Білім

Педагогтің кәсіби стандарты не үшін қажет?

Жақында өткен Үкімет отырысында еліміздің оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов «Педагогтердің құзыреттілік шеңбері» «Педагог» кәсіби стандартының жылдың соңына дейін әзірленіп, тәжірибеге енгізілетінін айтқан болатын. Жалпы  кәсіби педагог стандарты не үшін қажет? Ол педагогтің үздіксіз дамуына қалай әсер етуі мүмкін? Кәсіби стандарттың елдегі білім сапасына  әсері қандай болмақ? Оны қолдану салалары қандай? Осы және өзге де сауалдарды «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ШҚО бойынша кәсіби даму институтының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Гауһар Сайлаубекқызы Жұмановаға қойған болатынбыз.     

 – Педагогтің кәсіптік стандарты  тәжірибеге енгізілген жағдайда білім беру саласындағы ең негізгі құжат болмақ. Жалпы стандарт дегеніңіз негізгі іргетас қой. Кәсіби стандартта  жалпы педагог қандай болуы керек, педагогтің кәсіптік құзыреттілігі,  ішкі адами қасиеттері, цифрлық сауаттылығы – барлығы қамтылған. Жаңа стандарт педагогтің біліктілігін арттырып, үздіксіз кәсіби дамуына мүмкіндік береді. Жалпы Мемлекет басшысы  білім саласына  үлкен көңіл бөліп отыр. Болашақ ұрпақ қандай болуы керек? Оларға қандай педагог білім беруі тиіс? Осы орайда педагогтің сапасын, деңгейін көтеру – басты мақсат,   – дейді  институт директоры Гауһар Жұманова.

Аталған құжат  Президенттің 1  қыркүйектегі Жолдауын іске асыру аясында әзірленіп отыр.  Олай болса, еліміздегі әрбір педагог Педагогтің кәсіптік стандартымен танысып, өз ұсынысын білдіруі керек.  Қазіргі кезде балабақшадан бастап жоғары оқу орындарында дейінгі білім беру ұйымдарының барлығында стандартты түсіндіру бойынша үлкен кампания жүріп жатыр.

– Жалпы дамудың тарихи процесін сақтау  қоғамның тұрақты дамуымен байланысты. Қоғамның үздіксіз дамуының қажетті әрі жеткілікті талабы – өмірде өз ойларын алға тартып, жүзеге асыра алатын адамдардың болуы.  Жеке индивидуумның санасында туындаған идеяларды тұтас қоғамның мүмкіндіктерін өркендету үшін қолдануға қабілетті және тұтас қоғамның мүмкіндіктерінің өркендеуін жаңа идеяларды тудыруға қабілетті индвидуумды қалыптастыру үшін пайдаланатын қоғам мүмкіндіктерінің өркендеуі неғұрлым жылдам қарқынға ие болады. Сондықтан  тұрақты дамуға қол жеткізетін жеке индвидуум мен қоғам мұмкіндіктерін толық, бірлесе пайдалану – қазіргі уақыт талаптарын қанағаттандыратын, бірақ келешек ұрпақтың өзіндік талаптарын қанағаттандыру мүмкіндіктеріне қауіп төндірмейтін даму. Дамудың шарттарын орындамау кез келген жүйенің өсуі мен дамуын тоқтататын жағдаят тудырады да, жеке индвидуум мен тұтас қоғамның арасындағы келіспеушілікке апарып соғады. Қоғамға қатысты мәселенің  барлығы жеке адамға да қатысты.

Дәл бүгінгі күні көпшілік назарына ұсынылып, педагогтер талқысына салынып отырған «Педагог стандарты» мемлекеттік жобасы да – осынау қоғамның үздіксіз дамуын талап етіп отырған мәселе.  Педагогті өзі таңдаған қызметінде ұстаудың бірден-бір тәсілі – оны сауатты да жоспарлы түрде осы мамандыққа қызықтыру,  – дейді Гауһар Сайлаубекқызы.

Оқу орындары алдымен жоғары кәсіби және менеджерлік әлеуеті бар педагогтерді анықтап алуы керек. Педагогтерге білім саласының, өзі жұмыс істейтін білім мекемесінің жоспарлары және өздерінің осы жазықтықтағы проекциясы мәлім болуға тиіс, бұл өзінің құндылығы мен пайдалылығын сезінуге, қамқорлықта екендігін білуге, өз құқығын толық білуіне мүмкіндік береді, сондай-ақ келешекте мансаптық өсуіне түрткі беретін болады. Соның салдарынан олар үздіксіз білім алуға, сапалы оқытуға мән бере қарап, қызметінен кетпейді, өйткені өздері мемлекеттің қамқорлығын сезінеді.

Осы себептен де «Педагогтің кәсіби стандарты» мемлекеттік жобасын талқылау – кезек күттірмес мәселе. Бұрындары бұл «ертеңгі күніне сенімді болу сезімі» деп аталатын. Талқылаудағы жоба егер педагог бойында осы сезімді тудыра  алса,  білім ұйымдарында мамандардың тұрақтылығы мәселесі шешілер еді. Ұсынылып отырған «Педагогтің кәсіби стандарты» білім бағдарламаларын қалыптастыруға, оның ішінде білім ұйымдарының қызметкерлерін оқытуға, білім ұйымдарының бітірушілері мен қызметкерлерін сертификаттауға арналған.

Кәсіби стандарт жобасында педагогикалық мамандықтың құндылығы, кәсіби стандарттың паспорты, мамандықтардың карточкалары  жан-жақты талданып көрсетілген. Сондай-ақ кәсіби стандарт жобасында  оқыту, тәрбиелеу, әдістемелік,  зерттеушілік,  әлеуметтік-коммуникативтік деген бес еңбек қызметі белгіленіпті.

Жобада педагог мамандығының құндылықтары  да айқындалған. Ол қандай құндылықтар? Білім алушының жеке басын, оның құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, басқа нанымдарға, әлемге және әдет-ғұрыптарға төзімділік, мәдени әртүрлілікке ашықтық, икемділік, бейімделу, эмпатия қабілеті, тұлға, тіл және коммуникация құндылықтарын түсіну, өзін-өзі оқыту, аналитикалық және сыни ойлау дағдылары, коммуникативтік және тілдік дағдылар, ынтымақтастық дағдылары, жанжалдарды шешу дағдылары.

Кәсіби стандарт жобасын Қазақстан ЖОО ассоциациясы, ТжКБ оқу орындарының ассоциациясы, Қазақстанның мұғалімдер ассоциациясы дайындаған көрінеді.

Жобаны көпшілікке түсіндіруде ұсынылып отырған мамандықтардың карточкалары осы мәселеде педагогтердің өз мамандықтары бойынша стандарттармен танысып, өз пікірлерін айтып, ұсыныстар беруге мүмкіндіктер береді.

Гауһар Жұманованың айтуынша, бүгінгі таңда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығына түсіндірме жұмысын жүргізуге министрлік тарапынан тапсырма беріліпті. Осыған орай, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ШҚО бойынша кәсіби даму институты «Педагогтің кәсіби стандарты» бойынша вебинарлар  және интерактивті сағаттар  өткізуде. Аталмыш шаралар нәтижесінде педагогтер квалификациялық категориялары бойынша құзыреттілік критерийлерін біледі.

Педагогтің нақты мамандығы бойынша құзыреттілігі мен критерийлерін сипаттайды. Педагогтердің негізгі және қосымша кәсіби қызметінің мазмұнынын талдап, өз ұсыныстарын білдіреді.

Дүниежүзілік стандарт бойынша заманауи педагог – бұл ерекше проблемалық-педагогикалық және сыни тұрғыдан ойлау қабілетіне ие шығармашыл тұлға. Кәсіби даярлық барысында педагог мамандығына, педагогикалық қызметтің мақсаттары мен міндеттеріне деген қызығушылық көзқарас қалыптасады. Ұсынылып отырған «Педагогтің кәсіби стандарты» мемлекеттік жобасын талдау, талқылауда да  облыс ұстаздары  өз көзқарас, пікірлерін білдіріп, осы іске  белсене атсалысуда.

«Педагог» кәсіби стандарты қабылданғанда, білім берудің барлық деңгейіндегі педагогтердің кәсіби даму треакториясының бірыңғай бағдарына айналмақ.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button