Әдебиет

ӘПИТӨК

ӘПИТӨК


Зеңгір көктің тұнығы толы жалт-жұлт еткенжұлдыз. Сан жетпес сірә. Төбесінен төне жымың-жымың етеді. Теріскейден бұрала соққан самал жұп-жұмсақ болып бетін желпіп, кілгірленген көзі біржолата жұмылып бара жатты. Қалыңдау келген еріндерібұл өмірге өкпелеген сыңайлы бұртия түсе жұмылып, ұйқыға кетті.

Ол үйден таңалакеуімде шықты. Ауыл шетіндегі Баршынның ескі үйінің жанында Қабікен сушы тұр екен. Арбаға сүйеніп тұрғанына қарағанда мұнда келгеніне біраз болып қалған сияқты. Ыңғайсызданып қалып, жүгіре басып жетті. БірақҚанат пен Айгүлапай әлі көрінбейді.
-Қайырлы таң, ата, сәлеметсіз бе?!

-Е, ұйқың қанды ма? Ерте келдің ғой тіпті. Ерте әлі, қайда-а-а, мен де ертерек шығып кеттім бүгін.

Өзі танитын Қабікен қарт осы ауылдың сушысы. Тереңсай фермасының егіні, астығы ала жаздай осы қушиған қара шалдың қолында. «Қылша мойны талша»болып қашан көрсең кетпен-күрегін салдырлатып көшенің шаңын бұрқыратып кетіп бара жатқаны.

-Жә, қашан бітет оқуың?

-Биыл 1-курсты біттім, ата, енді төрт жыл бар ғой.

-Жөн, жөн.

Бұлар каналдың басына жеткенше бірсыпыра уақыт кетті. Білектей бұрымын төбесіне түйіп тастап, алымды- шалымды жұмыс істеп жатқан Айгүлге қарап тұр. Бағана өзі қашадан шыға бере жолдан оның үйіне бұрылғысы келгенімен, соқпай тура тартқан. Айгүл апай бұлардан екі үйден соң, көрші тұрады.Жазарын да, жазғанын да туған туысына, көрші-қолаңға айтпау, көрсетпеу өзінің әдеті. Бұл жолы да сөйткен. Аудандық газетке Тереңсай фермасының егін шаруашылығындағы іс-тәжірибесі, елге белгілі Қабікен сушы туралы жазуды мақсат еткен өзі онысын үйдегілерден де, көршісі Айгүлден де барынша жасырып, жауып ұстамақ ойда. Бірақ Айгүлдің келгені мұндай жақсы болар ма? Қырда Қарақастан Тораңғыға дейін, ойда Тереңсайдан Мұнара, одан Ақтүбекке дейінгі, Қоскөпірдің қапталындағы, Арқауылдың бергі бетіндегіалқаптың бәрін каналдың суымен суаратынын тізбектеп, түгендеп шығып, ауыспалы егістің, оған нәр беріп жатқан жаңбырлатқыштардың жай-жапсарына ауысқан Қабікен сушының ақпаратын санмен сипаттап, қай жерде қанша гектар егін суарылып жатқанын Қанат бастап, Айгүл апайы қостап тәптіштеп түсіндіріп бермесе, өзінің біршама деректен қағылып қалатын түрі бар екен. Биыл өндірістік практикасын ауылда өткізіп жүрген Қанат Жамбыл гидромелиоративтік институтында оқып жатқан өзіндей бірінші курстың студенті болғанымен егінжай мен судың қыр-сырын, егжей-тегжейін бес саусақтай біліп қалған сақа жігітболып көрінді көзіне. Көрші совхоздан көрінеді.
Атыз-атыздың басын биіктетіп жатып әңгімесін әрі қарай жалғастырған Қабікен сушы егінді суарудың, астықты бітік шығарудың айла-тәсіліне келгенде желдей есті. Оның күнге тотығып, жұқалтаң тартқан жүзіәңгімесін айтқан сайын жадырап, сан қатпарлы қыртысы жазылып сала берген маңдайынан шүп-шүп етіп ілезде тер шыққан.

Күн төбеге көтерілген шақта Қабікен сушы арбаның артындағы оншақты уықты алып, тоған арықтың жиегіндегі көк шалғынға жаппа тікті. Сосын резеңке табанды керзі етігін шешіп, ішіндегі шылғауын шөпке жайып, арбада бүктеулі жатқан көнетоз көпшікті әкеп жерге жайды. Қоңыр тақиясын шешіп, селдіреген ақбурыл шашын сулы қолымен артқа қарай жатқыза сипап қойды. Көгала дорбасынан үлке-е-ен домалақ қатырма мен бір уыс шақпақ қант алып шығып, бидонға құйылған сусын көжені көтеріп ортаға әкелді. Айгүл апай термоспеншай алып жүреді екен. Оған қарап отырып жарымжан анасын, жалғыз бауырын жаны қалмай бағып-өсіріп жатқан, өстіп ферманың қысы-жазғы бүкіл қара жұмысына жегіліп жүрген шаруақор қыздың алдағы өмірін ойлады. Отызға тақап та қалған болу керек. Кімге тұрмысқа шығар екен?

М -м, ту-у. Жап-жасыл шүйгін шөптің иісі мұрынынжарып барады. Арық жағасындағы балапан талдардың жапырақтары үлбіреп, желбіреп,сыбдыр-сыбдыр етті. Әлден уақытта зу етіп ұшып жеткен сары төс шымшық нәп-нәзік талдың жуандау бұтағына қанатын жая келіп қона кетті. Ащы ішектей иретілген қара жолдың қамысқа кіріп жоғалар тұсынан бір үйір жылқыны қуалап жүрген салт атты көрінді. Егінді қорыған ақыран болар. Басы қалт-құлт еткен сары шымшық пыр етіп қайтадан ұша жөнеліп, әлдебір шексіздікке сіңіп жоқ болды…

Арба үстіне отыра салысымен біраздан соң, Қабікен сушы ыңылдап ән бастады.

-Охо -деді Қанат, – е, бәсе,аға әнге басыңыз! Айгүлге қарап сығырая күлген сар жігіттің өзі де тамағын қырнап қойды сосын. Соған қарағанда қосыла айта ма деп қалған, бірақ үнсіз тыңдап қана отыр.

-Қа-мы-сы-ы-ы-ы әупілдектің мүше, мү-ше-е-е,
Сарғайдым осынау көлдің суын іше әпитө- ө- өк.
Қос қанат-т-т құсқа біткен маған бітсе-е-е,
Бармас па ем сәулетайға әлденеше, әпитө- ө-ө-к.

Сөйлесуге тіл хат жоқ,
Өздеріңдей бір зат жоқ.
Келсе қалқам көп кешікпей алыстан
Туған екен сол перизат асыл тек-к-к…

Бірте-бірте Қабікен сушы бұлардың бәрін ұмытты. Арбада жалғыз өзі келе жатқандай әуезді дауысымен жасыл даланы жаңғыртты. Бағанағы бағанағы ма, әннің әр сөзімен бірге шарықтап, қалықтап, ұшып кете жаздап отыр. Қабікен сушы сушы емес, әнші екен! Қарақасты қиялап өткенше Қабікен сушы «Әпитөкті» әй бір он рет айтқан шығар.Мұның көз алдына қара торы көрікті, байсалдыбойшаң бозбала келді. Қабікен сушы жасында тура сондай болған ау…

Түс ауа бұлар жазық даладағы көкорай егіннің бір шетіндегі жолмен шоқақтай отырып, Ақтүбектің беткейіне шыққан. Қыр басына көтерілгенде Қабікен қарт бұрнағы жылы қаңсып жатқан бұл алқаптың өзінен 25-30 центнер бидай алынғанын, жиырма бір жасында қара күзде дәл осы маңда қасқырға қалай тазы қосқанын, ана-а-ау жақтан қарауытқан ұзын бел мал қорада бірнеше жыл қой да баққанынкино лентасындай көз алдына келтіріп, суреттей айтып берді.

Арба үстіндегі төртеуі ауылға кеш батқанда ғана бет алды. Атты аяп келе ме, әлде баяу жүргенді қош көріп келе ме, Қабікен сушы таңертеңгідей шұбарға қамшы салған жоқ. Бір екі «Шу, шу» дегеніне шұбары да көне қоймады. Қос қанат-т-т құсқа біткен маған бітсе-е-е…
-Ата,«Әпитөкті» айтыңызшы, -деді ол егін басынан шыға бере Қабікен сушының шаршаңқы жүзіне жалтақтай қарап. Бастай жөнелді бөгелместен.
-Қамысы әупілдектің мүше, мүше-е-е,
Сарғайдым осынау көлдің суын іше әпитө- ө-ө-к.

Сөйлесуге тіл хат жоқ,
Өздеріңдей бір зат жоқ.
Келсе қалқам көп кешікпей алыстан,
Туған екен сол перизат асыл тек.

Басында әупілдектің мұнары бар,
Мойнында көк бестінің тұмары бар әпитө-ө-өк.

Әннің әсері ме, жоқ әлде көз алдында жанын баурап алып бара жатқан дархан даланың демі ме, әйтеуірөзінің де бойын әлдебір сезім кернеп, үн тербеп, Қабікен сушыға қосыла кеткен. Басындағыдай емес айналдырған екі-үш шумақты жаттап үлгерген сияқты. Қиқылдап, шиқылдап, тоқ-тоқ еткен төрт дөңгелек те, шұбатыла көтерілген шаң, шабандап қалған шұбар да жәйіне қалды. Әрі-беріден соң, әнге Қанат та, Айгүл апай да қосылған.Суға құмарын қандырып алып, асқақтай түскен көк алқап қана тыныш жатты төртеуінің әнін тыңдап.

Сөйлесуге тіл хат жоқ,
Өздеріңдей бір зат жоқ.
Келсе қалқам көп кешікпей алыстан,
Туған екен сол перизат асыл тек, а-у- у-у.
Бұлар салған «Әпитөкке» шұбардың да делебесі қозғандай желдіре жөнелді.
-Ә, бәлем, ауыл жақындаған сайын ширықтың ғой жануар,ә!

Енді шұбардың жүрісіне ақ арба шыдай алмай келеді. Ылдилы, өрлі жерлерде қайқаң етіп ауып та кете жаздайды. Ондайда шұбар жағдайды бірден түсініп, тұра қалады екен.Тағы бір ылдиға жеткенде арбалары шоңқиып, шұбар ат Қабікен сушыдан басқасының бәрін домалатып тастай жаздады. Қанат: «Байқа, құлап кетіп жүрме», – деп қолынан шап беріп ұстай алды. Бұл қолын тартып ала қойды. Күн аралата даладан тезек теріп, огород түптеген қолдары қап-қара болып кеберсіп, білегіне дейін күнге әбден күйіп күреңденіп кеткен болатын. Қанаттың қолы аппақ екен. Қыз болса да мұнікі қап-қара, масқара. Қап-қара қолдарын артына қарай тықты.

Бірер күннен соң Айгүл апай кешқұрым үйге келіп, ертең егінжай басына бірге баруын өтінді. Қуанып кеткені соншалық, апайын бас салып құшақтап алды. Қалайша бармайды. Барғанда қандай! Қабікен ата, Қанат, Айгүл апай, Ақтүбек! Бірақ бұл бара алмады. «Ертең үй ағартамыз, аптаның аяғында Жамал оқуына кетеді» деп жауап берді тәтесі Айгүлге. Қабырғаны ала терезенің тең ортасына дейін жетіп жиылып тұрған көп сандықтың ар жағында отырып жылап алған соң тәтесіне деген өкпесі, бойындағы өкініші бәрі де басылды.

Озат ферма туралы жазуға барған өзінің мақаласының аты «Әпитөк» болып көп ұзамай газет бетіне шықты. Бірақ бұл ол кезде Алматыға кетіп қалған болатын. Күзде Қанат аудандық газеттің өзінің мақаласы шыққан санын алып келіп вахтадағы апаға тастап кетіпті. Бұл жатақханада жоқ еді. Асығыс екенін, күзгі шақырылыммен өзі әскерге кетіп бара жатқанын, түстен кейін Алматы- Мәскеу пойызына отыратынын, оқуын әскерден соң келіп жалғастыратынын айтып тілдей хат жазып қалдырыпты.

«Әпитөктің» арқауы болған Қабікен сушы бүгінде жоқ. Одан бері талай су ағып, қамба-қамба астық алынған. Ал Қанат болса Кереку жаққа жолдамамен барып, сол өңірде тұрақтап қалған көрінеді. Айгүл апайыбақытын егін басынан тапқан екен, Ертістің арғы жағындағы колхоздан картоп жинауға көмекке келген «Камазшы» жігітке тұрмысқа шығыпты. Ұйыған отбасы бар. Қазір 60-тан асқанын айтқан жуықта бір жамағайын інісін көргенде.

Жамал Ермен

Осы айдарда

Back to top button