Жаңалықтар

Пандемиядан кейін қайта жанданды

Ынтымақ Толқын

«Жас Ұлан» әскери-спорттық ойынының облыстық финалы өтті. Өскеменде ұйымдастырылған сайысқа 10 ауданнан келген оқушылар қатысты.

Облыстық білім басқармасының дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығының жұмыс жоспарына сәйкес өткен ойынның мақсаты – балаларды патриоттық және әдептілік рухта тәрбиелеу, жастардың азаматтық және адамгершілік ұстанымын қалыптастыру және балаларды қосымша біліммен қамту.

– «Жас Ұлан» әскери-спорттық ойыны осымен бесінші мәрте өткізіліп отыр. Әлемдік пандемия кезінде бұл сайысты тоқтатуға мәжбүр болдық. Қазір қайта жанданды. Ойынға әр ауданнан келген 10 команда қатысуда. Бірінші сайыс бойынша барлығының дайындығы жақсы екені көрініп тұр, – дейді Ұлттық ұлан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөлімінің командирі Серік Тұрғынұлы.

Жарыс жолына шыққан 9-11 сынып оқушылары саптық ән шырқау, тарихи-іздеу зерттеу жобасын қорғау, атыс даярлығы, әскери кросс, белтемірге тартылу сынды бірнеше бағытта бақ сынады.

– Әскери-спорттық жарысқа бірінші рет қатысып отырмыз. Зайсан ауданында өткен іріктеуде ең мықты оқушылар жасақталды. Жаңа ғана сапта тұрып, ән шырқадық. Жоғары деңгейде өнер көрсеттік деп ойлаймын. Сайысқа тыңғылықты дайындалдық. Жақсы нәтиже көрсететінімізге сенімдімін, – дейді «Жас қыран» командасының мүшесі Жарқын Алмасұлы.

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Глубокое ауданының командасы иеленсе, екінші орынды Алтай, үшінші орынды Зайсан аудандарының оқушылары жеңіп алды.

Айта кетейік, облыстық кезеңде үздік нәтиже көрсеткен команда республикалық «Айбын» әскери-спорттық сайысында өңір намысын қорғайды.

 

Осы айдарда

Back to top button