Париж де алыс емес

Зыряндық бишілер биіктен көрінді. «Гармония» деп аталатын халықтық би ансамблінің өнерпаздары екі бірдей республикалық байқауға қатысып, бақандай он жүлдені олжалады. Оның сегізі – ең үздіктерге берілетін марапат.
Аталған би ұжымының шаңырақ көтергеніне келер жылы 60 жыл толады. Осы уақыттың тең жартысынан астамы Надежда Абрамованың ансамбльге жетекшілік етуімен өтті. Бұл аралықта жүздеген би дүниеге келіп, көрермен көзайымына айналып үлгерді. Ал ондай ғажайып туындыларды жоғары деңгейде орындай білген өнерпаздар аудан былай тұрсын, республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып қуантты.
– Бишілердің табысы – біздің ғана емес, бүкіл ауданның мақтанышы, абыройы, – дейді Мәдениет және спорт сарайының директоры Раиса Карагужина. – Аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов айтқандай, Зырянның атын өнеркәсіп өкілдерінің жетістіктері ғана емес, сонымен қатар шығармашылық ұжымдарының жеңістері де шығарады. Хореографтар Надежда Абрамова мен Лариса Регурецкая – өз ісінің нағыз шеберлері. Олардан тәлім алған біздің балалар үнемі жеңіс тұғырынан көрінеді. Байқауға барған бишілердің шығындарын көтеріп, ұдайы қолдау көрсетіп отыратын аудан әкімдігі мен «Қазцинк» ЖШС-нің басшылығына алғыстан басқа айтарым жоқ.
Биыл көктемде зыряндық өнерпаздар Алматыда өткізілген «Рауан» байқау-фестивалінде жарқ етіп көрініп, оңтүстік астанадан жүлделі орындардың бірін қанжығалап қайтқан. Таяуда тағы да олжалы болды.

– Он жылдан бері біз оқу арасындағы демалысты Астана мен Алматыда өткізіп келеміз. Биыл да бұл дәстүрді бұзбадық. Жақында біздің ансамбльдің 17 бишісі Алматыда өткен «Күншуақ» және «Жас таланттар» деп аталған екі бірдей байқауға қатысып, қоржынымыз тоқ қайтты, – дейді Надежда Абрамова.
Жетекшінің айтуына қарағанда, еліміздің түкпір-түкпірінен мыңға тарта бала жиналыпты өнер додасына. Дегенмен жүлдеге үміткерлердің көптігі жерлестерімізді жігерлендіре түспесе, мысын баса алған жоқ. «Күншуақ» байқауында олар екі аталым бойынша сынға түсіп, «Синяя птица», «Перышко», «Микс» және «Давай зажжем!» қойылымдарын көрсетті. Нәтижесінде – екі Гран-при! Одан бөлек Валерия Воротникова мен Богдана Понкратьеваның дуэті екінші орынды еншіледі.
«Жас таланттар» байқауында ең жоғары жетістік бірінші орын болды. Алтын медальдің алтауын алды жерлестеріміз. Жұптасып және жекелей өнер көрсеткендер ішінде Арина Чилимова, Дарья Огнева, Богдана Понкратьева және Валерия Воротникованы ерекше атап өткен дұрыс. Сонымен қоса үлкен топтағылар заманауи үлгідегі «Микс» биімен, ал кіші топтағылар «Мишки-мармеладки» биімен бірінші орынды жеңіп алды. Ал балдырғандардың «Ежики» деп аталған биі үшінші орынға лайық деп танылды.
Мамандардың пікірінше, осындай байқаулар балаларды бір-бірімен достастырып, жақындастырып қана қоймай, дамуға тың серпін береді.
– Осы сапар барысында біз балалармен бірге «Хабар» телеарнасы ұйымдастырған тікелей эфирге қатыстық. Сонымен қатар жерлесіміз, кезінде біздің Мәдениет сарайында біраз уақыт бимен айналысқан, қазіргі уақытта «Биле, Қазақстан» би шоуына қатысып жатқан Алексей Ануфруевке қолдау көрсеттік. Несін сұрайсыз, көңіл-күйіміз көтеріңкі болды, – дейді Лариса Регурецкая.
Алматының тәкаппар да талғампаз көрермендерін мойындатып, лайықты бағасын алып қайтқан зыряндық бишілердің ендігі мақсаты – Астана жұртына айта жүрер қойылым сыйлау. Одан арыға қол созсақ, әлемдік өнердің әйдік өкілдері бас қосатын Париждің сахнасы да алыс емес.
Оксана Сосновкая
Материал Зырян аудандық ішкі саясат
бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді