Білім

«Педагог мәртебесі» ұстаздардың мерейін өсіреді

 «Алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі» деген екен кезінде Мағжан Жұмабаев. Шынында да,  ол уақытта қазақ қоғамы үшін мұғалім ең мәртебелі мамандық еді ғой. Бірақ кейін келе мұғалім беделінің төмендеп кеткенін де ешкім жоққа шығармайды. Осы орайда   30 желтоқсанда  бекітілген «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заң мұғалімнің беделін көтеруге ықпал ете ала ма? Сіз жаңа заңмен таныстыңыз ба? Мамандар не дейді? Бүгін біз осы жаңа заң төңірегінде  кеңінен әңгіме қозғайтын боламыз.

«Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, «Педагог мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының әзірленуіне еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың  әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы педагогтардың тамыз мәслихатында айтқан тапсырмалары игі әсер еткені сөзсіз.  Халық арасында қызу талқыланғаннан кейін, 21 баптан тұратын еліміздің тарихындағы педагогтарға арналған тұңғыш заңды Үкімет бекітті.  Заңда қарастырылған нормаларды жүзеге асыру мақсатында 2024 жылға дейін бюджеттен 5 триллион 3 миллиард теңге бөлінетіні де белгілі болды.

  • «Жалпы ережелер», «Педагогтың мәртебесі және оның педагогикалық қызметі», «Педагогтың құқықтары», «Педагогтың міндеттері мен жауапкершілігі» сияқты негізгі бөлімдерден тұратын «Педагог мәртебесі туралы» Заңда мұғалімдердің мүддесін көздейтін көп жеңілдіктер қарастырылған.  Оның ешқайсысын да ұсақ-түйек деуге келмейді. Бұл еліміздегі 500 мыңнан астам мұғалімнің ортақ жеңісі,  – дейді  Өскемен қаласының білім беру бөлімі әдістеме кабинетінің математика, физика және экономика пәндері бойынша әдіскері Айбарша Нүрпейісова.  Иә, ол қандай жеңілдіктер? Айбарша Зейнолланқызы бізге заңда көрсетілген барлық игілікті саусақпен санағандай етіп  түсіндіріп берді.

Мұғалімге артық жұмыс жүктей алмайды

Енді ешкім де мұғалімнің мойнына кәсіби қызметінен тыс артық жұмыс жүктей алмайды. Мұндай жағдайда құқық бұзушы жауапқа тартылмақ. Ұстаздарға оғаш мінез көрсетіп, ар-намысына тиетіндер де жазасыз қалмайды. Олар әкімшілік жауапқа тартылып, педагогтың ар-намысына тигені үшін бірінші жағдайда 30 АЕК, екінші рет тағы қайталанса, 40 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Ал оқушының әдепсіз қылығы үшін ата-анасы жауап беретін болады. Бұл жағдайда да оқушының ата-анасы немесе оның заңды өкілі алғашында 20 АЕК, екінші рет қайталанған жағдайда 30 АЕК айыппұл төлемек.

Сонымен бірге, заңда жоғары оқу орындарының оқытушыларынан өзге барлық педагогтарға әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру жөнінде норма қарастырылған. Бұл норма бұрын ауылды жерде еңбек ететін мұғалімдерге ғана қатысты болатын. Педагогтардың балаларын тұрғылықты жері бойынша балабақшаға орналастыруда да басымдық беру көзделген.

Айбарша Нүрпейісова заңда мұғалімдерді материалдық жағынан ынталандыруға да зор көңіл бөлініп отырғанын айтып, оны да кеңінен тарқатып берді.   Енді  «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапатына ие болған ұстазға 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік сыйақы төленбек. Жаңа құжат бойынша өз білгенін кейінгі жас мамандарға үйретуден ерінбейтін тәлімгерлерге де  ай сайын 17 мың теңге көлемінде  ақы төлеу қарастырылған екен. Бұрын бұған ақы төленбейтін. Сондай-ақ 1 қаңтардан бастап ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесі бар мұғалімдер ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде үстемеақы алатын болды. Бұл мектеп мұғалімдері құрамының сапасын  арттыруға ерекше ықпал етпек. Сондай-ақ  мұғалімдерге сынып жетекшілігі, дәптер тексергендігі үшін  төленетін ақы да екі есеге артып отыр. Біліктілік санаты үшін мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының жалақысына да 30-дан 100 пайызға дейін қосымша ақы төленбек. Шәкірттері халықаралық олимпиада, түрлі байқау және спорт жарыстарында  жеңімпаз атанып, топ жарса,  мұғалімнің де мерейі үстем болып,  педагогтарға үш еңбекақы мөлшерінде сыйақы берілетін болады. Бұған дейін балабақшалардың тәрбиешілері, педагогтары 42 күн демалып келсе, енді олар  мектептегі педагогтар секілді 56 күн демалатын болды.

2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендету жөніндегі норма да енгізілген.

-Мұның барлығы педагог мәртебесін биіктетіп, оның кәсіби жағынан өсуіне ықпал етеді, – дейді Айбарша Нүрпейісова.

Зейнетке шығу жасы неге ескерілмеді?

-Жаңа жыл педагогикалық қауымдастық үшін жағымды жаңалықтарға толы болды. Қоғамда қызу пікірталас тудырған «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Президент тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бастап 4 жылдың ішінде мұғалімнің жалақысы екі есе ұлғаятын болды. Ел Үкіметі білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасын мақұлдады. Оқушылардың функционалдық сауаттылығы мен білімдерін практикада қолдану қабілетін бағалайтын әлемдік рейтинг бойынша алдыңғы 40 мемлекеттің қатарына кіру мақсаты көзделді, – дейді Семей қаласына қарасты Б.Исадилов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі бойынша меңгерушісі Нұрлан Балқашұлы Ибраев.  Десе де ол жаңа заң мұғалімдерге жаңа міндет,  зор жауапкершілік жүктейтінін айтады.

-Мұғалімдік қызмет көп қырлы, ол өз пәнін жетік білумен, балаға деген сүйіспеншілікпен шектелмейді. Мұғалім ең алдымен өзін-өзі жетілдіріп, тәрбиелейді, одан соң басқаларға тәрбие береді. Мұғалімнің кәсіби дайындығы қаншалықты жоғары болса да, ол өзінің жеке тұлғалық қасиеттерін үнемі жетілдіруге, кәсіби деңгейін жоғарылатуға міндетті. Мұғалім тек әдіс-тәсілді қолдануды ғана емес, баланың оқуына және ұжымда өз орнын табуына ыңғайлы жағдай жасауды естен шығармауы тиіс, – дейді ол.

Иә, заң бекітілді. Бірақ осы заң еліміздегі барша педагог қауымының көңілінен шықты ма? Заңның кемшілігі қандай? Білім және ғылым қызметкерлерінің Шығыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымындағы атқару комитетінің мүшесі Айгүл Мусина  педагогтардың зейнетке еңбек сіңірген жылдары бойынша шығу туралы баптың қарастырылмауы заңның негізгі кемшілігі деп санайды. Иә, заң жобасын әзірлеген жұмыс тобы мүшелерінің айтуынша да, мұғалімдерден келіп түскен ең көп ұсыныстар да осы зейнет жасын қысқартуға байланысты болыпты.

  • Шынында да, қанша жерден білімді, тәжірибелі мұғалім болсаң да, мектеп қабырғасында қырық жылдан артық еңбек ету әсте оңай емес. Әсіресе әйел адамға. Оның үстіне 2025 жылы әйелдердің зейнеткерлік жасы ерлермен бірдей теңестірілмек. Осы орайда біз, ер мұғалімдер 55, әйел мұғалімдердің 50 жаста зейнетке шығуы заңмен бекітілетін шығар деп көп үміт артып едік.   Өкінішке қарай,   үмітіміз ақталмады, – дейді глубокоелік  мұғалім Кенжегүл Рақышева.

Жалпы, кеңестік заманда білім беру саласында үздіксіз 25 жыл еңбек еткен педагог жасына қарамай зейнетке шыға беретін. Қазіргі уақытта бұл тәртіп көрші Ресейде әлі сақталып отырған көрінеді.

Сондай-ақ  заңда ұстаздар қауымы үшін  несиемен тұрғын үй алуда да ешқандай жеңілдіктің қарастырылмағанын айтқан орынды.

Қалай десек те, «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Жаңа заң  мұғалімдер қауымының құқығын қорғап, әлеуметтік жағынан ғана қамтамасыз етіп  қоймай, абыройын да асқақтататынына сенгіміз келеді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button