Мәдениет

Пасха мейрамын тойлады

Кеше барлық православ христиандарының ең қасиетті мейрамы – Пасханы өскемендіктер де салтанатпен мерекеледі. Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік ӘБДЕНОВ облыс орталығындағы Стрелка шағын ауданында орналасқан Андрей Первозванный соборына арнайы барып, жұртшылықты мерекемен құттықтады, салтанатты мінәжат ету рәсіміне қатысты.

Пасха мейрамын тойладыЖиналғандардың алдында сөз сөйлеген ол елімізде дінаралық татулық пен ұлтаралық келісім салтанат құрып отырғанын, барлық халықтардың салт-дәстүрі үлкен құрметке ие екенін атап өтті.

– Құрметті жерлестер, сіздерді және аймағымыздың барлық христиандарын облыс Әкімінің, өңір тұрғындарының атынан шын жүректен осынау ең басты діни мейрамдардың бірі – Пасха мерекесімен құттықтаймын. Барша этностардың өзара ынтымақтастығы, діни наным-сенім бостандығы қай заманда болмасын Қазақстан қоғамының негізгі ерекшелігі болатын. Бүгінгі таңда біздің жас мемлекетімізде 132 ұлттың, 47 дін мен конфессияның өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың көздеген мақсаты да айқын – бейбітшілікті сақтап, ортақ Отанымыздың өсіп-өркендеуі жолында еңбек ету.

Қазақстанды бүкіл әлем бірлік пен келісімнің киелі бесігі ретінде қабылдайды. Дәстүрлі діндер қоғам өмірінде ерекше рөл атқарып, жалпы адами асыл қасиеттерді насихаттайды. Қазіргі кезде орыс православ шіркеуінің тек біздің облыста ғана 38 өкілдігі бар. Жыл сайын жаңа шіркеулер салынып, ескілері қалпына келтірілуде. Былтыр Шығыс Қазақстан аумағында Өскемен мен Семей епархиясының құрылғаны да христиандар үшін қуанышты жағдай болды.

Бүгін көмекке мұқтаж жанның баршасына қамқорлық көрсетіп, мейір-шапағат төгетін күн, ендеше бір-бірімізге қайырымды болайық! Баршаңызға бақыт, денсаулық, отбасыларыңызға игілік пен құт-береке тілеймін, – деді Серік ӘБДЕНОВ.

Өз кезегінде Өскемен және Семей өңірінің епископы Амфилохий Серік ӘБДЕНОВКЕ ризашылығын білдіріп, қызметіне табыс пен сәттілік тіледі. Ол, сондай-ақ, облыс басшылығына көрсетіп отырған құрметі және қолдаулары үшін Шығыстағы барша православтар атынан алғысын айтты.

Іс-шара барысында Қасиетті Троицк ерлер монастіріндегі жексенбілік мектептің шәкірттері Пасха мейрамына қатысты әндер шырқады.

P.S. Пасха – христиан дінінің ең маңызды мейрамы, Иса пайғамбардың өліп, қайта тірілуінің құрметіне тойланады. Ол көктемгі күн мен түннің теңесуінен кейінгі алғашқы жексенбіде атап өтіледі. Дәл осы күні христиандар шіркеуге барып, діни жоралғылар жасайды. Пасха мейрамында адамдар бір-біріне деген ренішін ұмытып, кешірім танытады, жоқ-жітікке қол ұшын береді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button