Парасат Отан «Жас қанат-2016» байқауының лауреаты атанды
Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен 25-ші «Жас қанат» республикалық байқауының ақтық сынында Семей қаласының атынан қатысқан Парасат Отан бас бәйгені қанжығасына байлады.
22 жастағы жас өнерпаз ерекше дауысымен көрерменді баурап, 349 ұпаймен озып шықты. Ал екінші орынды қарағандылық «Үш жүз» тобы еншілесе, үшінші орын Оралдан келген жас орындаушы Айбек Дәулетқалиевке бұйырды.
Қазақ эстрадасындағы көптеген жұлдыздардың жолын ашқан, жас әншілердің елге танылуына мүмкіндік беретін бұл жобаның алар орны ерекше. Сондықтан болар, «Жас қанат» байқауын біздің облысымыздың намысын қорғауға сегіз адам жолдама жеңіп алған болатын. Соның ішінде ақтық сынға дейін өткен семейлік Парасат Отан мен өскемендік Малика Ахметжанова жүлделі оралды.
Байқаудың бас жүлдесіне ие болған Парасат Отанның мамандығы – музыка пәнінің мұғалімі. Қазір ол Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясында жұмыс істейді.
– Репертуарға шектеу қойылған жоқ. Бірақ әннің ұзақтығы үш минуттан аспауы керектігін алдын ала ескертті. Мұнда жас ерекшелігіне байланысты 30 жасқа дейінгі жастар бағын сынады. Шынымды айтсам, бас жүлдесін жеңіп аламын деп ойламаппын. Осы сәтті пайдалана отырып, алғашқы ұстазым Аймұхамбет Бейсембековке алғысымды білдіремін, – дейді Парасат Отан.
Өскемендік Малика Ахметжановаға Астана қаласы әкімдігінің арнайы сыйлығы тапсырылды.
Ажар Сағатбекова