Спорт

Плей-офф кезеңінен тыс қалды

Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы Ригадағы Әлем чемпионатының плей-офф кезеңінен тыс қалды. Бұл туралы топтық кезеңдегі Финляндия мен Канада арасындағы ойыннан кейін белгілі болды.

Айта кетейік, отандастарымызға доданың келесі кезеңіне өту үшін соңғы ойында жеңіске жету қажет болатын. Әйтпесе, келесі күнгі Финляндия мен Канада арасындағы ойында скандинавтардың негізгі уақыттағы жеңісі де жетіп қалар еді. Алайда бұл ойдың ешқайсысы жүзеге аспай қалды. Алдымен Қазақстан құрамасының өзі сүрінді. Тәп-тәуір басталған Норвегия командасына қарсы ойынның соңы қазақстандықтар үшін сәтсіздікке толы болды. Бірінші кезеңнен кейін 1:0 есебімен жеңіп жатқан жерлестеріміз қажетті нәтижені матч соңына дейін ұстап тұра алмады. Қорытынды есеп 1:3.

Дегенмен, Юрий Михайлистің шәкірттерінің плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігі әлі де бар еді. Ол үшін финдер Канада құрамасын негізгі уақытта тізе бүктіруі қажет болатын. Өкінішке қарай, бұл матчтың негізгі уақыты 2:2 есебімен аяқталды. Ал овертаймда (буллиттер сериясында) Финляндия хоккейшілері жеңіске жетті. Канадалықтар болса, жеңілгеніне қарамастан аса қажетті бір ұпайды еншілеп, В тобындағы төртінші орынға көтерілді. Есесіне, бұған дейін үздік төрттікті түйіндеп тұрған Қазақстан құрамасы бір сатыға сырғып, плей-офф кезеңіне өту мүмкіндігінен айырылды.

Еске салайық, былтыр элиталық дивизионда өнер көрсетуге мүмкіндік алған біздің хоккейшілер биылғы жаһандық додада бірнеше сенсацияның авторы атанды. Атап айтсақ, алдымен айдын иелері Латвия құрамасын (3:2) жеңген отандастарымыз одан кейінгі ойында Әлем чемпиондары – финдерден (2:1) басым түскен-ді. Сол сияқты, Қазақстан командасының соңғы Қысқы Олимпиадада тамаша өнер көрсетіп, финалға дейін жеткен Германия құрамасын 3:2 есебімен қапы қалдыруы да хоккей мамандары үшін күтпеген жайт болды. Ал Италия құрамасымен ойында жерлестеріміз қарсылас қақпасынан 11 мәрте саңылау тауып, жарыстың бір ойынында ең көп шайба соққан команда атанды. Десек те, топтық кезеңдегі қалған үш ойында хоккейшілерімізге сәттілік жолдас болмады. АҚШ-пен (0:3) және Канадамен (2:4) өткен матчтарда командамыздың жеңілісіне аса қатты қапалана қоймасақ та, жігіттеріміздің ортаңқол Норвегия құрамасынан ұтылуы жанкүйер қауым үшін ауыр соққы болғаны рас. Сөйтіп, атақты Канада құрамасымен бірдей (10) ұпай жинаған ұлттық құрамамыз жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды.

Дегенмен, биылғы Әлем біріншілігі қазақстандық хоккейсүйер қауымның есінде командамыздың тамаша ойынымен ұзаққа сақталып қалары анық.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button