы біріншіліктің тағы бір сенсациясы деп Уругвай мен Коста-Рика құрамалары арасындағы матчты айтуда. Бұл жұптағы басты фаворит саналған уругвайлықтар «жорғасынан» жаңылғандай қарсыластарына 1:3 нәтижесімен есе жіберіп алды.
Сонымен қатар осыған дейін Англия-Италия, Швейцария-Эквадор, 15 маусымнан 16-сына ауған түні Франция-Гондурас, Аргентина-Босния және Герцеговина құрамалары бірінші кездесулерін өткізді. Бүгін, Астана уақытымен түнгі сағат 22.00-де биылғы әлем біріншілігінің фавориттерінің бірі саналатын Германия мен Португалия күш сынасады.
«Еуропалық бразилиялықтардың» капитаны, 2013 жылғы Әлемнің үздік футболшысы Криштиану Роналдудың жарақатына байланысты алаңға шығу, шықпауы туралы миллиондаған жанкүйердің көңілін күпті еткен мәселеге де нүкте қойылды. Португалдық супержұлдыз алғашқы ойынға қатысуға толық дайын екендігін мәлім етті. Футболды жіліктеп беретін аузы дуалы мамандардың айтуынша, бұл кездесудегі басымдық немістер жағына ауып тұр. Бірақ та Португалия құрамасы да оңай шағылатын жаңғақ емес. «Неміс мәшинесін» тоқтатуға олардың қауқары жеткілікті. Оның үстіне бұл топта АҚШ және Гананың бар екенін ескерсек, қос құрлықтан келген құрамалардың жеңісті оңай ұстата салмасы белгілі.

Біздің болжам

«G» тобындағы Германия-Португалия кездесуінде немістер 2:1 есебімен жеңеді деп болжап отырмыз. Осы топтағы екінші жұп Гана-АҚШ құрамалары арасында жеңімпаз «сары құрлықтың» өкілдері болуы тиіс. Сын сағаты туғанда жарқ ете қалатын ганалықтар қарсыласын айқын басымдықпен ұтуға әлеуетті. Біздің болжам – 3:1.
Ал Иран мен Нигерия матчында екі ұпай африкалық команданың қоржынына түсуі мүмкін. Біздің болжам – 1:2.
Маусымның 17-інен 18-іне ауған түні ойналатын Бразилия-Мексика құрама командалары кездесуінде тең нәтиже тіркелуі әбден ықтимал дейді мамандар. Алайда жарыс қожайындары Лондон Олимпиадасының финалында кеткен есені қайтаруға барын салатыны, оларға жергілікті жанкүйерлер мен алаңдағы «қара киімді адамдар» көмектесетіні белгілі. Біздің болжам – 2:1. Жеңіс «пентакампеондардың» еншісінде.

Джером Боатенг, Германия құрамасының қорғаушысы:

– Бір өзім ғана К.Роналдуды (Португалия құрамасының шабуылшысы) 90 минут бойы тоқтата алмаймын. Бұл ешбір қорғаушының қолынан келмейді. Оны тек командалық ойын арқылы ғана бейтараптандыруға болады. Біз Роналдудың еркін қимылдауына, айып алаңына пас шығаруына мүмкіндік бермеуіміз керек.

Бруну Алвеш, Португалия құрамасының қорғаушысы:

– Біз бәріміз Бразилияға үмітімізді үкілеп, тек жеңіске жету үшін ғана келдік. Алдағы ойынға болжам жасаудың қажеті жоқ. Себебі, футболда бәрі болады. Дегенмен топтағы басты қарсыласымыз Германия құрамасын бағаламау ағаттық. «Неміс мәшинесінің» мықтылығын бүкіл әлем біледі.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button