Партиялар Мәжіліске қанша кандидат ұсынды?
Өткен аптада кезектен тыс Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну аяқталды. Еліміздің басты саяси додасына ресми тіркелген барлық партиялар қатысу мүмкіндігіне ие. Ал сайлау барысын халықаралық байқаушылар жіті қадағаламақ.
8 ақпан күні жергілікті уақытпен сағат 18.00-де барлық өңірде Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарына кандидаттарды ұсыну аяқталды.
Ал 9 ақпан күні Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну қорытындысын жария етті.
Комиссияға барлық партия партиялық тізім арқылы додаға түсетін кандидаттарының тізімін ұсынды. Тізімде 283 кандидат бар. Оның ішінде партиялық тізім арқылы Қазақстан халық партиясынан – 52, «Ақ жол» партиясынан – 54, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан – 19, «Байтақ» жасылдар партиясынан – 18, «Ауыл» партиясынан – 25, Respublica партиясынан – 25, Amanat партиясынан – 90 кандидат. Дәл осы кандидаттар Мәжілістегі 69 мандат үшін тартысқа түседі. Айта кетерлігі, Орталық сайлау комиссиясына кандидаттардың атынан тапсырылған құжаттар «Сайлау туралы» Заңға сай келеді.
– Саяси партияның партияға мүше болмаған тұлғаны тізімге қосуға құқығы жоқ. Партиялық тізімге қосылған тұлғалар саны саяси партиялар арасында бөлінетін депутаттық мандаттың белгіленген санынан 30 пайызға асып кетпеуі тиіс. Бұл – ары кеткенде 90 адам, одан төмен де болады. Партиялар партиялық тізім саны қанша болатынын дербес анықтады, – деді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.
Ал Мәжіліс депутаты сайлауында 29 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша 609 кандидат ұсынылған. Жалпы, республика бойынша әр сайлау округіне орташа бәсекелестік 21 кандидатты құрайды.
Мәжіліс сайлау кезінде саяси партиялардың тізімдерінде «Сайлау туралы» Заңға сәйкес әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген 30 пайыздық квота толығымен ескерілген.
Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және Астанада – 334, аудандарда – 2130, қалаларда 617 адам мәслихаттардың депутаты болып сайланады. Мандаттардың жалпы саны – 3081. Кандидаттарды бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша ұсыну қорытындыларына сәйкес, орташа бәсекелестік бір орынға 4,3 кандидатты құрайды.
Барлық деңгейдегі мәслихаттар бойынша 119 партиялық тізім болды. Аталған тізімде 1471 кандидат бар. Мажоритарлық округтер бойынша мәслихаттарға – 11844 кандидат. Жалпы, Мәжіліс пен мәслихаттар бойынша 14 207 кандидат ұсынылды.
Орталық сайлау комиссиясының кандидаттарды тіркеу рәсімі 18 ақпанға дейін жалғасады. Ал сайлауалды үгіт тіркеу аяқталған күні сағат 18-00-де басталып, 18 наурыз күні сағат 00.00-ге дейін жалғасады. 18 наурыз – тыныштық күні. 19 наурыз – сайлау күні.
Мемқызметші сайлауға қатыса ала ма?
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың мәліметінше, мемлекеттік қызметшілер кез келген ел азаматы сияқты депутаттар сайлауына қатыса алады.
Олардың партиялық тізімге ену мүмкіндігі бар. Сонымен қатар олар Конституция талабына сай мажоритарлық жүйе арқылы да кандидатурасын ұсына алады.
Дегенмен сайлауалды үгіт науқаны басталған кезде мемлекеттік қызметші еңбек демалысына шығуы тиіс. Ал ол депутат болып сайланған жағдайда мемлекеттік қызметін қатар алып жүре алмайды.
Ержан Кеңесұлы