Полиция қызметкерінің өзі ұйымдастырыпты
Жасырын ойын мекемелерінің қызметіне заңнамалық тыйым салынғанына қарамастан, аталған салада заң бұзушылықтар жиі кездесіп отыр.
Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысы бойынша қаржы полициясы департаменті заңмен бекітілген жерлерден тыс орналасқан немесе қолданыстағы заңдарды бұза отырып қызмет ететін казино мен ойын автоматтары залдарын анықтап, жолын кесуді жалғастыруда.
Таяуда департаментке Өскемен қаласы Қазақстан көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде ақшалай ұтыс беретін ойын автоматтары залының жұмыс істейтіні туралы ақпарат келіп түсті. Жедел іздестіру шаралары барысында ақшалай ұтыс беру фактілері расталды.
2012 жылғы 21-мамырда аталған ойын автоматтары залы операторының ақшалай ұтыс беру фактісі тіркелді. Ойын залын қарау барысында 30 ойын автоматы алынды.
Бұл заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық істі тергеу барысында аталған заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушы – Өскемен қалалық ішкі істер басқармасының қызметкері екендігі анықталды. Ол заңсыз бизнестен табыс ала отырып, оның қызметіне қамқоршылық жасап отырған. Оған ҚР ҚК 269-1-бабының 3-бөлігі (Мемлекеттік функцияларды атқаруға өкілетті тұлғаның заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруы немесе жалпы қамқоршылық жасауы) бойынша айып тағылды.
және сыбайлас жемқорлықпен күрес
департаментінің баспасөз қызметі