Пандемиядан жолаушы тасымалы да жапа шекті
Азамат Темірбеков
Коронавирус пандемиясы кезінде өңірдегі жолаушы тасымалы 25 пайызға төмендеп, тасымалдаушылардың қаржылық жағдайы нашарлап кеткен.
Облыстық мәслихаттың кезекті ХХ сессиясында Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы шекарасының өзгеруіне байланысты әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттарын субсидиялауға қатысты бұған дейін қабылданған құжатқа бірқатар өзгеріс енгізілді. Аталмыш құжатта облыс құрамынан Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті аудандары мен Семей, Курчатов қалаларының шығарылуына байланысты өзгерістер болды. Атап айтсақ, әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізімінен Абай облысына қарасты Семей қаласына және бес ауданға қатынайтын автобус бағыттары шығарылды.
Дей тұрғанмен, оның орнына бұл тізбеге Өскемен қаласының маршруттық қатынастары мен аудандар арасында жүретін автобус бағыттары енгізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, маршруттарға әлеуметтік маңыз беру оларға субсидия бөлуге қатысты мүмкіндікті ұлғайтатын көрінеді. Бұл өз кезегінде жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырып, көлік қатынасының тұрақты қамтамасыз етілуіне жағдай жасайды.
Өңірде коронавирус инфекциясының таралуына байланысты жолаушылар қатынасының қызмет көрсетуіне 2020 жылы екі рет, былтыр бір рет бірнеше ай мерзімге тыйым салынған болатын. Осының әсерінен тасымалдаушылар жалпы уақыты 12 ай бойы жұмыссыз тұрып қалып, олардың экономикалық және қаржылық жағдайларының әлсіреп, жолаушылардың жол мұраты орындалмай қалды.
Жалпы, пандемияға дейін облыс бойынша 83 қалааралық облысішілік маршрут жұмыс істеген. Қайта қосылғаннан кейін кейбір бағыттар қысқартылып, енді бірі тоқтатылды, тағы бірінен жолаушылар легінің болмауына байланысты тасымалдаушылардың өздері бас тартты. Осылайша, бұл маршруттардың саны 62-ге қысқарды.
Соның салдарынан заңсыз такси тасымалдаушылары, талап етілмеген автобус маршруттары көбейді. Сондай-ақ соңғы уақытта аймақта автовокзал, автобекеттердің және жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінің жүргізушілері мен жұмыскерлері арасында кадр жетіспеушілігі байқалды.
Осыған орай, облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандары облысішілік маршруттарға транспорттық компаниялармен бірлесе отырып тұрақты тасымалдаушылардың қызметін қалпына келтіру үшін қажетті қаржы көлеміне алдын ала талдау жүргізіп, субсидиялауға жататын маршруттар тізімін анықтады. Атап айтсақ, қазіргі уақытта бұл тізімге Өскемен қаласы бойынша – 55, Риддер қаласы бойынша – 15, Глубокое ауданында – 3, Алтай ауданында – 11, Зайсан ауданында – 10, Катонқарағай ауданында – 6, Күршім ауданында – 7, Тарбағатай ауданында – 2, Шемонайха ауданында 6 автобус бағыты енгізілді. Сонымен қатар субсидиялауға 32 ауданаралық автобус маршруты қосылды.
Айта кетсек, бұған дейін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айжан Рахимбаева өңірде автокөлік қатынасын субсидиялау көлемі 40 пайызға артқанын хабарлаған болатын. Оның айтуынша, өңірде жыл сайын облыстық бюджеттен тарифтердің халыққа қолжетімді деңгейін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік маңызы бар қатынастарды қаржыландыруға қаражат бөлінеді. Мәселен, биыл өңірдің автобус қатынастарына 1662,1 миллион теңге бөлініп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға артқан. Аймақта 76 қалалық, 32 облысішілік, 39 ауданішілік бағыттардан тұратын әлеуметтік маңызы бар бағыттардың тізбесі бекітілгенін айтқан ол бөлінген қаражаттың 1 604 миллион теңгесі қалалық, ал 58,1 миллион теңгесі аудандық деңгейдегі бағыттарға берілгенін атап өтті.
Бұдан бөлек, биыл теміржол қатынастарын субсидиялау үшін 612,3 миллион теңге бөлінсе, келер жылы 430,2 миллион теңге бөлу жоспарланған.
Әлеуметтік маңызы бар теміржол қатынастарының тізбесіне «Өскемен-1 – Алтай», «Өскемен-1 – Риддер», «Өскемен-1 – Жалаңашкөл – Достық», «Семей – Жалаңашкөл – Достық» бағыттары енгізілді. Оған қоса биыл әуе қатынасы үшін 284 миллион теңге бөлініп, барлығы сегіз айда әуе көлігімен 5,7 мың жолаушы тасымалданған. Келер жылы бұл салаға 174 миллион теңге бағыттау жоспарлануда.
Сонымен қатар Өскемен, Алтай және Зайсан қалаларында аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың тегін жол жүруіне 140,5 миллион теңге бөлінген.